6001-20-00-3гп/448
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 3 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Таймерденовтің,
судьялар С.Ж.Абдолла, М.Ж.Бектұрғановтың,
прокурор У[...],
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкер өкілі Б[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы П[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Полиция департаменті) бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 5 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Полиция департаментінің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Полиция департаментінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының қызмет ісі жөніндегі орынбасары лауазымына қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін 3955821 теңге көлемінде жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 5 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. Шешімнің даулы бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Полиция департаментінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ бұйрығының П[...] қатысты бөлігінің күші жойылған. П[...] Полиция департаментінің Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының қызмет ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастырылған.
Жауапкерден амалсыз бос жүрген уақыт үшін 1825764 теңге жалақы және мемлекет кірісіне 18258 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Полиция департаменті өтінішхатында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатынын көрсетіп, Түркістан облыстық сотының 2020 жылғы 5 қарашадағы қаулысының күшін жойып, Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 5 тамыздағы шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, прокурордың апелляциялық сот алқасы актісінің күшін жойып аудандық соттың шешімін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актісінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілі Т[...] Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының қызмет ісі жөніндегі орынбасары П[...] қызмет атқару барысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды “АИПС” дерекқорына тіркемегені үшін жіберілген кемшіліктерге процестік шара қолданбау үшін пара ұсынғаны жөнінде арызданған.
2019 жылғы 8 маусымда Полиция департаментімен П[...] қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ( бұдан әрі - ҚК ) 371-бабының 1-бөлігімен № 195169031000105, ал 2019 жылғы 18 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментімен ( бұдан әрі - СЖҚІҚА ) ҚК-нің 371-бабының 1- бөлігімен № 195100041000021 сотқа дейінгі тергеп тексерулер басталған. Аталған қылмыстық істер 2019 жылғы 05 шілдеде бір өндіріске біріктірілген.
2019 жылғы 20 маусымдағы № 737 ж/қ Полиция департаментінің бұйрығымен П[...] Әдеп кодексінің 5-тармағының 13) тармақшасын және «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ( бұдан әрі - № 380-ІV Заң ) 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасын бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған.
СЖҚІҚА-нің 2020 жылғы 29 ақпандағы қаулысымен П[...] іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбеуіне байланысты Қазақстан Республикасының
Қылмыстық процестік кодексінің ( бұдан әрі - ҚПК ) 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған. Осыған байланысты П[...] азаматтық іс бойынша сотқа талап қою арызбен жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығының 1-тармағы 16) тармақшасымен бекітілген ( Әділет министрлігінде №7032 санатымен 2011 жылдың 24 маусымында тіркелген ) « Ішкі істер органдарындағы қызметін тоқтатқан қызметкерлерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының кадрынан шығару қағидаларының» 13-тармағына сілтеме жасап, № 380-ІV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12)-16) тармақшаларында көзделген негіздер теріс қылықтар болып табылатынын, аталған негіздермен қызметтен босатылған қызметкерлер ішкі істер органына қызметке қайта қабылданбайтынын көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот, сот шешімін өзгерте отырып, П[...] Т[...] пара ұсыну фактісі расталмағанын, тергептексеру кезінде айыпталушы ретінде және кейін сот үкімімен кінәлі деп танылмағанын, сол себептен құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықты жасағанын жәнеӘдеп кодексінің талаптарын бұзғанын растайтын дәлелдемелер жауапкермен ұсынылмағанын көрсеткен.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
№ 380-ІV Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметкер құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» ( бұдан әрі - Әдеп кодексі ) 5- тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде құқық қорғау органының қызметкерлері өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігі төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, жасағаны үшін заңнамада, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс.
П[...] сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қызметтік тәртіп пен заңдылықты бұзуды болдырмау жөнінде жүргізілген ісшаралардан өзіне қорытынды шығармай, тәрбиелік мәні бар жұмыстарды тиісті деңгейде игермей, тәртіптік теріс қылықтың орын алуына жол беріп,
соның салдарынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасап, өзінің іс-әрекеттерімен сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын ісәрекеттер жасаған.
Бұл мән-жайлар П[...] қатысты жинақталған құжаттардың негізінде жүргізілген қызметтік тексерудің 2020 жылғы 14 маусымдағы қорытындысымен анықталып, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін П[...] жұмыстан босатылған.
Талап қоюшыға қатысты қылмыстық істің тоқталуы, оның жұмыстан босатуға негіз болған мәнжайларды жоймайды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 27 мамырдағы «Ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелер туралы» № 246 бұйрығының 16 қосымшасы 13 бөлігіне сәйкес қызметкерлерді Заңның 80 бабының 1 тармағының 12-16 тармақшаларында қарасттырылған негіздермен жұмыстан шығару теріс қылықтар болып табылдады, аталған негіздермен қызметтен босатылған адамдар ішкі істер органынан қызметке қайта қабылданбайтындығы көрсетілген.
П[...] өзінің іс-әрекеттерімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзғанын және құқық қорғау органдарының абыройына нұқсан келтіргенін, аталған фактілер тәртіптік жазаға тарту үшін жеткілікті негіз болып табылатынын көрсетіп, Түркістан қалалық соты талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс шешім қабылдаған.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Апелляциялық сот алқасының жіберілген кемшіліктері заң талаптарын өрескел бұзғаны болып табылады, себебі олар істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Осыған орай, апелляциялық қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 5 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 5 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
«Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
М. Таймерденов С. Абдолла М. Бектұрғанов
Көшірмесі дұрыс.
Судья С. Абдолла
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.