6кп-73-22
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 23 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Б.Б.Шермұхаметов, М. Таймерденов, прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Д[...]
қатысуларымен,
бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен Д[...] (TAMARA TANIRBERGENOVNA DJUMANOVA) қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4- бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Алматы облысы Енбекшіқазақ аудандық сотының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысымен Д[...] (TAMARA TANIRBERGENOVNA DJUMANOVA) ӘҚБтК 517-бабының 4- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен бес күн ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулысын қайта қарау көрсетілген.
Іс құжаттарын зерделеп, прокурор Т[...] ұсынуды қолдаған, Д[...] ұсынуды қанағаттандыруды сұраған пікірлерін тыңдап, ұсынудың уәждерін талқылап, сот алқасы бірінші сатыдағы сот қаулысының күші төмендегі мән-жайлардың негізінде жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Осы іс бойынша шығарылған қаулыны қайта қарау үшін негіз бар.
Іс материалдарына сәйкес, Д[...] заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарып, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4- бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.
Сотпен Д[...] әкімшілік құқықбұзушылық жасаған әрекетін ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен дұрыс саралаған, кінәсі толық дәлелденген.
Алайда, Д[...] әкімшілік жаза тағайындау барысында сотпен істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеген.
ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Осыған ұқсас талаптар «Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі №5 нормативтік қаулысының 19тармағында көрсетілген.
Сот қаулыны қабылдау барысында Д[...] кінәлі деп танылған баптың санкциясында жазаның баламалы түрлері бола тұра, әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын сақтамай, жаза шарасын таңдау барысында кінәлінің жеке басын, мүліктік, отбасылық жағдайын ескермеген. Д[...] Алматы облысы, [...] өзінің туған ұлы Қазақстан Республикасының азаматы А[...] және туған бауырлары - Қазақстан Республикасының азаматтары Д[...], Д[...], Д[...], Д[...] турады.
Кассациялық сот отырысында Д[...] Қазақстан аумағына өзінің ұлы А[...] үйіне немересі туылғанына байланысты қонақ болып келгенін, денсаулығына байланысты заңда белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кете алмағанын, өзінің ұлты қазақ екендігін, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға дайындалып жүргенін айтып көрсеткен.
Аталған мән-жайлар бірінші сатыдағы сотта зерделенбеген. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.
Д[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу түріндегі жаза туған ұлымен, бауырларымен араласуына, кездесуіне кедергі тудырады.
Мұндай жағдайда, сот алқасы бірінші сатыдағы сотпен қабылданған қаулының күшін жойылып, іс жаңадан сот қарауына жолдануға жатады деген тұжырымға келді.
Істі жаңадан қарау барысында сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді ескере отырып, іс бойынша барлық дәлелдемелерді, мән-жайларды толық, жан-жақты, объективті тексеріп, баға беріп, заңға негізделген шешім қабылдауы қажет.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Д[...] (TAMARA TANIRBERGENOVNA DJUMANOVA) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Алматы облысы Енбекшіқазақ аудандық сотының 2022 жылғы 16 маусымдағы қаулысының күшін жойылып, іс жаңадан сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Судьялар:
Б.Шермұхаметов
М. Таймерденов
Көшірмесі дұрыс
М. Таймерденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.