ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 шілде 6001-23-00-6ап/2789(2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Г.К.Нұрбаев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
талап қоюшының өкілі – К.Ж.Абдрамановтың,
жауапкер Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округі әкімінің өкілі – Ж.К.Абилдаевтың,
мүдделі тұлға – Д.Бысовтың, оның өкілі – С.Усеновтың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жанна Жумадиллаевна Ерсейтованың жауапкер Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округінің әкіміне, мүдделі тұлға Бысов Дмитрий Юрьевичтің Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 7 қыркүйектегі №27 санды Бысов Дмитрий Юрьевичке жалпы көлемі 600,0 шаршы метр жер учаскесін бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін жеке меншікке беру туралы шешімін заңсыз деп танып, күшін жою, Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 23 қарашадағы № 40 санды Жанна Жумадиллаевна Ерсейтоваға жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысына жауапкер Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округінің әкімі және мүдделі тұлға Д.Бысовтың келтірген кассациялық шағымдары келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округі әкімінің 7.09.2022 жылғы №27 санды Бысов Дмитрий Юрьевичке жалпы көлемі 600,0 шаршы метр жер учаскесін бақ өсіру және саяжай құрлысы үшін жеке меншікке беру туралы шешімі заңсыз танылып, күші жойылған.
Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округі әкімінің 23.11.2022 жылғы №40 санды Ерсейтова Жанна Жумадиллаевнаға жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешімі заңсыз танылып, күші жойылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Сот алқасы тараптардың кассациялық шағымы бойынша уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда Ж.Ж.Ерсейтованың әкесі Ерсеитов Жумадиллаға Шымкент облысының атқару комитетінің 1986 жылғы 27 ақпандағы №112 шешімі негізінде, жер иелену жоспарына сәйкес шекарада көлемі 0,0600 гектар жерді «Дорожник» саяжайынан өмір бойы мұраға қалдырып иелену құқығымен бағбандық үшін берілген.
Ж.Ерсеитовқа берілген жерді өмір бойы мұраға қалдырып иеленуге құқық беретін мемлекеттік актілер жазылатын кітапқа №94 санымен тіркелген, аталған актіге Түлкібас ауданының әкімі А.Мелдебеков және аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі комитетінің төрағасы А.Эшанкуловпен қол қойылған.
Талап қоюшы Ж.Ж.Ерсейтова өзінің әкесі Ж.Ерсеитовқа 1986 жылы «Дорожник» саяжайында берілген жерді, алдын анасы Ж.Р.Шатманова Түлкібас аудандық сотына бірнеше рет дауласқанын, заңды күшіне енген сот шешімдері негізінде даулы жерге Келтемашат ауылдық округі әкіміне жер беруге міндеттелгенін, содан анасы Ж.Р.Шатманова 2021 жылы 24 қыркүйекте қайтыс болғаннан кейін, даулы жерге 2022 жылдың 8 қараша күнгі мұраға құқық беру туралы куәлікті алып, Келтемашат ауылдық округінің әкіміне 2022 жылдың 9 қарашада қайтыс болған әкесі Ж.Ерсеитовтан қалған «Дорожник» саяжайында орналасқан көлемі 0,0600 га жер учаскесіне жеке меншік құқығымен пайдалануға беруге өтініш берген.
Алайда, Келтемашат ауылдық округінің әкімі нақты осы даулы жер бойынша бірнеше рет сотта дауланғанын біліп, заңды күшіне енген сот шешімдері қабылданғандығына қарамастан, конституциялық құқықтарын бұзып, 2022 жылы 23 қарашада №40 санды шешімімен Ж.Ж.Ерсейтоваға Келтемашат ауылдық округіне қарасты саяжай аумағынан сұраған жер телімі, аудандық жер комиссиясының қортындысына сәйкес, Келтемашат ауылдық округі әкімінің 2021 жылғы 7 сәуірдегі №16 шешімімен жер телімін беруден бас тартылғанын, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 52-бабының 1- тармағына сәйкес қазіргі таңда Д.Ю.Бысовтың атына құжат рәсімделгенін көрсетіп, жер телімін беруден бас тартқанын, өзі қайтыс болған анасының құжаттарын рәсімдеп жүрген кезінде, Келтемашат ауылдық округінің әкімі өзіне айтпай Д.Бысовқа бірнеше жылдан бері дауланып жатқан жерге заңсыз 2022 жылы 7 қыркүйекте №27 жеке меншікке шешім қабылдағанын көрсетіп, жоғарыдағы талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Іс құжаттарымен, Ж.Ерсейтованың мұралық мүлкіне Шымкент қаласы нотариаттық округінің нотариусы А.Ж.Оспанованың 2022 жылдың 8 қарашадағы куәландырумен заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік негізінде Ж.Ж.Ерсейтова, Ж.Р.Шатманованың мұрагер болып танылған.
Талап қоюшы Ж.Ж.Ерсейтова өзінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, Келемшат ауылдық округінің әкіміне 2020 жылдан бері дауланып жатқан жерге, жер учаскесін беру туралы өтінішімен жүгінген.
Алайда, Түлкібас аудандық жер комиссиясы дау болған жер учаскесіне, 2021 жылы 7 сәуірде №16 шешімімен жер беруден бас тартылғандығын, Жер кодексінің 52-бабына сәйкес, қазіргі уақытта қайтадан Д.Ю.Бысовтың атына құжат рәсімделген деген негізбен Ж.Ж.Ерсейтованың дау болған жер учаскесін беруден бас тарту туралы 2022 жылғы 22 қарашадағы №44 қорытынды қабылдаған.
Соның негізінде Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 23 қарашадағы №40 шешімімен дау айтылған жер учаскесін Ж.Ж.Ерсейтоваға беруден бас тартылған.
Келтемашат ауылдық округінің әкімі 2022 жылғы 7 қыркүйектегі №27 санды шешімі қабылдау барысында, Д.Ю.Бысов пен Н.Х.Миркадированың арасында жасалған 2019 жылғы 21 мамырдағы №743 санды сату сатып-алу келісім шартын негізге алған, алайда аталған келісім шарт пен №19-300-114252 санды мемлекеттік актісі соттың шешімімен жарамсыз деп танылып, күші жойылған.
Одан бөлек Келтемашат ауылдық округі әкімі 2022 жылғы 23 қарашадағы №40 санды шешімі қабылдау барысында, 2021 жылғы 7 сәуірдегі №16 санды әкімінің шешімін негізге алған, алайда Түлкібас аудандық сотының 2021 жылғы 6 тамыздағы заңды күшіне енген шешіммен, Ж.Р.Шатманованың талап қоюы қанағаттандырылып, Түлкібас аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 6 сәуірдегі №12 санды қорытындысы және Келтемашат ауылдық округі әкімінің 2021 жылғы 7 сәуірдегі №16 санды Ж.Р.Шатмановаға жер телімін беруден бас тарту туралы шешімі жарамсыз деп танылған.
Сонымен қатар, Түлкібас аудандық жер комиссиясына, Келтемашат ауылдық округі әкіміне Ж.Р.Шатмановаға Келтемашат ауылдық округі «Дорожник» массивінен 0,0600 шаршы метр жер телімін беруді қарастыру міндеті жүктелген. АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сәйкес, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті, олар тараптар қатысып отырған осы азаматтық іс бойынша қайта дәлелденбейді.
Яғни, заңды күшіне енген сот актілерімен Ж.Ж.Ерсейтованың дау болған жер учаскесі мен саяжай үйіне құқықтарынан заңсыз айырылғаны анықталған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Түлкібас ауданы әкімдігінің Келтемашат ауылдық округінің әкімі және мүдделі тұлға Д.Бысовтың келтірген кассациялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Г.Нұрбаев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.