ВС РК - Постановление от 18.12.2024 по делу 6001-24-00-3гп/491 (Гражданское)

6001-24-00-3гп-491

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 18-желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар М.Т.Балкен мен Б.Р.Ералиеваның,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілдері М.А.Джургенбаеваның, М.А.Нугманованың,

жауапкерлер: «Кенжебек» атауымен әрекет етуші К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкерінің өкілі А.Б.Маликованың, «Қызылорда Мұнай Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі А.Н.Киргизбаевтың, «Global Alatau Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі Ж.М.Менбаеваның, «Пикет LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Р.Насрадиновтың, «Рысдаулет» атауымен әрекет етуші Р.Ә.Әбибулланың қатысуларымен,

талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма, Салық органы), жауапкерлер «Кенжебек» атауымен әрекет етуші К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкерге (бұдан әрі-ЖК «Кенжебек»), «Қызылорда Мұнай Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС), «Global Alatau Group» ЖШС, «Пикет LTD» ЖШС, «Рысдаулет» атауымен әрекет етуші Р.Ә.Әбибулла жеке кәсіпкерге (бұдан әрі – ЖК «Рысдаулет»):

  • «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС мен ЖК «Кенжебек» арасындағы жалпы сомасы 101 647 958 теңгеге, қосымша құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) 0 теңгеге 2021 жылғы 10-қыркүйектегі № 1 шартты, 2021 жылғы 13-қыркүйектегі № 257/1 шартты, 2023 жылғы 5-қаңтардағы шартты, 2023 жылғы 1-наурыздағы № 2 шартты, 2023 жылғы 12-маусымдағы № 318/1 шартты, 2021 жылғы 8-қыркүйектегі № ESF-84121030181220210908-88457383, 2021 жылғы 26-қазандағы № ESF-84121030181220211026-75654421, № ESF-841210301812-20211026-75995411, 2021 жылғы 29-қазандағы № ESF-841210301812-20211029-81571172, 2021 жылғы 7-желтоқсандағы № ESF-841210301812-20211207-52877883 электронды шотфактуралармен (бұдан әрі - ЭШФ) дәлелденетін мәмілелерді жарамсыз деп тану;

  • «Global Alatau Group» ЖШС мен ЖК «Кенжебек» арасындағы жалпы сомасы 17 720 000 теңгеге, ҚҚС 0 теңгеге жасалған 2022 жылғы

27- қыркүйектегі № 1 шартты, 2023 жығы 24-наурыздағы № 03-03/23 шартты жарамсыз деп тану;

  • «Пикет LTD» ЖШС мен ЖК «Кенжебек» арасындағы жалпы сомасы 13 787 430 теңгеге, ҚҚС 0 теңгеге жасалған 2022 жылғы 1-мамырдағы № 1 шартты, 2023 жылғы 15-мамырдағы № 3 шартты жарамсыз деп тану;

  • «Кенжебек» ЖК мен «Рысдаулет» ЖК арасындағы ЭШФ-мен дәлелденетін жалпы сомасы 2 039 400 теңге, ҚҚС 0 теңгеге жазылған 2021 жылғы 11-қарашадағы № 17 шартты, 2022 жылғы 17-сәуірдегі № 2 шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-сәуірдегі қаулысына Басқарманың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 9-қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Даулы шарттар жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары өндірілген. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Өтінішхатта Басқарма апелляциялық сатыдағы сотпен істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актісінің күшін жойып, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

ЖК «Кенжебектің» өкілі А.Б.Маликованың, «Global Alatau Group» пен «Пикет LTD» ЖШС өтінішхатқа қарсы пікірлерінде апелляциялық сатыдағы соттың қабылдаған сот актісін күшінде, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша Басқарма өкілдері М.А.Джургенбаева, М.А.Нугманованың өтінішхатты қолдаған түсініктерін, ЖК «Кенжебектің» өкілі А.Б.Маликованың, «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-нің өкілі А.Н.Киргизбаевтың, «Global Alatau Group» ЖШС-нің өкілі Ж.М.Менбаеваның, «Пикет LTD» ЖШС-нің директоры Р.Насрадиновтың, ЖК «Рысдаулеттің» Р.Ә.Әбибулланың, дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырып, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған

қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін, оған қарсы пікірлерді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.

Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.

АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.

Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.

Іс құжаттарынан анықталғандай, «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС 2019 жылғы 10-сәуірде Басқармаға салық төлеуші ретінде тіркелген. Негізгі қызмет түрі: «Автомобиль бензиндері мен дизельдік отынды көтерме саудада сату». Жалпыға бірдей салық режимімен жұмыс істейді, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген. Бюджетке төлеген салығы: 2021 жылы 106 839 396 теңге, 2022 жылы 201 065 159 теңге. 2021 жыл үшін жылдық жиынтық табысы 10 869 837 780 теңге, 2022 жылғы жылдық жиынтық табысы 12 609 360 572 теңге. 2021-2022 жылдар аралығында жалдамалы жұмысшы саны 200 адам. 2021 жылға салық жүктемесі 0,1%, 2022 - 0,2%. Тәуекел дәрежесі орташа дәрежеде. Салықтар бойынша бет есепте берешек қарыз сомасы жоқ. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша орындалмаған хабарламалары жоқ. Сенімсіз салық төлеушілермен өзара есеп айырысу болмаған.

«Global Alatau Group» ЖШС заңды тұлға ретінде 2005 жылғы 19-қазанда Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелген. Негізгі қызмет түрі: «Жалға беру және өзінің мүлкін басқару». ҚҚС төлеушісі ретінде 2010 жылғы 1-мамырда тіркелген. Салық режимі: жалпыға бірдей тәртіппен жүргізеді.

«Пикет LTD» ЖШС заңды тұлға ретінде 2009 жылғы 13-қыркүйекте Басқармада тіркелген. Негізгі қызмет түрі: «Темір жолды пайдалану». ҚҚС төлеушісі ретінде 2006 жылғы 1-наурызда тіркеліп, 2016 жылғы 20-маусымда шыққан. Салық режимі: жалпыға бірдей тәртіппен жүргізеді.

ЖК «Кенжебек» Басқармада 2021 жылғы 1-маусымда тіркелген. Қызмет түрі «Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге қызметтерді ұсыну». 2012 жылғы 1-маусымнан бастап оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимiмен жұмыс жасайды. ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелмеген. Бақылау касса машинасы тіркелмеген. Мемлекеттік сатып алуға қатыспаған. 2021-2023 жылдар аралығында бюджетке төлеген салық сомасы

613 284 тенге. 910.00 салықтық декларациясындағы кіріс сомасы: 2021 жылға 36 503 175 теңге; 2022 жылға - 59 163 593 теңге; 2023 жылдың 1-жартыжылдығына - 21 309 910 теңге көрсетілген. Жалдамалы жұмысшылары жоқ.

2021 жылға салық салу жүктемесі 0%, 2022 жылға - 0%. Тәуекел дәрежесі 2021-2022 жылдары орта деңгейде. Салықтар бойынша бет есепте қарыз сомасы, камералдық бақылау нәтижесімен орындалмаған хабарламалары жоқ. Сенімсіз салық төлеушілермен өзара есеп айырысу болмаған, шет елден және ЕАЭС елдерінен экспорт мен импорт болмаған.

ЖК «Рысдаулет» 2019 жылғы 4-сәуірде Басқармада тіркелген. Негізгі қызмет түрі: «Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге қызметтерді ұсыну». ҚҚС төлеушісі ретінде 2020 жылғы 17-қыркүйекте тіркелген. Салық режиміжалпыға бірдей тәртіппен жүргізеді.

Сотпен анықталғандай, жабдықтаушы ЖК «Кенжебек» 2021-2023 жылдарда ЭШФ мәліметіне сәйкес тұтынушы болып табылатын жауапкер «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС ҚҚС-сыз айналым сомасы 101 647 958 теңгеге тұрмыстық-шаруашылық, сусындар тауарларын өткізіп, қызметтер жасаған.

«Global Alatau Group» ЖШС 2022-2023 жылдардағы ЭШФ мәліметтеріне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 17 720 000 теңгеге (ҚҚС 0 теңге) жабдықтаушы болып табылатын ЖК «Кенжебектен» Қызылорда қаласы, Айманқұл ақын көшесі, № 21 мекенжайда орналасқан № 18 жанаржағар май құю станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Қызылорда қаласы, Хон Бен До көшесі, № 28 мекенжайда орналасқан жанаржағар май құю станциясының операторлық ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу қызметтерін сатып алып, өз шығынына қойған. «Пикет LTD» ЖШС-нің 2022-2023 жылдарғы ЭШФ мәліметтеріне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 13 787 430 теңгеге (ҚҚС 0 теңге) жабдықтаушы болып табылатын ЖК «Кенжебектен» тауарларды сатып алып, өз шығынына қойған.

ЖК «Рысдаулет» 2021-2023 жылдарғы ЭШФ мәліметтеріне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 2 039 400 теңгеге (ҚҚС 0 теңге) жабдықтаушы болып табылатын ЖК «Кенжебектен» қызметтерді сатып алып, өз шығынына қойған.

Салық органы жауапкерлердің арасында ешқандай қызметтер жүргізілмегені, серіктестіктің тіркеуінде активтерінің тағы да басқа дәлелдейтін құжаттары болмағанын, бастапқы бухгалтерлік құжаттардың толық болмауы даулы мәмілелер формальды түрде, салықтан жалтару мақсатында жасалғанын көрсетіп, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруын даулы шарттар бойынша бухгалтерлік құжаттарды толық ұсынбағанымен, формальды құжат

айналымы, салық міндеттемелерін азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында жасалған деген тұжырымдарымен негіздеген.

Апелляцилялық сот алқасы сот шешімімен келіспей, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйінін даулы Шарттар бойынша жауапкерлер барлық тиісті жұмыстарды іс жүзінде атқарғанымен, белгіленген жұмыстарды жүзеге асырғанымен және қажетті техникалар жалдап, тиісті төлемдерді төлеп отырғанымен негіздеген.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 8-бабының 4-тармағына сай, салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.

Жауапкер К.Т.Жұмабеков 2019 жылғы 31-мамырдағы еңбек шарты негізінде «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-де мастер ретінде жұмысқа қабылданып, 2020 жылдың 1-тамызынан бастап сұйытылған көмірсутек газды газ жинайтын станциясына қабылдайтын және жіберетін бөлім бастығы болып қызмет істейді.

Істе К.Т.Жұмабековтың негізгі қызметі бойынша қандай жұмыстар жасауы керек екенін дәлелдейтін қызметтік нұсқаулық және ол техникалық қызметтер көрсеткен кезде өзінің мамандығынан бөлек міндеттер атқарғанын дәлелдейтін құжаттар жоқ.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот К.Т.Жұмабеков өзінің мамандығы бойынша (жоғары немесе орта дәрежелі білімі, қандай мамандық бойынша) құжаттар ұсынбады деп дұрыс көрсеткен.

К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкер ретінде Басқармаға 2021 жылдың 1-маусымында тіркеліп, «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-мен жалпы сомасы 101 647 958 теңгеге, қосымша құн салығы 0 теңгеге 2021 жылы 10-қыркүйекте № 1, 2021 жылы 13-қыркүйекте № 257/1, 2023 жылы 5-қаңтарда № 1, 2023 жылы 1-наурызда № 2, 2023 жылы 12-маусымда № 318/1 шарттар түзіп, 2021 жылы 8-қыркүйекте № ESF-84121030181220210908-88457383, 26-қазанда № ESF-841210301812-20211026-75654421, № ESF-841210301812-20211026-75995411, 29-қазанда № ESF-84121030181220211029-81571172, 7-желтоқсанда № ESF-841210301812-2021120752877883 ЭШФ арқылы тауарлар қойып, қызметтер көрсеткен.

Сонымен қатар ескеретін жағдай ЖК «Кенжебек» «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-мен түзілген шарттарда өзінің мекенжайы ретінде соңғының мекенжайын, яғни Хон Бен До, 40Б деп көрсеткен.

«Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС өздеріне қажет тауарларды әкелуге ЖК «Кенжебекке» берген өтінімдері мен жанар-жағар май станцияларына

техникалық қызметтер көрсету үшін қандай жұмыстардың атқарылғаны, олардың бағаларының прейскуранты туралы дәлелдер ұсынбаған.

ЖК «Кенжебек» те өз тарапынан «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШСне өткізген тауарларын қай жерден, қай кезде алғаны туралы толық дәлелдейтін құжаттар бермеген.

ЖК «Кенжебек» техникалық қызметтер көрсеткен кезінде ауыстырған фильтрлерін қайдан алғаны туралы деректер де ұсынбаған.

Техникалық қызметтер көрсету үшін сметаны ЖК «Кенжебектің» өзі жасап және оған 6% ілеспелі шығындарды қоса есептеп отырған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 458-бабына сәйкес кәсiпкер болып табылатын сатушы (тауар берушi) сатып алушыға өзі өндіретін немесе сатып алатын тауарларды кәсіпкерлік қызметке немесе жеке өзіне, отбасына, үй ішіне және сол сияқты өзге де пайдалануға байланысты емес өзге мақсаттарға пайдалану үшін келісілген мерзімде немесе мерзімдерде беруге міндеттенеді.

2021 жылғы 10-қыркүйектегі шарт бойынша ЖК «Кенжебек» «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-не құрылыс жұмыстарына құм беруге міндеттенген, бірақ істе ол құмның қойылғаны туралы, оны қай жерден алғаны жөніндегі деректер жоқ.

ЖК «Кенжебектің» «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-не өткізген тауарларының ішінде тауар айналымына қатысы жоқ заттар бар: бояулар (косметика), тырнақ алатын тістеуіш, бетке жағатын желім (маска), жөке, балалардың бояйтын суреттері (раскраска), фломастерлер, балаларға арналған ойыншықтар (барби, әнші куклалар), шұлықтар, электрондық шылымдар (кальяндар), былғары қолғаптар, себеттер, жеті ата панносы, моншаға арналған сыпырғыштар, үй гүлдері, әліппе, күнтізбе, жастық, футбол, волейбол, гандбол доптары, допқа арналған тор (сетка).

ЖК «Кенжебек» «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-не 2023 жылы 12-маусымда № 318/1 шарты бойынша моншаны жөндеу жұмыстарын 558 400 теңгеге жүргізген, бірақ ол моншаның ЖШС-ге тиесілі екені туралы деректер істе жоқ.

Аталған моншаның жөндеу жұмысын А.Файзолла, С.Маханбетов және Е.Тагырбергенов жасаған, бірақ олардың түсініктерінен ЖК «Кенжебектің» қанша ақша төлегені белгісіз. Ал, қабылдау актілері жалпылама түрде жазылған, ақау актілері мен сметалық құжат жасалмаған.

Сонымен қатар аталған жұмысшылардың жұмыс істегені туралы және оған әлеуметтік салық төлегені жөніндегі деректер ЖК «Кенжебекпен» декларацияда ұсынылмаған.

ЖК «Кенжебектің» ЭШФ-ларын талдау барысында: 2021 жылы 8-қыркүйекте № ESF-841210301812-20210908-88457383, 2021 жылы 26-қазанда № ESF-841210301812-20211026-75654421, № ESF-84121030181220211026-75995411, 2021 жылы 29-қазанда № ESF-841210301812-20211029-

81571172, 2021 жылы 7-желтоқсанда № ESF-841210301812-2021120752877883 оларда келісім-шарттар көрсетілмегені анықталған.

Алқа отырысында ЖК «Кенжебектің» өкілі А.Б.Маликова К.Т.Жұмабеков техникалық қызметтер көрсеткен кезінде бағдарлама құрылғыларын жөндеп, оның көріну аясын дұрыстады деп көрсетті, бірақ оның атқарылған жұмыстарды өткізу актісінде резервуар құрылғыларын, жанар-жағар май насостарын, газ моноблогын, электр құрылғыларын да жөндеді деп көрсетілген.

Жауапкер ЖК «Кенжебек» жоғарыда аталған тауарларды қайдан алғанын және оларға төлем жасағандары туралы дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Істегі дәлел ретінде берілген ілеспе жүкқұжаттардан тауар сатушының аты-жөні кім екендігі түсініксіз, олар тиісті мөрмен расталмаған, фискалды чектердегі мәліметтер толық көрінбейді, сол себепті сот оларды дәлел ретінде заңды қабылдамаған.

Алқа отырысында «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-нің өкілі А.Н.Киргизбаев ЖК «Кенжебектің» жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жұмыстан тыс, қолы бос уақытта істеді деп көрсеткен.

Алайда ол жұмыстарды ЖК «Кенжебек» керекті мамандарды қатыстырмай, жалғыз өзі үлгеріп жасағаны күмін туғызады. Онымен қоса соңғы жанар-жағар май станцияларына техникалық қызметтер көрсетуін Қызылорда облысы бойынша (Қазалыда, Жаңақорғанда, Қармақшыда, Жалағашта, Аралда, Шиеліде, Тереңөзекте) 2021-2023 жылдары көрсеткен.

ЖК «Кенжебектің» жасаған сметасында техникалық қызметтерді Қызылорда облысының басқа аудандарында жасаған кезде оған іссапарға шығуына байланысты шығыстар есептеліп және ол іссапарға жалғыз бармай, бірнеше адаммен шығып отырған.

Мысалы, акті бойынша Арал қаласындағы №№ 9, 20 жанар-жағар май станциясына, Қазалыдағы №№ 10, 22 жанар-жағар май станциясына, Қармақшы ауданындағы № 11 жанар-жағар май станциясына, Шиелі ауданындағы № 14 жанар-жағар май станциясына, Қармақшы ауданындағы № 19 жанар-жағар май станциясына, Жаңақорған ауданындағы № 21 жанаржағар май станциясына, Тереңөзектегі № 23 жанар-жағар май станциясына, тағы да сол сияқты, 4 адамға 4 күнге іссапарға ақша шығыны 2021 жылдың 1-қарашасынан 25-қарашасына дейінгі уақытқа есептелген.

Демек, бірінші сатыдағы сот ЖК «Кенжебек» атқарылған жұмыстарды жалғыз өзі істеуі мүмкін емес деген түйінге дұрыс келген, өйткені аталған жұмыстарды істеу үшін оған жұмыс орнынан іссапарға баруға ақша бөлініп отырған және ол оған бір өзі емес, тағы да 3 жұмыскермен бірге барған, сол себепті ол жұмыстар соңғының қызмет бабында істейтін жұмысы болып есептеледі.

Егер ол жұмыстарды ЖК «Кенжебек» шарт бойынша істесе, оған іссапар үшін ақша төленбеуі керек еді.

Жоғарыда айтылғандар алқа отырысында «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-нің өкілі А.Н.Киргизбаевтің ЖК «Кенжебектің» жұмыстарды жұмыстан тыс, қолы бос уақытта істеді деген пікірін жоққа шығарып, салық органының уәжін қуаттайды.

«Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС мен ЖК «Кенжебектің» араларындағы өзара төлемдері тек есеп-айырысу актілерімен ғана дәлелденген, төлем тапсырмалары мен банктік шоттарының үзінділері сотқа ұсынылмаған.

2021 жылғы 10-қыркүйектегі шарттың мерзімі 2021 жылдың 31-желтоқсанында аяқталған, оның мерзімі заң талабына сай ұзартылмаған.

Шартта оның мерзімін ұзарту туралы мәліметтер жоқ, оның 3.1.1 тармағы бойынша тауар «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-нің өтінімі бойынша қойылуы қажет, бірақ істе өтінімдер жоқ.

Сонымен қатар, ЖК «Кенжебек» жүргізуші Ж.Ж.Айдаргазиевті, сылақшы С.С.Нұржановты, электрик-монтер Ж.Ғ.Қайымбаевті жұмысқа тек 2022 жылы 3-мамырда ғана алған және оларға төленген төлемдер бір ғана 2022 жылғы 3-тамыздағы декларациясында ғана көрсетілген.

«Global Alatau Group» ЖШС 2022-2023 жылдарғы ЭШФ мәліметтеріне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 17 720 000 теңгеге жабдықтаушы болып табылатын ЖК «Кенжебек» Қызылорда қаласы, Айманқұл ақын көшесі, № 21 мекенжайда орналасқан № 18 жанар-жағар май құю станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Қызылорда қаласы, Хон Бен До көшесі, № 28 мекенжайда орналасқан жанар-жағар май құю станциясының операторлық ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу қызметтерін сатып алып, өз шығынына қойған.

Жөндеу жұмыстарына ақау актісі жасалмаған, яғни істелетін жұмыстың көлемі анықталмаған, сметасы да жоқ, төлем құжаттары ұсынылмаған.

Демек, бірінші сатыдағы сот мәмілелердің шынайы жасалғанына заңды күмән келтірген, себебі олардың ұсынған құжаттарында нақты қандай жұмыстардың жасалғаны, оны кім жасағаны, қандай құрал-жабдықтармен және жөндеуге сатып алынған заттарды, олардың бағасын дәлелдейтін ілеспе құжаттар берілмеген.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 31-шілдедегі № 4 атқарылған жұмыстар актісінде мөр орнында «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС-нің мөрі басылған.

«Пикет LTD» ЖШС-нің 2022-2023 жылдарғы ЭШФ мәліметтеріне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 13 787 430 теңгеге жабдықтаушы болып табылатын ЖК «Кенжебектен» тауарларды сатып алып, өз шығынына қойған.

5 515 250 теңгені құрайтын айналым сомасы 2023 жылғы 15- мамырдағы № 3 шарт бойынша жасалған деп көрсетілген, бірақ 2023 жылы 25-мамырда жазылған ЭШФ-да келісім-шартсыз деп белгіленген.

Алайда, ЖК «Кенжебек» «Пикет LTD» ЖШС-не сатылған тауарларды қайдан, қай кезде алғаны және оларға төлем жасағаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынбаған. Ол тауарлардың ішінде шпалдар, жол белгілері, тяга, цемент, щебень де бар.

Ал, тяга тек қана жол жөндейтін мекемелерде болатыны белгілі.

Демек, бірінші сатыдағы сот ЖК «Кенжебек» тарапынан бухгалтерлік есеп жүргізу міндетті болмаса да мәмілелердің жарамсыздығына қатысты даулар бойынша жеткізілген тауарларды қайдан алғанын және шынайы төлемдер жасалғанын дәлелдеуден босатылмайды деген түйінге дұрыс келген.

ЖК «Рысдаулет» 2021-2023 жылдарғы ЭШФ мәліметтеріне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 2 039 400 теңгеге жабдықтаушы болып табылатын ЖК «Кенжебектен» қызметтерді сатып алып, өз шығынына қойған.

2021 жылғы 11-қарашадағы № 17 шарт бойынша МКПП-ЯМЗ-239 жөндеу жұмыстарын ЖК «Рысдаулеттің» берген тетіктері мен құралдары арқылы жасалатыны, оның бағасы 1 200 000 теңге деп келісілген, бірақ сол жұмыстарға қосымша ЭШФ-да шарт бойынша 5 500 теңгеге аптечка қойылды және 300 000 теңгеге темір қақпалар жөнделді деп көрсеткен.

Сонымен қатар, орындалған жұмыстар актісінде МАЗ 342208-230Р мемлекеттік номері 437JA11 автомашинасының механикалық қорабын жөндеу жұмыстары № 2 шарт арқылы 2023 жылы 17-сәуірде деп көрсетілсе, ЕШФ-да шарт № 2 2022 жылғы 17-сәуір деп көрсетілген. Тараптар арасындағы төлемдер бойынша деректер істе жоқ.

Жұмыстарды орындау актілерінде тек жұмыстың атауы көрсетілген, қандай бөлшектері ауыстырылғаны көрсетілмеген.

Егер тетіктер мен құралдарды шарт бойынша ЖК «Рысдаулет» берген болса, оның бағасы 1 200 000 теңге болуы негізінен күмән тудыруы заңды.

ЖК «Кенжебек» автокөліктерді жөндеуге мамандарды тартқаны немесе оған қажетті бөлшектерді сатып алғаны жөніндегі дәлелдерді ұсынбаған.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған шарттар формальды түрде жасалған деген салық органының түйінімен келіскен.

ЖК «Кенжебектің» 2021 жылдың 2-жартыжылдығына өткізген декларациясында оның табыстары, жұмыскерлері көрсетілмеген.

2022 жылдың 1-жартыжылдығына өткізген декларациясында табысы ретінде 23 325 060 теңге көрсетілген, бірақ жұмысшылар саны көрсетілмеген, соңғы екі айдың табысына 180 000 теңгеден айлық көрсетіліп, сол ақшадан әлеуметтік салық 3 адамға (Ж.Ж.Айдаргазиев, С.С.Нұржанов, Ж.Ғ.Қайымбаев) төленген. Аталған жұмыскерлер 2022 жылдың 3-мамырынан бастап қана жұмысқа қабылданған.

ЖК «Кенжебектің» мүлкі, тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін экономикалық қажетті материалдық ресурстар көлемі, негізгі құралдар, өндірістік активтері болмауы, жұмыстар мен қызметтерді ұсыну мүмкін еместігін айқындап, шарттардың және өзара есептілікті растайтын шот-фактуралардың жалғандығын көрсетеді.

Салық кодексінің 190-бабының 3-тармағына сай салықтық есепке алу бухгалтерлік есепке алу деректеріне негізделеді. Бухгалтерлік құжаттаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасымен белгіленеді.

Ресми ресімделген бастапқы есепке алу құжаттарының және басқа құжаттардың болуы қаржы-шаруашылық операцияның нақты жасалғанын куәландырмайды.

Демек, бірінші сатыдағы сот тауар, жұмыс жеткізушілері көрсетілмеген, сол себепті мәмілелер бойынша міндеттемені орындау мүмкін емес деген түйінге дұрыс келген.

Тауардың (объектінің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нақты болуы да салықтық есепке алу мәліметтерінің негізділігін куәландыра алмайды, өйткені мұндай тауарды басқа мәміле шеңберінде не өзге жолмен өзге тұлғадан сатып алуға болады.

Жұмыстар мен қызметтерді жүзеге асырудың физикалық мүмкіндігінің болмауы жауапкерлердің бюджетке салық төлеуден жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер екенін көрсетеді.

Салық органы талап қоюында АК 158-бабының 1-тармағына, 160-бапқа сілтеме жасаған, даулы мәмілелердің мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін, құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалғаны, жауапкерлердің бiрi мәмілені мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқаны, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлгені немесе бiлуге тиiс болғаны, мәміленің құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынған.

АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.

Демек, ресурстарсыз ЖК «Кенжебек» жауапкерлердің тапсырысы бойынша жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге мүмкіндігі болмаған.

Мәмілеге қатысушылар қаржы-шаруашылық операциялардың жасалғанын көрсетуге және мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтаруға ниеттенген.

Сол себепті алқа, апелляциядағы сот актісі тексерілмеген фактілерге негізделіп, Басқарманың талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде заңсыз жаңа шешім қабылдаған деп есептейді.

Бұл орайда бірінші сатыдағы сот даулы мәмілелер ақылға қонымды экономикалық (іскерлік) себептермен негізделмеген, шығындар мен есептерді жасанды өсіру арқылы негізсіз салық пайдасын алу үшін формальды түрде қол қойылған, сол себепті заңға сәйкес келмейді деген түйінге дұрыс келген. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта келтірілген уәждермен келіседі, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексермеген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға бермеген, сол себепті бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы қаулыны заңсыз және негізсіз қабылдаған.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді, сол себепті қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылады.

АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай, істі кассациялық сатыдағы соттың қарауы үшін өтініш берген кезде Басқарманың мемлекеттік баж төлеуден босатылуына байланысты, мемлекеттік баж жауапкерлерден мемлекет кірісіне өндірілуге жатады.

Сондықтан «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС мен ЖК «Кенжебектен» мемлекет кірісіне әрқайсынан 4 313 теңгеден; «Global Alatau Group» ЖШС мен ЖК «Кенжебектен» мемлекет кірісіне әрқайсынан 863 теңгеден; «Пикет LTD» ЖШС мен ЖК «Кенжебектен» мемлекет кірісіне әрқайсынан 863 теңгеден; ЖК «Рысдаулет» пен ЖК «Кенжебектен» мемлекет кірісіне әрқайсынан 863 теңгеден мемлекеттік баж өндіріледі.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-сәуірде осы іс бойынша шығарған қаулысының күші жойылып, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 9-қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.

«Қызылорда Мұнай Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Кенжебек» атауымен әрекет етуші К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкерінен мемлекет кірісіне әрқайсынан 4 313 (төрт мың үш жүз он үш) теңгеден мемлекеттік баж өндірілсін.

«Global Alatau Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Кенжебек» атауымен әрекет етуші К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкерінен мемлекет кірісіне әрқайсынан 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңгеден мемлекеттік баж өндірілсін.

«Пикет LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Кенжебек» атауымен әрекет етуші К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкерінен мемлекет кірісіне әрқайсынан 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңгеден мемлекеттік баж өндірілсін.

«Рысдаулет» атауымен әрекет етуші Р.Ә.Әбибулла жеке кәсіпкерінен және «Кенжебек» атауымен әрекет етуші К.Т.Жұмабеков жеке кәсіпкерінен мемлекет кірісіне әрқайсынан 863 (сегіз жүз алпыс үш) теңгеден мемлекеттік баж өндірілсін.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Н.К.Шәріпов М.Т.Балкен

Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.