ҚАУЛЫ
2025 жылғы 16 қыркүйек 6003-25-00-4к/10 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар - Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,
ашық сот отырысында талап қоюшы Ұжман Тәжіханұлының жауапкер Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Ордабасы ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, Ордабасы ауданының әкіміне, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент)
мүдделі тұлғалар ретінде: «Ордабасы аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі), «Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі), «Темірші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС) тарта отырып,
2024 жылғы 10 мамырдағы сәйкестендіруден бас тарту актісін, әкімнің 2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысын, толық тексеру жүргізбеу әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы арызы бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысына түскен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаппен жауапкерлерге жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің сәйкестендіруден бас тарту актісін заңсыз деп тану және әкімнің қаулысын заңсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігі күші жойылған.
Шешімнің бұл бөлігінде талап қоюшы Ұжман Тәжіханұлының
талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ұжман Тәжіханұлының талабы бойынша сәйкестендіруден бас тарту әрекеттері заңсыз деп танылған. Ордабасы ауданы әкімінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысы заңсыз деп танылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға - «Темірші» ЖШС-нің өкілі Н.Касымбеков, өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған апелляциялық соттың қаулысымен келіспейтіндігін көрсетіп, оның күшін жоюды және бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған. Себебі, апелляциялық сот алқасы құқықтардың туындау реттілігі бойынша қате ұғымға келіп, талап қоюшының құқықтары бірінші туындаған деген тұжырымға келген.
Басқа іске қатысушылар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот, кассациялық шағымның және қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай кемшіліктер апелляциялық сатыдағы соттың тарапынан жіберілген.
Талап қоюшы Ұ.Тәжіханұлы Ордабасы ауданының рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2006 жылғы 27 желтоқсандағы №2408 шешімімен Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылдық округі Қажымұқан елді мекенінен жер учаскесін жария еткен.
Осы жария ету туралы шешім негізінде алаңы 0,1474 га жер учаскесіне кадастрлық №19-293-070-221 санды мемлекеттік актісі 2007 жылғы 22 ақпанда рәсімделген. Талап қоюшының құқығы 2007 жылғы 11 наурызда тіркелген.
Бұдан бөлек, Ордабасы ауданы әкімінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы №293 қаулысымен «Қажымұқан» өндірістік кооперативіне қарасты жер учаскелері қайтарылып алынып, Н.Есенбайға шаруа қожалығын жүргізуге жер үлестеріне сәйкес 49 жылға жалға бөлініп берілген.
Н.Есенбайға кадастрлық №19-293-065-1133 алаңы 14,3900 га және кадастрлық №19-293-065-11346 алаңы 4,0 га жер учаскелеріне уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беретін акт рәсімделген.
Осы қаулымен мемлекеттік актілерге сәйкес, жердің орналасқан аумағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер екендігі көрсетілген.
Жер учаскесіне сәйкестендіру актісі рәсімделіп, жалға беру шарты жасалған.
Кейіннен, Н.Есенбай мен «Темірші» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) арасында жер пайдалану құқығын шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде өткізу туралы 2019 жылғы 21 қыркүйектегі шарт жасалған.
Осы шартқа сәйкес, алаңы 14,39 га, кадастрлық №19-293-065-1133 және алаңы 4 га, кадастрлық №19-293-065-1134 жер учаскелері қатысушының салымы ретінде пайдалануға берілген.
Серіктестіктің бұл құқықтары 2020 жылғы 30 қыркүйекте тіркелген.
2019 жылдың 21 қыркүйектегі №5283 меншік құқығын, уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын шаруашылық серіктестігінің жарғылық қорына салым ретінде өткізу туралы шартына сәйкес, Есенбай Нұридің кадастрлық №19-293-065-1133 және 19-293-0651134 жер учаскелерін салым ретінде «Темірші» ЖШС-нің жарғылық қорына салған.
2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысы негізінде кадастрлық №19-293-065-1133 және №19-293-065-1134 жер учаскелерінің нысаналы мақсаты «демалыс аймағы құрылысының орны үшін» деп өзгертіліп, жер учаскесіне жаңа үлгідегі мемлекеттік актісі алынып, тіркеуден өткізілген.
Ордабасы ауданы әкімінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысымен алаңдары 14,39 га және 4 га жер учаскелерінің нысаналы мақсаты «демалыс аймағы құрылысының орны үшін» өзгертіліп, Серіктестікке 27 жылға жалға берілген.
Қаулы мемлекеттік тіркеуден 2023 жылғы 14 қыркүйекте өткен.
Талап қоюшының 2024 жылғы 24 сәуірдегі өтінішімен жер учаскесінің шекараларын анықтау сұралған. Мемлекеттік корпорацияның 2024 жылғы 10 мамырдағы далалық зерттеу актісімен, талап қоюшының көрсеткен жер учаскесі елді мекен шекарасынан тыс жерде, яғни Серіктестікке тиесілі кадастрлық №19-293065-1133 жер учаскесінде орналасқаны, жер учаскесінде өтініш берушінің тұрғын үйі, бастырмалары мен қора құрылысы бар екені анықталған.
Талап қоюшы мұнымен келіспей, Департаментке шағым келтірген.
Департаменттің 2024 жылғы 11 маусымдағы жауап хатымен Серіктестікке тиесілі жер учаскесіне құқық бұрын рәсімделгені, әкімнің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы №293 қаулысымен жер учаскесі алдымен Н.Есенбайға берілгені, талап қоюшының жер учаскесі елді мекеннің жерінен тыс жерде орналасқаны хабарланған.
Талап қоюшы Ұ.Тәжіханұлы сотқа жүгініп, талаптарын нақтылап, Мемлекеттік корпорацияның 2024 жылғы 10 мамырдағы сәйкестендіруден бас тарту актісін, Ордабасы ауданы әкімінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысын, Департаменттің толық тексеру жүргізбеу әрекетсіздігін заңсыз деп тануды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот, талап қою арызын бойынша қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының ұсынған кадастрлық №19-293-070-221 сәйкестендіру актісіне қарағанда жер учаскесі «тұрғын үй және жеке қосылқы шаруашылығын жүргізу үшін» берілген, алайда, мамандардың қорытындысына сәйкес талап қоюшының жер учаскесі елді мекен жеріне кірмейді және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінде орналасқан, заңнама талаптарына сәйкес мұндай жер учаскелерінде тұрғын үйлер салуға, нысаналы мақсатын, жеке тұрғын үй құрылысы және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін деп өзгертуге жол берілмейді, сондықтан, Мемлекеттік корпорацияның 2024 жылғы 10 мамырдағы сәйкестендіру актісін беруден бас тарту әрекеті заңнама талаптарына қайшы келмейді, - деген тұжырымға келген. Сөйтіп, Ордабасы ауданы әкімінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысын, Департаменттің әрекетсіздігін заңсыз деп тануға негіз жоқ деп тапқан.
Алайда, бірінші сатыдағы соттың аталған тұжырымдарымен апелляциялық сатыдағы сот келіспей, төмендегіні көрсеткен. Ордабасы ауданының мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2006 жылғы 27 желтоқсандағы №2408 шешімімен талап қоюшы Ұ.Тәжіханұлының тұрғын үй мен жер телімі жария етілген. Әрі қарай, аталған жылжымайтын мүліктерге талап қоюшының құқығы 2007 жылғы 11 наурызда тіркелген. Сондай-ақ, алқа отырысында анықталғандай, талап қоюшы өзінің төрт баласымен аталған жер телімінде 2006 жылы салынған 4 бөлмелі тұрғын үйде тұрады. Ал, Н.Есенбайға 49 жылға бөлінген жер телімі 2008 жылғы 9 маусымда, яғни талап қоюшының құқығы тіркеліп қойған, сөйтіп соңғының құқығының тіркелуі бірінші жүзеге асырылған. Одан бөлек, дау нысанасы болып отырған мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шешімінің күші жойылмаған немесе өзгеріске ұшырамаған, ол заңды күшінде. Бұл мән-жайлар талап қоюшының арызындағы көрсетілген уәждердің негізділігін көрсетеді деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы соттың аталған тұжырымдарын кассациялық сот қате деп санайды, өйткені олар істің мән-жайларын тиісінше зерттеу мен анықтауға, қолданыстағы заң нормаларын дұрыс емес түсіндіруге негізделген және бұл істі дұрыс шешу үшін мәні бар нормаларға қайшы келеді.
ӘРПК-нің 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес (заңдылық қағидаты) әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 97-бабы 3-тармағына сәйкес, ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға жатады. Бұл жерлерді ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі (осы Кодекстің 90-бабы).
Ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде, ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылыстар және (немесе) тіреуіштер салуды қоспағанда, аквашаруашылықпен қоса, ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ объектілер, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді.
Осы баптың 3-2-тармағына сәйкес, елді мекендердің жерін бас жоспарларына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және оларда құрылыс салудың осы жоспарларды алмастыратын схемасына) сәйкес кеңейту жағдайларын қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бақ шаруашылығы және саяжай құрылысы үшін өзгертуге жол берілмейді.
Апелляциялық сатыдағы сот, қаулыны қабылдау барысында, талап қоюшының жер учаскесіне құқықтары ертерек туындағандығымен негіздеген. Алайда, Ордабасы ауданы әкімінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы №293 қаулысы негізінде «Қажымұқан» аумағында орналасқан «Қажымұқан-ХХІ» өндірістік кооперативіне қарасты жер учаскелері есебінен жалпы алаңы 32,34 га, оның ішінде суармалы - 3,23 га, тәлімі10,72 га және 18,39 га жайылымдық жерлері қайтарылып алынып, Есенбай Нұридинге шаруа қожалығын жүргізу үшін жер үлестеріне сәйкес 49 жылға жалға бөлініп берілген.
Сөйтіп, жер телімі мемлекеттік меншіктегі арнайы жер қорынан емес «Қажымұқан ХХІ» өндірістік кооперативінің жерінен бөлінген.
Нақты айтқанда, «Қажымұқан-ХХІ» өндірістік кооперативіне 17.04.2000 жылғы №305 қаулысымен «Темірлан» ӨК-нің 2809,94 га, оның ішінде 195,3 га суармалы, 918,15 га тәлімі егістік, 1696,49 га жайылымдық жерлер, үлестеріне сәйкес ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен бөліп берілген.
Ал, «Қажымұқан-ХХІ» өндірістік кооперативіне 07.02.2000 жылғы №2 хаттамаға сәйкес, Н.Есенбаев басқарма мүшесі болып тағайындалған. Бұл өз кезегінде, 2000 жылы Н.Есенбайдың «Қажымұқан-ХХІ» ӨК-нің мүшесі болғандығының дәлелі және осы кооперативте оның жер үлесі болғандығын растайды. Демек, Н.Есенбай өзіне тиесілі пай үлесімен берілген жерді Қазақстан Республикасы «Жер туралы» Заңының талаптарына сәйкес, «Қажымұқан-ХХІ» ӨК-нен бөліп, өз атына рәсімдегендігін көрсетеді.
Апелляциялық сот алқасы құқықтардың туындау реттілігі бойынша қате ұғымға келіп, талап қоюшының құқықтары бірінші туындаған деген тұжырымы жоққа шағырылады.
Қазақстан Республикасының «Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарында құқық беруге жол берiлмейтiн мүлік жария етуге жатпайды. Осы Заңның 7-бабы 9-тармағына сәйкес жария етiлетiн мүлiк жөнiнде табыс етiлетiн мәлiметтердiң толықтығы мен дұрыстығы үшiн жария ету субъектiлерi жауапты болады.
Ордабасы ауданының мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2006 жылғы 27 желтоқсандағы №2408 шешімінде жария етілген тұрғын үй мен жер учаскесінің орналасқан жері көрсетілмеген.
Шешімнің негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-293-070-221 сәйкестендіру актісі рәсімделген. Онда, жер учаскесінің орналасқан жері, мекенжайы көрсетілмеген.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымымен, осы іс бойынша мамандар тартылған. Мамандардың қорытындысына сәйкес, кадастрлық №19-293-070-221 жер учаскесін өлшеу барысында алаңы 0,3478 га шыққан, өлшенген жер учаскесінің алаңы, конфигурациясы, координаталары жер-кадастрлық ісінің, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректеріне сәйкес келмейді, жер учаскесі Серіктестікке тиесілі кадастрлық №19-293-065-1133 жер учаскесімен беттеседі, кадастрлық №19-293-070-221 жер учаскесі елді мекен жерінде орналаспаған.
Талап қоюшының ұсынған кадастрлық №19-293-070-221 сәйкестендіру актісіне қарағанда, жер учаскесі «тұрғын үй және жеке қосылқы шаруашылығын жүргізу үшін» берілген. Алайда, мамандардың қорытындысына сәйкес, талап қоюшының жер учаскесі елді мекен жеріне кірмейді және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінде орналасқан. Заңнама талаптарына сәйкес, мұндай жер учаскелерінде тұрғын үйлер салуға, нысаналы мақсатын «жеке тұрғын үй құрылысы және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін» деп өзгертуге жол берілмейді.
Аталған мән-жайлар кассациялық сотта жауапкердің окілі НАО Р.А.Нурпейсовтың түсіндірмесімен расталған.
Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың мемлекеттік корпорацияның 2024 жылғы 10 мамырдағы сәйкестендіру актісін беруден бас тарту әрекеті заңнама талаптарына келеді деген уәжі негізді.
2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысы негізінде кадастрлық №19-293-065-1133 және №19-293-065-1134 жер учаскелерінің нысаналы мақсаты демалыс аймағы құрылысы орны үшін өзгертіліп, жер учаскесіне жаңа үлгідегі мемлекеттік актісі алынып, тіркеуден өткізілген.
«Темірші» ЖШС-нің жалпы аланы 14,39 га және 4,0 га жерінің ішінен талап қоюшының нақты қандай көлемдегі жерге (қабаттасу алаңы) құқықтары ертерек туындағаны айқындалмаған.
Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы соттың пайымдауынша Ұ.Тәжіханұлының жері «Темірші» ЖШС-нің нақты қайсы жеріне, 14,39 га жерге ма, әлде 4,0 га жеріне қабаттасқан деген пікірге келгендігі нақты айқындалмаған. Ал, Ордабасы ауданы әкімдігінің 2023 жылғы қаулысымен екі жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгергендігі назарға алынбаған.
Кейіннен, осы насаналы мақсаты өзгертілген кадастрлық №19-293065-1133 жер учаскесіне «Темірші» ЖШС-гі мен Ордабасы ауданының жер қатынастары бөлімі арасында 18.08.2023 жылы №1093 жер учаскесін жалға беру туралы келісім-шарт түзілген және 2023 жылғы 14 қыркүйекте мемлекеттік тіркеуден ол өткен. Кадастрлық №19-293-065-1134 санды жер учаскесіне 18.08.2023 жылы №1092 жер учаскесін жалға беру туралы келісім-шарты түзілген және 14.09.2023 жылы мемлекеттік тіркеуден өткен.
АПК-тің 73-бабының 2-тармағына сәйкес, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды.
Алайда, апелляциялық сатыдағы сот дәлелдемелерге дұрыс баға бермей материалдық құқық нормаларын елеулі түрде бұза отырып заңсыз шешім қабылдаған. Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың шешімі қалпына келтірілуі тиіс.
Аталған кемшіліктер іс бойынша, елеулі болып табылады, сондықтан осы шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының қанағаттандырылған бөлігінің күшін жоюға негіз болады, мұдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысы өзгертілсін, оның сәйкестендіруден бас тарту актісін заңсыз деп тану және Ордабасы ауданы әкімінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №182 қаулысын заңсыз деп тану туралы талабын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылсын.
Бірінші сатыдағы соттың шешімі осы бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын.
Апелляциялық соттың қаулысының қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын.
Мұдделі тұлға «Темірші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Е. Нұралиев Судьялар Л. Кудекова
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.