6001-25-00-3ГП/172
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Шәріпов Н.К. судьялар Молдахметова Т.Ә., Савинова А.С., прокурор Молдаханов Н.А., талап қоюшының өкілі Д.А.Абжалиевтің, жауапкердің өкілі Б.Д.Имангалиевтің, үшінші тұлға К.И.Керейтбаевтың қатысуларымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер дара кәсіпкер Г.М.Байқазақоваға мақсаты бойынша пайдаланбаған және игерілмеген жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін жауапкер жағындағы үшінші тұлға Қ.И.Керейтбаев іске қатыстырылған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Дара кәсіпкер Г.М.Байқазақовадан Қызылорда қаласы, Саяхат мөлтек ауданы, «Саяхат-19» көшесі № 2А мекенжайында орналасқан көлемі 0,3 га, кадастрлық нөмірі 10-156-001-6634, «ғимаратқа қызмет көрсету үшін» жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмағаны және игерілмегені үшін мәжбүрлеп алынған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы прокурордың апелляциялық сот сатысы қаулысынның күшін жойып, шешімді күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын, талап қоюшы
өкілінің және үшінші тұлғаның өтінішхатты қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілінің өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісі төмендегі негіздерге байланысты күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2017 жылдың 13 қарашасындағы Қызылорда қаласы әкімінің № 9549 қаулысы мен жер учаскесін сатып алусату туралы № 183 келісімшарты негізінде жауапкерге Қызылорда қаласы, Саяхат мөлтек ауданы, «Саяхат-19» көшесі, № 2 «А» мекенжайында орналасқан көлемі 0,3 гектар, кадастрлық нөмірі 10-156-001-6634 жер учаскесі ғимаратқа қызмет көрсету үшін берілген.
«Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімі» КММ-нің 2023 жылдың 13 желтоқсандағы № 127 хатына сәйкес Департаментпен жауапкер тарапының жер заңдылықтарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында соңғының даулы жер учаскесін мүлдем пайдаланбай (игермей) отырғандығы анықталған деп көрсетілген.
2023 жылдың 6 наурызында Департамент тарапынан жауапкердің даулы жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланылмай отырғанын анықтап, оған 1 жыл ішінде мақсаты бойынша пайдалану жөнінде шаралар қолдану туралы № 35 нұсқама (әрі қарай – Нұсқама) берілген.
Өз кезегінде Нұсқамада берілген мерзім өткеннен кейін Департаменттің 2024 жылдың 11 наурыздағы № 19-12-03-02/627 хатымен Нұсқаманың орындалуы туралы сұрау салу хаты жауапкерге жолданған.
2024 жылғы 17 сәуірде жауапкерге қатысты № 244300550000128 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігімен жауапқа тартылып, 258 440 теңге айыппұл салынған.
Бірінші сатыдағы сот даулы болып отырған шешімді қабылдау барысында талап қоюшының талабы заңды және негізді, сондықтан қойылған талап қанағаттандырылуға жатады деген қортындыға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қою қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген қорытынды жасаған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (әрі қарай – Жер кодексі) 65-бабының 1-тармағының 1) тармақшасының талабына сай, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар жерді оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалау кезінде-оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусіз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.
Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес, егер құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» 2007 жылдың 16 шілдесіндегі № 6 нормативтік қаулысының 10-тармағында, соттар осы санаттағы істерді қарау барысында алғашқы және кейінгі меншік иелерінің жер, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген-жүргізбегенін, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, эскиз жобасын уәкілетті органдардың рұқсатын алғаналмағанын тексеруге, жер учаскелерін уақтылы игермеу себептерін тексеруге тиіс екендігі көрсетілген.
Іс құжаттарымен, кассациялық сот алқасының отырысында жауапкер өкілінің берген түсініктемесіне сәйкес, даулы болып отырған жер учаскесі сатып алынған кезде іші суға толған, көлдің орны болған. Ол жер учаскесіне баратын жол мен инфрақұрылым болмаған. 2019 жылы жерді игеру жұмыстарын бастаған кездерінде бүкіләлемдік Коранавирус пандемиясы басталып, игеру жұмыстары 2021 жылға дейін тоқтап тұрған. Бүгінгі күні жерді игеру мақсатында шамамен құны 12-15 000 000 теңге болатын жұмыстар жасалған. Атап айтқанда 2022 жылдан бастап жер учаскесі орналасқан тереңдігі 3-4 метр болатын сайлы жерге көлемі 12 000 кубтан астам құм мен топырақ тасталып, суды құрғату жұмыстары жүргізіліп, тегістеліп, тиісті түрде темір қоршаулармен қоршаланып, құрылыс нысанының іргетасы құйылып, құрылыс материалдарына қойма ретінде пайдалануға бірнеше 40 тонналық контейнерлер қойылғандығын, құрылыс материалдары жердің басына түсірілгендігін, айналасына абаттандыру мақсатында ағаштар егілгендігін, нысаналы мақсаты өндірістік база салу болғандықтан құрылыс нысанының эскиздік жобасы жасалынып, құзырлы мекемеге тапсырылғандығын көрсеткен.
2025 жылдың көктемінен бастап жер учаскесіне қайталап эскиздік жоба жасалып, ол Қызылорда қаласының қала құрылысы және архитектура бөлімінде бекітіліп, жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы
алынып, жер учаскесінде Сауда орталығының ғимаратын салу қарқынды жүріп жатыр. Сeбебi ағымдағы жылдың қазан, қараша айларында бұл құрылыс нысаны аяқталып, халық игілігі үшін берілуі жоспарланған.
Сонымен қатар, даулы жер учаскесіне 2025 жылдың сәуір айында техникалық шарттар бекітіліп, су құбыры мен электр желісі тартылған.
Қазіргі таңда даулы жерді игеру бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатқаны анықталған. Аталған жерді құрғату кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, жалпы алғанда бұған үш жылдан астам уақыт кеткен. Нәтижесінде жер тегістеліп, екі қабаттық ғимарат құрылысы басталған. Яғни, қазіргі таңда жер игеріліп, мақсаты бойынша пайдаланылуда.
Апелляциялық сот сатысы істі қарау барысында іс бойынша жиналған барлық дәлелдемелерге тиісті баға беріп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс тұжырымға келген.
Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» РММ-нің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов
Судьялар Т. Молдахметова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.