6001-24-00-6ап/783
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 24 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Тілесбай Жұмабайұлының жауапкер Бақытжан Сарсебекович Колбаевқа 2023 жылғы 8 қарашадағы №249 санды хатымен өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған іс-әрекетін, 2023 жылғы 22 қарашадағы жасалған атқарушылық әрекеттер үшін төленетін соманы және атқарушылық іс-жүргізудің аяқталуы бойынша төленетін соманы бекіту туралы қаулысын заңсыз деп тану, негізсіз алған қызмет ақысына ұсталған 120 010,45 теңгені және 3000 теңгені кері қайтаруды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Т.Жұмабайұлы жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, жеке сот орындаушысы Б. Колбаевтің (бұдан әрі ЖСО, сот орындаушысы) даулы іс-әрекеттерінің заңсыздығымен негіздеген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда жеке сот орындаушысы Б.Колбаев қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамаған деп тұжырымдаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюшы Т.Жұмабайұлының талап арызын толық қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымы ӘРПК-нің 8- бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 126-бабының 3- тармағына сай сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Іс құжаттарынан анықталғандай, сот орындаушысы Б.Колбаевтың өндірісіне «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2021 жылғы 22 қазандағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулысымен борышкер Т.Жұмабайұлынан мемлекет кірісіне 2 041 900 тенге айыппұлды өндіру туралы атқару парағы қабылданып, атқарушылық іс қозғалған.
Атқару құжатын орындау барысында сот орындаушысы борышкер Т.Жұмабайұлының зейнетақысынан өндіру туралы қаулы қабылдап, соңғының зейнетақысының 50 % ай сайын өндіріп, жалпы 798 312 теңге өндірілген, оның ішінде 675 571,55 теңге мемлекет пайдасына аударылған, жауапкердің қызмет ақысы ретінде 120 010,45 теңге және атқару өндірісінің шығыны ретінде 3 000 теңге ұсталған.
ЖСО Б.Колбаевтің 2023 жылғы 17 ақпандағы қаулысы негізінде Т.Жұмабайұлынан мемлекет кірісіне 2 041 900 тенге айыппұл сомасын өндіру туралы 2021 жылғы 22 қазандағы орындау құжаты өндіріп алушының өтініші бойынша Заңның 48-бабының 1-тармағына сәйкес орындаусыз кері қайтарылған.
2023 жылғы 3 қарашада талап қоюшы Т.Жұмабайұлы ЖСО Б.Колбаевқа зейнет ақысынан ұстаған сот орындаушының қызмет ақысы 120 010 теңгені және атқару өндірісінің шығынына кеткен 3000 теңгені қайтарып беруді сұраған.
2023 жылғы 8 қарашада ЖСО Б.Колбаев аталған хатқа жеке сот орындаушысының өндіріп алу немесе қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау кезіндегі әрекеттер сот заңсыз деп таныған жағдайда қайтарады деп өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған.
Заңның 118-бабы 2-тармағына сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
Заңның 120-бабына сәйкес, егер орындау барысында жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жүргізілмесе, орындау жөніндегі шығыстар, өндіріп алушы енгізген аванстық жарналар өтелмесе, жеке сот орындаушысы осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген қаулыларды шығарып, оны борышкерге жібереді.
Алайда, даулы болып отырған атқарушылық өндіріс бойынша жауапкер өзінің қызмет ақысы ретінде 120 010,45 теңгені және атқару өндірісінің шығыны ретінде 3000 теңгені борышкердің зейнетақысынан оның есеп шотына ай сайын түсіп отырған ақшадан, ақшаны бөлу жөніндегі қаулыларды қабылдамастан, негізсіз өндірген.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің
- тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілі Мурат Алимкулович Аккуловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б.
Судьялар
Әлжанов Ғ.Ө.
Нұрбаев Г.К.
Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.