6001-22-00-3Г/3466(2)
2022 жылғы 3 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С.Әбдірахманов,
талап қоюшы З[...] Мəлікқызы А[...] жауапкерлер Б[...], А[...], К[...], А[...], Е[...], үшінші тұлғалар «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамына (бұдан əрі – АҚ, Банк), жеке нотариустар Ж[...], А[...] сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану жəне моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 15 қазандағы шешімін жəне Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қаңтардағы қаулысын кассациялық тəртіппен қайта қарау туралы жауапкер А[...] келтірген өтінішхатын электрондық азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
А[...] сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, онда А[...] ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi болып табылатын пəтерді оның келісімінсіз иеліктен шығарғанымен негіздеген.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 15 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
А[...] пен Б[...] арасындағы 2006 жылғы 14 қыркүйектегі № 302 жəне Б[...] пен А[...] арасындағы 2021 жылғы 30 сəуірдегі № 1607 Қызылорда қаласы, [...] пəтерді (бұдан əрі - даулы пəтер) сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылған.
Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған шешімдерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мəн-жайларына сəйкес келмейтінін алға тартып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Өтінішхат уəждері мен электрондық азаматтық іс құжаттарын зерделеп, судья мұндай негіздер бар деген тұжырымға келеді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 1988 жылғы 20 ақпанда А[...] мен А[...] араларындағы неке тіркелген.
А[...] 2005 жылғы 15 тамыздағы № 6914 сатып алу-сату шарты негізінде даулы пəтердің меншік иесі болған.
2006 жылғы 14 қыркүйекте А[...] пен Б[...] арасында даулы пəтерді сатып алу-сату туралы № 302 шарты жасалған.
2006 жылғы 19 қыркүйектегі № 188 банктік заем шартына сəйкес Б[...] даулы пəтерді сатып алу мақсатында «Банк Центр Кредит» АҚ-ның Қызылорда филиалынан 2 700 000 теңге несие алған.
Банктік заем шарты бойынша міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз ету үшін даулы пəтер кепілге қойылған.
Б[...] өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты Қызылорда қалалық сотының 2011 жылғы 11 мамырдағы шешімімен соңғыдан Банктің пайдасына 3 574 632 теңге жəне сот шығысы өндірілген.
2020 жылғы 31 желтоқсанда аталған банктік заем шарты бойынша Б[...] міндеттемелері толығымен орындалған.
2021 жылғы 30 сəуірде Б[...] пен А[...] арасында даулы пəтерді сатып алу-сату шарты жасалынып, 2021 жылғы 5 мамырда соңғы мен оның зайыбы Е[...] атына меншік құқығы тіркелген.
Жергілікті соттар даулы пəтер А[...] мен А[...] ортақ мүлкi болып табылғандықтан, ол талап қоюшының келісімінсіз иеліктен шыққанын негізге алып, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.
Өтінішхат уəждерінде А[...] 2021 жылы «Крыша KZ» сайты арқылы даулы пəтерді тауып, сатып алғанын, онда жөндеу жүргізілмегенін, адам тұруға арналмаған қалыпта болғанын, тек қойма ретінде қолданылғанын көрсеткен.
Сатып алу-сату шартын жасау барысында жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) жоқ болған.
Кейін даулы пəтерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны адам тұрарлықтай қалыпқа келтірген. Осыған орай, Азаматтық кодекстің (бұдан əрі - АК) 216-бабының 1-тармағына сай өздерін даулы пəтердің адал сатып алушылары деп санайтынын мəлімдеген.
2005 жылы А[...] банктен несие алу мақсатында даулы пəтерді өзінің туысы Б[...] атына аударып, делдал К[...] арқылы кепілге қойып, 2006 жылы несие міндеттемесін орындағанына назар аударған.
Сонымен қатар, А[...] он төрт жылдан астам уақыт ішінде даулы пəтердің иелігінен шыққанын білмеуі негізсіз деп есептейтінін, соңғымен талап қою мерзімі өткізіп алынғанын жəне адалдық, парасаттылық пен əдiлеттiлiк талаптары өрескел бұзылғанын мəлімдеген.
АК-нің 158-бабының 3-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мəмiленi əдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдiк уəждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетiнен туындаса, мəмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.
Сондай-ақ өтінішхат бірінші рет уақытында берілгенін, алайда кемшіліктерді жою үшін қайтарылғандықтан, сот актілеріне кассациялық тəртіпте шағым жасау мерзімін қалпына келтіруді сұраған.
Өтінішхатта келтірілген уəждер жəне басқа да мəн-жайлар сот актілерін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.
Қорыта келгенде, жауапкер А[...] процестік мерзім дəлелді себептермен өткізіліп алынған деп танып, судья сот актілеріне кассациялық тəртіпте шағым жасау мерзімі қалпына келтірілуге жатады жəне өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.
АПК-нің 126-бабын, 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Өтінішхатты беру мерзімі қалпына келтірілсін.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 15 қазандағы шешімін жəне Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қаңтардағы қаулысын кассациялық тəртіппен қайта қарау туралы жауапкер А[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья С.Әбдірахманов Көшірмесі дұрыс Судья С.Әбдірахманов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.