ВС РК - Постановление от 08.10.2020 по делу 6001-20-00-6кп/54 (Об административном правонарушении)

6кп-54-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 08 қазан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Рахметулин А.Д., судьялар Балкен М.Т., Ермағамбетова Ж.Б., прокурор К[...],

уәкілетті органның өкілдері – полиция қызметкерлері Т[...], К[...],

әкімшілік іс жүргізгу тоқтатылған жөнінде тұлға – Ш[...], оның қорғаушысы Б[...]., өтініш беруші К[...] өкілі Б[...]

қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,

Атырау облысы Индер аудандық сотының 2019 жылғы 24 қазандағы және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қаңтардағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Ш[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 615-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Атырау облысы, [...] полиция бөлімінің 2019 жылғы 24 қазандағы қаулысымен Ш[...] ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 25 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Атырау облысы Индер аудандық сотының 2019 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен аталған уәкілетті органның қаулысының күші жойылып, құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылар қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген. Алқа, өтініш беруші өкілінің, уәкілетті органның өкілдерінің, прокурордың ұсынуды қолдаған, әкімшілік іс жүргізу жөнінде тоқтатылған жөнінде тұлғаның және оның қорғаушысының, сот қаулыларды күшінде қалдыруды жөнінде пікірлерін тыңдап, іс материалдарды тексеріп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот актілерінің күшін жоюға жатады деп есептейді. Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес, 2019 жылғы 10 мамырда сағат 21:00 шамасында Атырау-Индер тас жолында Ш[...] өзінің иелігіндегі түйе малын қадағалаусыз қалдырып, жүргізуші К[...] мемлекеттік белгісі [...] «Skoda Oktavia» маркалы автокөлігіне жол көлік оқиғасын жасауға әкеліп соққан үшін, материалдық зиян келтіргені анықталған. Осы факті бойынша уәкілетті органның қаулысымен Ш[...] ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бірінші сатыдағы сот аталған қаулыға Ш[...] келтірген шағымын қарап, іс бойынша ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауы туралы тұжырымға келіп, уәкілетті органның қаулысының күшін жойған.

Бірақ, сотың тұжырымы істің мән-жайларына және заңға сәйкес келмейді. Сонымен бірге, сот ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 4-бөлігінде көрсетілген талаптарды орындамаған.

С[...] жүрісі қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 24бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ат-арба көліктерінің (шаналардың) жүргізушілеріне, мал айдаушылар мен жүк артылған, жегілген және мініс малдарының және малдардың иелеріне малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға жол берілмейді.

Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес жол-көлік оқиғасы қараңғы уақытында болған. Ш[...] түйесі қадағалаусыз болып, жабыны қатты жолға шығып кеткен, өзі Ш[...] және бақташы, басқа малға қарайтын адам жол-көлік оқиғасы жасалған жерде болмаған.

«Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы №7 нормативтік қаулысының 26тармағына сәйкес, егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚБтК-нің 610-бабының 1- бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мәнжайларға қарай ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі немесе 633-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді.

Сондықтан, жергілікті соттардың Ш[...] іс әрекетінде бірде әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ деген тұжырымдары негізсіз. Жол-көлік оқиғасының әрбір қатысушысы өзінің Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жауапты болады.

Ш[...] Қағидаларының 24-бөлімінің 12-тармағы 1) тармақшасын бұзғанына қарамастан, ол жол қозғалысына қатысушы болып табылмайтынын сот көрсеткен. Осыған байланысты, көлiк құралдарын немесе өзге де мүлiктi бүлдiре отырып, жол-көлiк оқиғасына әкеп соққан автомобиль жолдарына бөлiнген жолақта мал жаю бұзушылығы үшін ӘҚБтК-нің 633-бабының 2-бөлігі бойынша оның әрекеттеріне сот дұрыс баға бермеген.

Осыған орай, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген негіздерге сәйкес қабылданған сот актілерінің күшін жоюға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануында бірізділікті бұзғаны анықталған.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі бойынша Ш[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Атырау облысы Индер аудандық сотының 2019 жылғы 3 желтоқсандағы, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қаңтардағы қаулыларының күшін жойып, іс жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Рахметулин Судьялар М.Балкен

Ж.Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.