Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3492 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-2к/3492 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б., талап қоюшының өкілі Т.Сайткалиев, жауапкер Самбаева Д.А., оның өкілі К.Мамметкалыев, жауапкер Мұнайлы ауданының әкімдігінің өкілі Ж.Имамуратов, үшінші тұлға Самбаева С.,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Метирбаев Жанабай Аманжоловичтің жауапкерлер Самбаева Дамегул Изгалыевнаға, «Мұнайлы ауданының әкімдігі» мемлекеттік мекемесіне берген кепіл шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымдарымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2017 жылғы 3 мамырда Метирбаев Аманжол мен жауапкер Д.И.Самбаеваның арасында Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылы, Жалын тұрғын массиві, №335 тұрғын үйді (әрі қарай – даулы үй) жер учаскесімен сату - сатып алу шарты жасалған.

Шартқа сәйкес даулы тұрғын үй жер учаскесімен 5 400 000 теңгеге сатылған, шартқа қол қою кезінде сатып алушымен сатушыға 1 996 500 теңге берілген, ал қалған 3 403 500 теңгені сатушының есеп шотына үш жақты жасалған кепіл шарты тіркелгеннен кейін несие берушімен төленуі тиіс болған.

2017 жылғы 8 маусымда Мұнайлы ауданының әкімдігі (несие беруші), «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы (сенім білдірілген агент) және Д.И.Самбаева (қарыз алушы) араларында №1380 қарыз беру шарты жасалып, ол бойынша қарыз беруші Д.Самбаеваға тұрғын үй сатып алу үшін қарызға жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 3 403 500 теңге қарыз берілген. Бұл сома толықтай сатушы А.Метирбаевтың шотына аударылған.

Осы күні жасалған Мұнайлы ауданының әкімдігі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы және Д.И.Самбаева арасындағы №1380 кепіл шартына сәйкес даулы үй кепілге қойылған және әлі күнге дейін кепілде тұр. 2022 жылғы 14 наурыздағы №20-666-22-0000135 қайтыс болу туралы куәлігіне сәйкес 2022 жылғы 7 наурызда Метирбаев Аманжол қайтыс болған.

Талап қоюшы Ж.А.Метирбаев талап қоюында әкесі А.Метирбаевтың даулы үйді сату ниеті болмағанын, жиені Д.Самбаеваның мұғалім ретінде баспана алу үшін мемлекеттен төменгі пайызбен несие алуына көмектесу мақсатында даулы үйді сату және кепілге қою туралы бүркеме шарттарын жасап, жауапкердің атына өткізгенін, жауапкер Д.Самбаева несиені алған соң тұрғын үйді қайтаруға міндеттенгенін, алайда, ол А.Метирбаевтың қайтыс болғанын

пайдаланып, үйді кері қайтармағанын көрсетіп, Мұнайлы ауданының әкімдігі және Д.Самбаеваның арасында жасалған даулы үйді кепілге қою туралы 2017 жылғы 8 маусымдағы №1380 кепіл шартын жарамсыз деп тануды, Мұнайлы ауданының әкімдігі және А.Метирбаевтың арасында 2017 жылғы 8 маусымда жасалған №1380 кепіл шартын жарамды деп тануды сұраған.

Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшының өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 160-бабының 2- тармағына сай егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.

АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сәйкес, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

Осыған дейін сотта Ж.А.Метирбаевтың даулы тұрғын үйге қатысты мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қаралған.

Мұнайлы аудандық сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен 2017 жылғы 3 мамырда А.Метрибаев пен Д.И.Самбаеваның арасында жасалған даулы тұрғын үйді жер телімімен сату - сатып алу шарты жарамсыз деп танылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы істі қарау барысында дауланып отырған мәмілелер оның тараптарымен ерікті түрде заң талаптарына сай жасалғаны, ол бойынша тараптарымен міндеттемелері тиісті түрде орындалғаны, сатушы А.Метирбаевтың тұрғын

үйдің құнын толық алғаны, осыған орай тұрғын үй Д.Самбаеваның бюджеттік кредитін кепіл шартымен қамтамасыз етуге қойылғаны, тұрғын үйге жауапкер Д.Самбаева отбасымен қоныстанып, тұрып жатқаны анықталған.

Осылайша, заңды күшіне енген сот актісімен дауланып отырған мәмілелерді бүркеме мәмілелер ретінде жарамсыз деп тануға негіз жоқ екені дәлелденген. Талап қоюшымен бұл дәлелдерді теріске шығара алатын басым күші бар қарсы дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған. Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқаны заңды әрі негізді.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

Судьялар А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.