6001-24-00-3гп/348
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 21 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: алқа төрағасы Н.К.Шəріпов,
судьялар Ш.С.Иманиязова, А.С.Савинова, талап қоюшының өкілі А.Т.Сақтағанованың, жауапкердің өкілі М.Тұрсынбаевтың,
қатысуымен
мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Медициналық орталық «Мухамбет»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі – ЖШС) жауапкер Аслан Маратович Мусабаевқа өтелген зиянды кері талап қою тəртібімен өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешіміне жəне Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сəуірдегі қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Медициналық орталық «Мухамбет»» ЖШС сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
А.М.Мусабаевтан «Медициналық орталық «Мухамбет» ЖШС-нің пайдасына 6 322 838 теңге өтелген зиян сомасы, 189 685 теңге мемлекеттік баж сомасы, барлығы 6 512 523 теңге өндірілген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сəуірдегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан əрі – сот алқасы) өтінішхат уəждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшы өкілінің өтінішхаттағы уəждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп
соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 19 қазанда «Медициналық орталық «Мухамбет» ЖШС-нің жұмысшысы - ағаш шебері Б.Утоков осы медициналық орталықтың бес қабатты ғимаратының сыртын бояу жұмыстарын жүргізу барысында жазатайым оқиғадан қайтыс болған.
«Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекторы басқармасы» ММ-мен құрылған комиссияның актісіне сəйкес 2022 жылғы 17 қазанда «Медициналық орталық «Мухамбет» ЖШС-нің Басқұдық селосы, Атамекен көшесі,15/1-үй мекенжайы бойынша орналасқан əкімшілік ғимаратын сырлау жұмыстарын жүргізу үшін мекеменің əкімшілік шаруашылық меңгерушісі мен қауіпсіздік жəне еңбекті қорғау инженері белгілі қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жұмыстарды биіктікте орындауға рұқсат береді. Автоматты гидравликалық көтергіш (АГП) арнайы көлігін сондай арнайы көліктердің қызметін ұсынатын тұрақтан тауып, А.Мусабаевпен жұмыс көлемі жөнінде ауызша келісімге келген. Мемлекеттік белгісі 896 LАZ12 «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергіштің басқаруында болған А.Аятбергенов есімді жалдамалы жүргізушісі мекеме ауласына келіп, АГП люлькасының қоршауын жиналмалы болуы себепті өзі құрастырғаны, түске дейін АГП көмегімен биіктікте зардап шегуші Б.Утоков пен əріптесі М.Сисеновтың ғимаратты сырлап, түскі үзілістен кейін зардап шегуші Б.Утоковтың əріптесі А.Амангельдиевпен бірге жұмыстарын жалғастыру үшін АГП көмегімен жоғарыға көтерілу кезінде 4 жəне 5 қабаттар аралығындағы биіктікте кенеттен люлькадағы қоршаудың тиісті бекітілмеуінен оған сүйеніп тұрған Б.Утоковтың аталған биіктіктен люлька қоршауымен бірге құлап түсіп, алынған жарақаттардың ауырлығынан оқиға орнында қаза тапқаны анықталған.
Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру барысында жұмыс беруші «Медициналық орталық «Мухамбет» ЖШС-нің тарапынан жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру барысында ұсынылған құжаттар мен мəнжайларды анықтау кезінде қандай да бір еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша заңбұзушылық анықталмағаны жəне актіге сəйкес тергептексеру барысында комиссияға ұсынылған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша зардап шегуші Б.Утоковтың қанында 0,295 промилле, не есепте 0,30% промилле этил спирті табылғаны көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар жəне даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 359 бұйрығымен бекітілген «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркəсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
туралы» қағидаларының (бұдан əрі – Қағидалар) 150-тармағына сəйкес көтергіш машинисі жұмыс басталар алдында көтергіштердің механиздеріне, металл құрылымдары мен қауіпсіздік құрылғыларына тексеру жүргізеді. Яғни, автоматты гидравликалық көтергіштің басқаруында болған А.Аятбергенов есімді жалдамалы жүргізуші, жұмыс басталар алдында люльканың қоршауының дұрыс əрі толық жиналғанына жеткілікті мəн бермегені көрсетіліп, орын алған жазатайым оқиғаға жоғары қауіптілік көзінің иесі А.Мусабаевты кінəлі деп есептеген.
Тексеру нəтижесі бойынша аталған комиссия келесідей қорытындыға келген: 1) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 186-бабы 2- тармағының 2)-тармақшасына сəйкес осы орын алған жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деп есептелініп, өндірістегі жазатайым оқиға туралы актімен рəсімделген. Ондағы жұмыс берушінің кінəсі - 100%; жұмыскердің кінəсі -0% деп белгіленген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі – АК) 932-бабын, 933-бабының 2-тармағын басшылыққа алып, жазатайым оқиғада жұмыс беруші мен «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергіштің иесінің де кінəсі бар деп түйіндеп, регресс тəртібімен талап қоюшының зардап шегуші Б.Утоковтың отбасына зиянды өтеу есебіне төлеген 12 645 676,67 теңгенің жартысын, яғни 6 322 838,33 теңгені жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірген.
Осыған қоса, сот АК-нің 933-бабына сəйкес келтірілген зиянды талап қоюшының жоғары қауіптілік көзін иеленуші А.Мусабаевтан регресс тəртібімен өндіріп алу құқығы бар деп есептеп, автоматты гидравликалық көтергіштің люлькасының қоршауына тиісті деңгейде қауіпсіздік талаптары қамтамасыз етілмегені үшін жоғары қауіптілік көзі иесінің де кінəсі бар деп негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырымдармен келіспей, талап қою қанағаттандыруға жатпайды деген қорытындыға келген.
Биіктікте орындалатын жұмыстар белгілі бір ережелерді сақтауды талап етеді. Осы іс бойынша жұмыс беруші ұйым, керісінше, автоматты гидравликалық көтергішті жалға пайдаланар алдында өз тарапынан оның техникалық ақаусыздығын, жарамдылығын, техникалық байқаудан өткенін анықтамай, автоматты гидравликалық көтергіш жүргізушісінің тиісті куəлігінің барына көз жеткізбестен, өз жұмыскерлерін биіктікке жұмысқа жіберген.
Жұмыс беруші биіктіктегі жұмысты үйлестіруді жүзеге асыру барысында Қағиданың 133, 967, 968-тармақтарын сақтамағанның салдарынан жұмысшы Б.Утоков жазатайым оқиғаға түсіп, мерт болған.
Бұдан басқа, зардап шегуші Б.Утоковтың қанында этил спирті табылғанына қарай, жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігіне мəн бермей, жұмыскердің биіктікте көтергішпен жұмыс атқаруына жол бергені расталған. Жұмыс берушінің жұмыскерлеріне қауіпсіздік шараларын өткізгенін, еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі заң талаптарын түсіндіргенін дəлелдейтін құжаттар ұсынылмаған.
Апелляциялық сатыдағы сот осы мəн-жайларды ескере отырып, жұмыс берушінің өз қызметкеріне келтірілген 12 645 676,67 теңге көлемінде зиянды өтеп, өтелген соманы регресс тəртібінде жалға алынған көлік иесінен өндіруді талап етуі заңға сыймады, атап айтқанда АК-тің 933, 594-6 баптарының талаптарына қайшы келеді деп тұжырымдаған.
АК-нің 594-1 - бабына сəйкес үшінші тұлғаларға көлік құралымен, оның тетіктерімен, құрылғыларымен, жабдықтарымен келтірген зиян үшін осы Кодекстің 931-бабының қағидаларына сəйкес жалға алушы жауаптылықта болады.
Сонымен қатар, АК-нің 933-бабының 1-бөлігінде басқа адамның (еңбек (қызмет, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң, көлiк құралын жүргізушi адамның жəне т.б.) келтiрген зиянды өтеушiнiң, егер заң актiлерiнде өзгеше мөлшер белгiленбесе, төленген төлем мөлшерiнде осы адамға керi талап қоюға (регресс) құқығы бар екендігі көзделген.
Осы аталған заң нормаларын дұрыс қолдана отырып, апелляциялық сатыдағы сот Б.Утоков жауапкер А.Мусабаевпен еңбек қатынасында болмағанын, оның тапсырысымен жұмыс жасамағанын, керісінше, ол талап қоюшымен еңбек қатынасында болып, жұмыс берушінің айтқанымен жұмыс атқарғанын алға тартқан.
Жоғары қауіптілік көзімен келтірілген зиян үшін жауаптылық жалға алушы «Медициналық орталық «Мұхамбет» ЖШС-не жүктелетіндігі апелляциялық сатыдағы соттың 2023 жылғы 11 қазандағы қабылдаған талап қоюшы А.Р.Нурдовлетованың жауапкер «Медициналық орталық «Мұхамбет» ЖШС-не келтірген моральдық залалды, міндетті сақтандыру шартын жасақтамағаны үшін тиісті соманы, жерлеуге жұмсалған шығынды, тиісті соманың уақытында төленбегені үшін айып ақыны өндіру туралы азаматтық іс бойынша қабылданған қаулысы ескерілген. Бірінші сатыдағы соттың жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі заң талаптары сақталмауын дұрыс анықтағанын, дей тұрғанмен материалдық заң нормалырын қолдануда қателікке жол бергенін апелляциялық сатыдағы сот толықтай талқылап, баға берген.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы тараптардың барлық уəждеріне апелляциялық сатыдағы сот тиянақты талдау жасап, заң тұрғысында баға бере отырып, тиісті заң нормаларын қолданған деген тұжырымға келді.
Сондықтан сот алқасы дау айтылған сот актісі күшінде, ал талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сəуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшы өкілінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шəріпов
Судьялар Ш. Иманиязова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.