6001-22-00-3г/1293
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 25 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Салық органы, Мекеме) «АМХ[...]» ЖШС-не, «CCC[...]» ЖШС-не, «Ш[...]» ЖШС-не, «ПЦС[...]» ЖШС-не, «CG[...]» ЖШС-не, «G[...]» ЖШСне, «AБ[...]» ЖШС-не шот-фактуралар және шарттардың негізінде түзілген мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 10 маусымдағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы Мекеменің келтірген өтінішхатын электрондық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мекеме аталған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгініп, оның негізінде олар оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғанын, себебі олардың аталған мәмілелерді іс жүзінде жасауға материалдық-техникалық базасы, қызметкерлері мен активтері, экономикалық қажетті материалдық ресурстарының көлемі жеткіліксіз болғанын көрсеткен.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
«АМХ[...]» ЖШС-мен «AБ[...]» ЖШС-нің арасында жасалған 2019 жылғы 1 сәуірдегі № 7 және 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 8 шарттар жарамсыз деп танылған.
«АМХ[...]» ЖШС-нен және «AБ[...]»ЖШС-нен, әрқайсысынан мемлекет кірісіне 1 459 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Талап қою арызының қалған бөліктері қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Ө[...] органы іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың істі қарау барысында материалдық құқық
нормаларын бұзғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, «АМХ[...]» ЖШС мен «AБ[...]» ЖШС-нің арасында 766 080 теңгеге 2019 жылғы 1 сәуірдегі № 7 және 4 138 848 теңгеге 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 8 азықтүлік тауарларын жеткізу жөнінде шарттар жасалған.
«АМХ[...]» ЖШС және:
-«CG[...]» ЖШС-нің арасында 32 929 542 теңгеге 2019 жылғы
1 ақпанда № 5 автокөлік қызметін көрсету жөнінде шарт жасалған.
- «G[...]» ЖШС-нің арасында 43 632 002 теңгеге 2019 жылғы
1 ақпанда № 7 автокөлік қызметін көрсету жөнінде шарт жасалған.
«ПЦС[...]» ЖШС-нің арасында 9 839 997 теңгеге 2019 жылғы 1 ақпанда № 4 автокөлік қызметін көрсету жөнінде шарт жасалған.
«Ш[...]» ЖШС-нің арасында 70 560 000 теңгеге екінші кезеңдегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының (Бейнеу-Бозой учаскесі 0-311кв.) трасса бойындағы (қызметтік) өткелін салу және пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды орындауға 2019 жылғы 3 қаңтарда № 1-с қосалқы мердігерлік шарт жасалған.
«CCC[...]» ЖШС-нің арасында 1 324 416 155 теңгеге техникалық және сервистік қызмет көрсету жөніндегі 2019 жылғы 8 қаңтардағы № 1 шарт және 2019 жылғы 1 наурыздағы оған № 1 қосымша шарт жасалған.
Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2021 жылғы 4 мамырдағы шығыс №ЭТД-17-04-02/1938 хатына сәйкес «АМХ[...]» ЖШС-нің басшыларына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігі, 235-бабы бойынша тергеп-тексеру басталған және қазіргі уақытта оның мерзімі ұзартылған.
Соттардың тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді. Ө[...] келесідей уәждер келтірілген:
- «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес лицензиялауға
сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы қызмет түрлері немесе әрекеттер (операциялар) жатады.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң тиiстi түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (бiрлескен кәсiпорындарды қоса алғанда) ғана құрылыстағы мердiгерлiк жұмыстарды орындайтын мердiгерлер бола алады.
«АМХ[...]» ЖШС (қосымша мердігердің қосымша мердігері) және «Ш[...]» ЖШС (қосымша мердігер) арасында «БейнеуБозой» газ құбыры құрылысы жұмысын орындау туралы 2019 жылғы 3 қаңтарда № 1-с шарт жасалған.
Сот отырысында жауапкер «АМХ[...]» ЖШС-нің өкілі А[...] талапкер өкілінің жоғарыдағы шарт бойынша жұмыстарды орындау үшін арнайы рұқсаты (лицензия) болу міндеттілігі туралы уәжіне мұндай рұқсат (лицензия) алу міндетті еместігін, бұл уәжі аталған қызмет түрі жарғысында көрсетілгенімен негізделетіндігі туралы жауап берген. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 159-бабының 1-тармағына сай қажеттi рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн жасалған мәмiле маңызсыз болады.
С[...], бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының «АМХ[...]» ЖШС-нің жарғысына сәйкес құрылыс жұмыстарын орындауға мүмкіндігі болғаны жөніндегі тұжырымы негізсіз деп есептейді.
- «АМХ[...]» ЖШС және «CG[...]» ЖШС арасында транспорттық қызмет көрсету туралы 2019 жылғы 1 ақпанда № 5 шарт жасалған.
«АМХ[...]» ЖШС және «G[...]» ЖШС арасында автокөлік құралымен тасымалдау қызметін көрсету туралы 2019 жылғы 1 ақпанда № 7 шарт жасалған.
«АМХ[...]» ЖШС және «ПЦС[...]» ЖШС арасында автокөлік құралымен тасымалдау қызметін көрсету туралы 2019 жылғы 1 ақпанда № 4 шарт жасалған.
Жауапкер «АМХ[...]» ЖШС-нің өкілі тарапынан «БЭП[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 3 қаңтардағы №001/2019 автокөлік қызметін көрсету жөнінде шартты жоғарыдағы шарттар бойынша қызметті іс жүзінде көрсетілгеніне дәлелдеме ретінде ұсынған.
Алайда, өтінішхат иесі аталған шарт «АМХ[...]» ЖШС және «CG[...]» ЖШС, «G[...]» ЖШС, «ПЦС[...]» ЖШС араларында шарт жасалмай тұрып, 1 ай бұрын қызмет көрсету жөніндегі шарт жасалуына, сондай-ақ қаржы төленгенін растайтын құжат ұсынылмауына байланысты дәлелдеме бола алмайды деп есептейді.
С[...], бірінші сатыдағы соттың автокөліктерді жалға алғанын көрсетіп отырғаны жөніндегі тұжырымы негізсіз деп санайды.
- «АМХ[...]» ЖШС және «CCC[...]» ЖШС арасында жабдықтарға техникалық және сервистік жұмыс пен қызмет көрсету туралы 2019 жылғы 8 қаңтарда № 1 шарт жасалған.
Осы келісім шартты орындау үшін «АМХ[...]» ЖШС және GPSSpraykote General Trading LLC (Б[...]) арасында тоңазытқыш, ыдыс жуғыш және кір жуу жабдықтары бойынша жұмыстар мен қызметтер көрсету туралы шарты бойынша №1, №2, №3, №4 әр қайсысы 1 170 966 400 теңгеге атқарылған жұмыстар туралы актілер рәсімделген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 166-бабы 5-тармағының 2) тармақшасында бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылатыны нақтыланған. Салық салу үшін шарттардың тек заң талаптарына сәйкестігі емес, оның бухгалтерлік құжаттармен дәлелденетін өзара нақты есеп айырысуы (төлем тапсырмасы, чек) болуы маңызды.
Шарттар мен электрондық счет-фактуралар, салыстыру актілері т.б. құжаттардың формалды түрде заң талаптарына сәйкес болуы жұмыстардың нақты орындалғанына сөзсіз дәлел бола алмайды.
Дегенмен, арыз беруші, «АМХ[...]» ЖШС тарапынан GPSSpraykote General Trading LLC (Б[...]) мекемесіне қаржы нақты аударылғанын, яғни есеп айырысу орын алғанын растайтын дәлелдеме сотқа ұсынылмаған деп көрсеткен.
Бұл ретте, Мекеме жабдықтарды жөндеу қызметі іс жүзінде көрсетілгені дәлелденбеген деп есептейді.
Осыған орай, бірінші сатыдағы соттың атқарылған жұмыстар туралы актілері мәміле бойынша міндеттемелердің іс жүзінде орындалғанына жеткілікті дәлелдеме болатыны туралы тұжырымы негізсіз деп санайды.
Мекеме, бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымын толық көлемде анықтамай, қолданылуға жататын заңды пайдаланбай, материалдық және процестік құқық нормаларын қолдану кезінде қателік жіберген деп санайды.
Арыз беруші, апелляциялық сатыдағы соттың осы мән-жайларға назар аудармай, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары негізсіз екендігіне қарамастан, заңдылығына дұрыс құқықтық баға бермей, қате тұжырымдарын түзетуге шара қабылдамағанын жазған.
С[...], Мекеме апелляциялық алқаның бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіскен тұжырымын негізсіз деп санайды.
Ө[...] көрсетілген және басқа да уәждер дау айтылған сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында анықталуға жататын негіздер болып табылады.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 10 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына келтірілген өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ж.Қашқынбаева
Көшірмесі дұрыс
Судья Ж.Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.