ВС РК - Постановление от 10.09.2021 по делу 6001-21-00-3ПП/47 (Гражданское)

6001-21-00-3ПП/47

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 10 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Мырзаке Ғ.Ж.,

судьялар Бектұрғанов М.Ж., Даниярова Ш.Т., Кейкибасова З.Б., Қуанышбаева Р.А., Молдахметова Т.Ә., Сисенова Н.О.,

талап қоюшы У[...], оның өкілі – Т[...], үшінші тұлға О[...] өкілі – С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] жауапкерлер К[...], Е[...] жылжымайтын мүлікке иелену мерзімі бойынша меншік құқығын тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 30 шілдедегі қаулысын қайта қарау туралы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

У[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап арызбен жүгініп, онда иелену мерзімінің ескіруі негізінде Қызылорда облысы, [...] (бұдан әрі – даулы үй) меншік құқығын тануды сұраған.

Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2018 жылғы 26 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, иелену мерзімінің ескіруі негізінде У[...] даулы үйге меншік құқығы танылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттық шешімі қалпына келтірілген.

Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында кассациялық сотпен құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғанына назар аударылған.

Сот алқасы О[...] өкілі С[...] ұсынымды қолдағаны туралы, У[...] және оның өкілі Т[...] қаулыны өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісінің

күші жойылып, апелляциялық сатыдағы сот қаулысы күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес, қабылданған қаулының орындалуы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін болатын жағдайларда, қабылданған қаулы адамдардың әлдеқандай тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайларда, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы АПК-нің 434бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда және сотпен анықталғандай, даулы үйдің меншік иесі Т[...], 1987 жылғы 2 қыркүйекте № 2812 реестірімен тіркелген өсиеті негізінде даулы үйді Грузия Республикасының азаматы К[...] мұраға қалдырған.

1995 жылғы 13 наурызда Т[...] қайтыс болған.

2007 жылғы 3 шілдеде К[...] жоғарыда аталған мұраны қабылдау үшін Х[...] сенімхат берген.

Бұдан бөлек, заңды күшіне енген 2007 жылғы 4 қыркүйектегі Қызылорда облысы, Қазалы аудандық сотының шешімімен даулы үйге қатысты О[...] мен Т[...] арасында жасалған сатып алу-сату шарты заңды деп танылған. 2008 жылғы 5 қаңтарда Қазалы ауданының нотариусы Қ[...] К[...] мұрагер деп танып, мұраға құқық беретін куәлікті К[...] атынан сенімхат арқылы әрекет етуші Х[...] берген. 2008 жылғы 20 маусымда К[...] даулы үйді сату үшін Х[...] сенімхат берген.

2008 жылғы 5 шілдеде Х[...] сатып алу-сату шарты бойынша даулы үйді Е[...] сатқан. Осы уақытта О[...] жоғарыда аталған өсиет бойынша К[...] берілген мұраға құқығы туралы куәлікті даулап, сотқа жүгінген.

Талабын даулы үйді Т[...] 1995 жылы ауызша келісім бойынша 150 000 теңгеге сатып алғанымен негіздеген.

Қазалы аудандық сотының 2008 жылғы 4 қарашадағы шешімімен оның талабы қанағаттандырылып, К[...] берілген мұраға құқығы туралы куәлік заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Осыдан кейін, М.О[...].Т[...] екеуінің арасындағы ауызша жасалған сатып алу-сату шартын заңды деп тану туралы, ал К[...] сенімхаты негізінде әрекет етуші Х[...], О[...] отбасы мүшелерімен даулы үйден еріксіз шығару туралы қарсы талаппен сотқа жүгінген.

Соттың 2009 жылғы 3 сәуірдегі заңды күшіне енген шешімімен О[...] талабы қанағаттандырусыз, ал Х[...] қарсы талабы қанағаттандырылған.

О[...] даулы үйге меншік құқығын тіркеткен құжаттарының күші жойылып, бастапқы қалпына келтірілген және даулы үйден отбасы мүшелерімен басқа тұрғын үй-жай берілмей еріксіз түрде шығарылған.

Бұдан әрі, О[...] сотқа Х[...] мен Е[...] өзгенің иелігінен мүлікті алу туралы талап қою арызымен жүгініп, соттың 2010 жылғы 13 қыркүйектегі заңды күшіне енген шешімен бұл талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өз кезегінде Е[...], 2010 жылғы 15 қарашада даулы үйді сатып алу-сату шарты негізінде У[...] сатқан.

У[...] 2013 жылы О[...] өзгенің жер учаскесіне салынған құрылыстарды өз есебінен бұзу туралы, ал О[...], Х[...], Е[...] пен У[...] араларында жасалған жоғарыда көрсетілген мәмілелерді даулап қарсы талаптармен жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 30 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Байқоңыр қалалық сотының 2013 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен У[...] талабы қанағаттандырылып, О[...] қарсы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2014 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен жоғарыда аталған сот актілерінің күші жойылып, У[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз, ал О[...] қарсы талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

К[...] мен Е[...] арасында 2008 жылғы 5 шілдедегі, Е[...] пен У[...] арасында 2010 жылғы жасалған сатып алусату шарттары жарамсыз деп танылып, олардың және даулы мүліктің К[...] атына мемлекеттік тіркеулерінің күші жойылған.

Осыдан кейін, 2014 жылғы 4 шілдеде нотариус Қ[...] марқұм Т[...] өсиеті негізінде даулы үйге мұраға құқығы туралы куәлікті К[...] екінші рет берген.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің Қазалы ауданы Әділет басқармасының 2014 жылғы 14 шілдедегі меншік иесі туралы мәліметіне сәйкес даулы үйдің иесі К[...] болып табылады.

2016 жылы бұл куәлікті О[...] сотқа қайта даулап, Қазалы аудандық сотының заңды күшіне енген 2016 жылғы 5 мамырдағы шешімімен оның талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сонымен дау нысаны болған үйге қатысты 2008 жылдан бастап 2016 жылдар аралығында соттардың әртүрлі сатыларында бірқатар талаптар қаралып, даулы үй түпкілікті К[...] меншігінде қалған.

Осыдан соң, қаралып отырған істің мән-жайына сәйкес, У[...] даулы үйді иелену мерзімінің ескіруі негізі бойынша заңдастыру үшін сотқа

жүгініп, дәлелдеме ретінде үйдің техникалық паспортының, тұрғын үйді сатып алу-сату шарты мен үйді күтіп ұстау мақсатында жүргізілген төлем анықтамаларын ұсынған.

Бірінші сатыдағы сот даулы үйге меншік құқығын тану туралы тұжырымын жоғарыда аталған дәлелдемелер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 240-бабының талаптарында көзделген мән-жайлар жиынтығын құрайтынымен негіздеген. Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық алқа, иеленудің адалдығы дәлелденбейді, У[...] даулы мүлікке меншік құқығын белгілейтін құжаттары сот шешімімен жарамсыз деп танылған, сондықтан оның мүлікті заңды жолмен иеленді деуге негіз жоқ, 2014 жылы өзге тұлғаның меншік құқығы тіркелген мүлікке меншік құқығын тану заңға қайшы келеді деген қорытындыға келген.

Кассациялық сот сатысы апелляциялық сот алқасының тұжырымымен келіспей, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтірген.

АК-нің 240-бабына сәйкес, мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.

Қазалы аудандық сотының 2018 жылғы 2 мамырдағы ұйғарымымен осы іс бойынша талап қоюшы У[...] талап арызына қатысты К[...] пікірін білу мақсатында Грузия Республикасының Әділет министрлігіне сот тапсырмасы жолданған.

Қазалы аудандық сотының 2018 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымымен аталған сот тапсырмасы бойынша Грузия Республикасынан ұзақ уақыт жауап келмеуіне байланысты іс бойынша іс жүргізу өндірісі қайта жанғыртылған.

Қызылорда облысы әділет департаментінің 2019 жылғы 4 қыркүйектегі хатына сай Грузия мемлекетінің Әділет министрлігінен К[...] қатысты ақпарат түскен.

Аталған ақпаратқа сәйкес, Грузия мемлекетінің Әділет министрлігі Қазалы аудандық сотының тапсырмасын орындау К[...] өліміне байланысты, оның 2008 жылғы 6 маусымда тіркеуден алынуына орай мүмкін еместігін хабарлаған.

О[...] 2019 жылғы 20 қыркүйекте Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2018 жылғы 26 қарашадағы шешімін жаңадан ашылған мәнжайлар бойынша қайта қарау туралы арызбен сотқа жүгініп, жаңадан ашылған мән-жай ретінде К[...] қайтыс болу фактісін көрсеткен.

Қазалы аудандық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы ұйғарымымен О[...] арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қарастырылып отырған жағдайда, соттың У[...] даулы мүлікті иеленудің ашықтығын сақтады деген тұжырымы негізсіз болып табылады.

Бұған қоса, соттың У[...] тұрғын үйдің ұстау ауыртпалығын көтеріп жеті жыл бойы жеке өзі ұдайы иеленіп келгендігі туралы тұжырымы да негізсіз болып табылады, себебі, 2013 жылы У[...] О[...]

өзгенің жер учаскесіне салынған құрылыстарды өз есебінен бұзу туралы талап қойып сотқа жүгінген, яғни 2013 жылға дейін даулы мүлік орналасқан жерге О[...] құрылыс жұмыстарын жүргізгені дәлелденген.

Мүлікке иелену мерзімінің ескіруі негізі бойынша меншік құқығын тану үшін, азаматтың немесе заңды тұлғаның мүлікті адал иеленгені дәлелденуі керек, яғни, ол даулы мүлікке өзінің меншік құқығының жоқ екендігін білмеуі немесе білуге тиіс болмауы қажет.

Арыз беруші мүлікті өзінің жеке меншігі сияқты ашық пайдалануы тиіс, оның ашық пайдаланып отырғаны басқа тараптарға мәлім болуы және адалдығы көрінуі керек.

Кассациялық сот алқасы, даулы үйдің төңірегінде орын алған құқықтық қарым қатынастарды талдай отырып, осы іс бойынша қойылған талаптың шегінде АК-нің 240-бабын қолдануға құқықтық негіз жоқ деп санайды, өйткені даулы үйге қатысты тараптардың арасындағы бірнеше дау 2008 жылдан бастап 2016 жылға дейін соттарда қаралғанына көз жеткізе отырып, оған иелену мерзімінің ескіруі бойынша меншік құқығын тану туралы тұжырым заң талаптарына сәйкес келмейді.

Аталған норманың мағыналық мазмұны бойынша иелену мерзімінің ескіруі негізімен мүлікке меншік құқығын тану үшін, үш шарттың жиынтығы болуы қажет, яғни адалдық, ашықтық және ұдайылық.

Осы іс бойынша мұндай шарттардың жоқ екені апелляциялық алқамен даусыз анықталған.

Демек, апелляциялық сатыдағы соттың, АК-нің 240-бабының талаптарын сақтап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 3 «Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысымен өзара байланыстыра отырып, У[...] даулы мүлікке меншік құқығын тану жөніндегі талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымы заңды және негізді болып табылады.

Мұндай жағдайда, кассациялық сот алқасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 30 шілдедегі қаулысының күші жойылып, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сай, сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді.

Сотпен анықталғандай, даулы үй 500 000 теңгеге бағаланған. Яғни, Жоғарғы Сотқа өтінішхатпен жүгіну кезінде мемлекеттік баж салығы талап құнынан 0,5% - 2 500 теңге төленуі қажет. Алайда, үшінші тұлға О[...] мемлекеттік баж салығын 45 000 теңге артығымен төлеген.

Осыған байланысты, үшінші тұлға О[...] пайдасына сот шығыстарының 2 500 теңгесі У[...] өндірілуі, ал қалған 42 500 теңгесі мемлекеттік бюджеттен қайтарылуы тиіс.

Сонымен қатар, үшінші тұлға О[...] өкілі С[...] өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды өндіру туралы өтініші төлем құжаттарының анықтығын тексеру мүмкін болмауына байланысты қанағаттандыруға жатпайды.

АПК-нің 109-бабының 4-бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы сот тараптың арызы бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда істі қарау барысында жұмсаған сот шығыстарын, егер өтінішхат сот сатыларында істі қарау кезінде талқыланса, бірақ сот шығындары ұсынылған құжаттардың анықтығын тексеру қажеттігіне байланысты өндіріп алынбаған және бұл туралы тиісті сот сатысындағы соттың қаулысында көрсетілсе, өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.

Осыған орай өкіл, өкілдік көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды өндіру мәселесі бойынша бірінші сатыдағы сотқа тиісті өтініш пен төлем құжаттарының түпнұсқасын ұсыну арқылы жүгінуге құқылы.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 9) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 30 шілдедегі қаулысының күші жойылсын, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

У[...] үшінші тұлға О[...] пайдасына 2 500 (екі мың бес жүз) теңге сот шығыстары өндірілсін.

Мемлекеттік бюджеттен үшінші тұлға О[...] пайдасына 42 500 (қырық екі мың бес жүз) теңге мемлекеттiк баждың артық төленген сомасы қайтарылсын.

Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ғ. Мырзаке Судьялар М. Бектұрғанов Ш. Даниярова З. Кейкибасова Р. Қуанышбаева Т. Молдахметова Н. Сисенова

Көшірмесі дұрыс

Судья Т. Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.