6кп-5-23
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 27 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Б.Б. Шермұхаметов, судьялар М. Таймерденов, Е. Мәукен,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],
«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері А[...] пен С[...], Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Б[...],
«ТҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуымен келіп түскен
«ТҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 425-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қызылорда бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының (бұдан әрі – Басқарма, уәкілетті орган) 2022 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен «ТҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Серіктестік) ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, оған осы бап бойынша 4 900 800 теңге айыппұл салынған.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен уәкілетті органның қаулысы өзгертілген, тағайындалған жаза 945 530 теңгеге төмендетілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды сұраған.
Прокурор Т[...] қорытындысын, уәкілетті органның өкілдері А[...], С[...], Б[...] және серіктестіктің өкілі А[...] түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына сәйкес Басқарма Серіктестіктің бекет ауыз-су жүйелерінің өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі сақталмағанын анықтаған. Серіктестік құқық бұзушылықтың оқиғасы мен құрамын дауламайды.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабының 6-тармағына сәйкес кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш миллион еселенген мөлшерінен асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Басқарма айыппұл мөлшерін анықтауда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлігі) 2022 жылғы 15 желтоқсанға дейінгі Серіктестіктің жай-күйі бойынша ірі кәсіпкерлік санатына жататыны туралы анықтамасын негізге алып, 4 900 800 теңге айыппұл салған.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы Департаментінің жауабына сәйкес кәсіпкерлік санаты туралы мәселені шешу үшін жұмыскерлердің орташа тізімдік құрамы ғана есепке алынады. Бұл жағдайда адам саны – 151-220 адам.
Қызылорда көлік прокуратурасы орташа тізімдік құрамы мен оның кірісі туралы мәліметті 2020 жылдың Серіктестіктің жай-күйі бойынша берген.
Ал уәкілетті орган Серіктестікті 2022 жылғы мамырдың 11-30 күндер аралығындағы кезеңде тексеру жүргізген. Бірінші сатыдағы сотының қаулысымен уәкілетті органның қаулысы өзгертіліп, тағайындалған жаза 918 000 теңгеге төмендетілген. Осы соттың ұйғарымымен айыппұл 945 530 теңгеге (310 АЕК) дейін ұлғайтылған. Сот Министрлігінің Серіктестікті орта кәсіпкерлік санатына жататыны жөнінде ұсынылған анықтаманы негізге алған. ӘҚБтК-нің 768-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.
Бірінші сатыдағы сот тексеру кезеңіндегі Серіктестіктің жай-күйі бойынша тізімдік құрамы мен жылдық орташа кіріс туралы шынайы деректерді сұратуы қажет еді.
Сонымен қатар, сот Серіктестік бір мезгілде ірі және орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатыны туралы Министрлігінің деректеріндегі қарама-қайшылықтарын жоюы тиіс еді.
Осыған байланысты, құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті қалпына келтіру мақсатында алқа Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысының күшін жойып, істі қайта қарауға жолдау туралы тұжырымға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге сот назар аударуы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша - «ТҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Б. Шермұхаметов
М. Таймерденов
Е. Мәукен
Көшірме дұрыс
Судья
Е.Мәукен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.