Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/644 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 4 қыркүйек №6003-25-00-2к/644 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

жауапкер өкілі А.А.Кругловтың, аудармашы С.М.Кенесовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Арман санаторий» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) жауапкер дара кәсіпкер «Ю-Ком» Гузенко Максим Викторовичты (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қаңтардағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Қоғам аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер шарт бойынша міндеттемесін тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 қазандағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Қоғамның талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған, Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кәсіпкер кассациялық шағымында жеткізілген тауардың техникалық сипаттамасы шартпен көзделген тауардан жоғары екенін, техникалық ерекшелікте көрсетілген тауар шығарылмайтынын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен осындай бұзушылықтарға жол берген.

Анықталғаны, 2024 жылғы 6 мамырда тараптар арасында тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты (бұдан әрі - Шарт) жасалып, Кәсіпкер

жалпы сомасы 2 939 848 теңгеге 1 дана «Насос центробежный Д-320-70 с двигателем 75кВт 1500 об/мин» (бұдан әрі - тауар) жеткізуге міндеттенген. Шартпен көзделген мерзімде Кәсіпкермен әкелінген тауар («1Д315-71» үлгісіндегі сорғы) техникалық ерекшеліктің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты Қоғаммен қабылданбаған.

Қоғамның талабын қанағаттандыру жөніндегі шешімін апелляциялық сатыдағы сот жеткізілген тауардың көлемі мен қосылу өлшемдері, қуаты Шартпен айқындалған техникалық сипаттамаға сәйкес келмейді, сол себепті тауарды қолдануға мүмкін болмаған деп негізсіз тұжырымдаған.

Себебі, Шарттың 4.2. тармағына сай Шарт шеңберінде жеткізілген тауарлар техникалық ерекшелікте көрсетілген стандарттарға сәйкес немесе олардан жоғары болуы тиіс.

Жеткізілген тауардың техникалық ерекшелікте көрсетілген стандарттардан жоғары екені сотта дәлелденген және тараптармен жоққа шығарылмаған.

Сонымен қатар, тауар Ресей Федерациясында орналасқан «Завод «ГСМ ЛИВГИДРОМАШ» акционерлік қоғамында жасап шығарылатыны, оның 2024 жылғы 1 тамыздағы хатына сәйкес «бұрын шығарылатын «Д320-70» үлгісіндегі сорғы модификациядан өткен (жаңартылған) және қазіргі кезде «1Д315-71» үлгісінде шығарылады, бұл құрылғылар барлық техникалық сипаттамалары бойынша ұқсас» екендігі анықталған.

Яғни, Кәсіпкер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 272бабының негізінде мiндеттемесін Шарт талаптарына сәйкес тиiсiнше орындаған.

Бұл жағдайда бірінші сатыдағы сот «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 Нормативтік қаулысының 8- тармағында айқындалғандай адалдық пен парасаттылық өлшемдерін басшылыққа алып, Кәсіпкер сапасы мен техникалық сипаттамасы жағынан жоғары тауарды көзделген мерзімде жеткізген, тауарды жасап шығарушы зауыттың хабарламасына сай тауарлардың барлық техникалық сипаттамалары бірдей, сол себепті талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген заңды әрі негізді тұжырым жасаған.

Осыған орай, алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қаңтардағы қаулысының күші жойылып, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 24 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер дара кәсіпкер «Ю-Ком» Гузенко Максим Викторовичтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.