Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/1684 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1684 №6003-25-00-2к/1684 (2) №6003-25-00-2к/1684 (3)

2025 жылғы 9 желтоқсан

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, талап қоюшының өкілі Е.К.Сомтемировтың, жауапкер өкілі А.Жұмабайұлының, үшінші тұлғалардың өкілдері Д.М.Райкуловтың, К.М.Будикованың, С.С.Абсадыковтың, Т.Т.Ертугановтың, К.Ж.Нурмановтың, үшінші тұлға Ж.Р.Сактаганованың, оның өкілдері Т.К.Канатбаевтың, А.Шакирұлының қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әріБасқарма) жауапкер дара кәсіпкер Акбота Берикбаевна Ерназароваға сауда ғимаратын өз есебінен мәжбүрлеп бұзуды міндеттеу туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілінің, үшінші тұлға Ж.Р.Сактаганова мен оның өкілдерінің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

Басқарма сотқа берген талап қоюында дара кәсіпкер А.Б.Ерназарованың Қызылорда қаласы А.Иманов көшесі №12 мекенжайда орналасқан ғимарат (бұдан әрі-даулы ғимарат) құрылысын салу барысында заң талаптарына сай қажетті рұқсаттарды алмай, құрылыс нормативтерін сақтамай өз бетінше салғанын көрсетіп, құрылысты өз есебінен мәжбүрлеп бұзуды міндеттеуді сұраған. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысымен аталған сот актілерінің куші жойылып, азаматтық іс Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жаңадан қарауға жіберілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы ұйғарымымен Қызылорда облысының мамандандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 ақпандағы шешімінің күші жойылып, азаматтық іс бірінші сатыдағы сот қағидалары негізінде мәні бойынша қарау үшін апелляциялық сот алқасының іс жүргізуіне қабылданған. Іске талап қоюшы жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде Ж.Р.Сактаганова тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы, үшінші тұлға Ж.Р.Сактаганова және оның өкілдері кассациялық шағымдарында апелляциялық сот жауапкер А.Б.Ерназарованың заң талаптарын сақтамай құрылыс жұмыстарын жүргізгенін, соғылған ғимарат үшінші тұлға Ж.Р.Сактаганованың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін, көрші ғимараттар арасындағы өрт қауіпсіздігін кем дегенде 6 метр арақашықтықты қамтамасыз ету талабының бұзылғанын назарға алмағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Азаматтық істің құжаттарына сәйкес 2022 жылғы 12 сәуірде жауапкер А.Б.Ерназарова азаматша Е.Абилкасымовадан Қызылорда қаласы А.Иманов көшесі №12 мекенжайда орналасқан жалпы ауданы 106,3 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді жалпы көлемі 0,080355 га құрайтын жер телімімен (кадастр №10:156:005:142) жеке меншігіне сатып алған.

2023 жылғы 11 желтоқсандағы №4061 Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен аталған жер учаскесінің «жеке тұрғын үй құрылысы үшін» деген нысаналы мақсаты «үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) құрылыс жүргізу және қызмет көрсету үшін» болып өзгертілген, осыған орай сол күні жауапкер мен «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында №597 шарт жасалып, кәсіпкер шарт талаптарына сай төлеуге тиіс 1 976 733 теңгені 2023 жылғы 19 желтоқсанда төлеген.

Қазіргі кезде жауапкер ол жер учаскесіне автокөлік құралдарын сататын екі қабатты даулы ғимаратты салған.

Апелляциялық сот істі қайтадан қарағанда даулы ғимаратқа қатысты барлық сәйкестендіру, құқық беруші және белгілеуші құжаттары заңдастырылғанын, уәкілетті органдардың рұқсаттары берілгенін анықтаған.

Азаматтық істі апелляциялық сотта қарау барысында жауапкермен келесі құжаттар ұсынылған: 11.06.2024 жылғы №KZ19VUA01153649 жобалауға арналған саулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ), 13.06.2024 жылғы №KZ15VUA01155467 келісілген эскиздік жоба; 05.07.2024 жылғы № С-0004/24 «Сауда дүкенін салу және тұрғын үйді қайта жабдықтау Амангелды Иманов көшесі №12-үй Қызылорда қаласы мекенжайы бойынша кеңсе мен қойманы орналастыруға арналған гараж» жұмыс жобасы бойынша оң қорытынды; 19.07.2024 жылғы №KZ46REA00405304 құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама; 19.07.2024

жылғы № KZ46REA00405307 қызметін немесе белгілі бір іс-әрекетін жүзеге асыруыдың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны қабылдау туралы талоны; 2024 жылғы лицензия ГСЛ №19015890 РК техникалық жоба (эскиздік жоба); 31.07.2024 жылғы тапсырыс №002260027713 жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты.

Апелляциялық сотта даулы ғимаратқа эскиздік жоба әзірлеу және оған келісуі, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу және құрылыс жобасына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы, мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органның құрылысмонтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыруы, салынған объектінің кадастрлық паспорты зерделеніп, бұл құжаттардың заңды күшінде екендігі анықталған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 244-бабының 1- тармағына сай мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондайақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Істі қарау барысында соғылған даулы ғимаратқа Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес барлық қажетті рұқсаттар алынғаны анықталған.

Сондықтан даулы ғимарат өз бетінше салынған құрылысқа жатпайды.

Сондай-ақ апелляциялық сотпен даулы ғимараттың жауапкердің өз жер учаскесінің шегінде салынғаны және қазіргі кезде ғимарат құрылысынан үшінші тұлға Ж.Р.Сактагановаға қауіп төніп тұрмағаны анықталған.

Қазақстан Республикасының «Қала құрылысы, қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылысын салу» 3.01-101-2013 Ережелер жиынтығына сәйкес отқа төзімділіктің I және II дәрежелі ғимараттар арасындағы арақашықтық 6 метр болуы керек. Ғимараттың қабырғасы өртке қарсы қабырғадан биік болса, ондай жағдайда 6 метрден аз қашықтыққа рұқсат етіледі.

Даулы ғимаратқа қарсы тұрғын үй, шаруашылық ғимараттар салынбаған.

Апелляциялық сот осы анықталған мән-жайларды назарға алып, жауапкер тарапынан аталған құрылыс нормалары бұзылмаған деген дұрыс тұжырымға келген. Іске тіркелінген «Etalon engineering KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 17 мамырдағы даулы ғимараттың техникалық жағдайына қатысты берілген қорытындысына сай даулы ғимарат қауіпсіз, пайдалануға жарамды, құрылыс нормалары мен материалдар сапасы нормативтерге сәйкес келеді.

«Жеке тұрғын құрылыс салу аудандарын жоспарлау және құрылысын салу» ҚР ЕЖ 3.01-102-2012 нормативтік құжатының 5.2.1 тармағына сай тұрғын үй мен шаруашылық ғимараттарды орналастыру кезінде көршілес үй-жай телімі

шекарасынан тұрғын үй қабырғасына дейін кем дегенде 3 метр қашықтық сақталынуы тиіс.

Іс құжаттарымен даулы ғимарат пен Ж.Р.Сактаганованың жер учаскесі арасында 3 метр қашықтық сақталмағаны, даулы ғимараттың Ж.Р.Сактаганованың жер учаскесінен бір бұрышы 1,57 метр және екінші бұрышы 0,07 метр жерде орналасқаны анықталған.

Алайда қазіргі кезге дейін Ж.Р.Сактаганова даулы ғимаратқа іргелес құрылыс жұмыстарын жүргізбеген, алдағы уақытта құрылыс жүргізетініне дәлелдеме ұсынбаған. Даулы ғимарат жауапкердің өз жер учаскесінде орналасқан, қарсы бетінде тұрғын үй, ғимарат орналаспаған, өрт қауіпсіздігі сақталған. Жауапкер даулы ғимарат құрылысына 35 миллионнан астам қаржы жұмсаған. Бағалау есебіне сай құрылыс құны 35 450 000 теңге құраған.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сот жоғарыда көрсетілген құрылыс нормасының сақталмауы қазіргі таңда Ж.Р.Сактаганованың құқықтарына нұқсан келтірмейді деп негізді тұжырымға келген.

Сонымен қатар 2025 жылғы 20 ақпандағы акті бойынша даулы ғимарат толықтай пайдалануға қабылданылып, бұл акт 2025 жылдың 11 наурызында мемлекеттік тіркеуден өткен.

Апелляциялық сот дауды шешкенде әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшем шарттарын, дара кәсіпкердің ғимаратты үлкен қаражатпен тұрғызғанын, оның ниеті кәсіпкерлік жасауға бағытталғанын, уәкілетті органдармен құжаттары заңдастырылғанын, соғылған ғимарат айналасына қауіптілік туғызып тұрмағанын назарға алып, даулы ғимаратты бұзу туралы талап қоюды қанағаттандырудан негізді бас тартқан.

Кассациялық шағымдарда көрсетілген уәждер апелляциялық сотпен толық зерттелінген, оларға дұрыс құқықтық баға берілген. Шағымдарда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген, соттың тұжырымдары жоққа шығарылмаған және де нақты қандай заң нормаларының бұзылуы орын алғаны көрсетілмеген.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілінің, үшінші тұлға мен оның өкілдерінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.