Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4815(2) (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 наурыз №6003-25-00-2к/4815(2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.К.Дюсембекованың, жауапкер Д.А.Ауесхановтың және оның өкілі Ф.М.Башировтың, аудармашы Е.А.Төкештің бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы « Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Министрлік) жауапкер Ауесханов Даурен Айдаровичты (бұдан әрі - жауапкер) лицензиядан айыру туралы электрондық азаматтық істі

жауапкердің Ақмола облысы, Қосшы қалалық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 тамыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Министрлік сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкер жүйелі түрде заң бұзушылықтарға жол бергенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер 2022 жылғы 22 маусымдағы №20008877 сотсараптама қызметімен айналысуға берілген лицензиясынан айырылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, істі қайта қарауға жолдауды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді қарап, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 19-бабының 1-тармағын, 34-бабының 1-3-тармақтарын, 14, 34, 39, 63-бабының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Заңның 14-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айыру адам сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел немесе күнтізбелік бір жыл ішінде екі және одан да көп рет бұзған жағдайларда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.

2020 жылғы 22 маусымда Министрлікпен жауапкерге «Азық-түлік емес тауарларды сот-сараптамалық тауартану зерттеуі», «Азық-түлік тауарларын сот-сараптамалық тауартану зерттеуі» сараптамалық мамандықтары бойынша сот-сараптамалық қызметімен айналысуға №20008877 лицензиясы берілген.

2024 жылғы 27 маусымда Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен талап қоюшы жеке кәсіпкер И.В.Тислимованың жауапкер «Ұрпақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен залал мөлшерін өндіру жөніндегі азаматтық іс бойынша азықтүлік емес тауарларға сот-сараптамалық зерттеу тағайындалып, оны жүргізу жауапкерге тапсырылған.

Сот сараптамасы ұзақ уақыт бойы аяқталмаған соң сот тарапынан Қазақстан Республикасының Республикалық сот сарапшылары палатасына (бұдан әрі - Палата) 2024 жылғы 14 және 21 қазанда, 8 қарашада бірнеше рет ескерту хаттары жолданған.

Ескерту хаттары Палатамен жауапкерге дер кезінде жолданып, сот ұйғарымын Заңмен белгіленген мерзімде орындау талап етілген.

Алайда, жауапкер Заңның 34-бабының 2-тармағымен белгіленген отыз тәуліктен аспауға тиіс сот сараптамаларын жүргізу мерзімін өрескел бұзып, аталған сот ұйғарымымен тағайындалған сот сараптамасын төрт айдан астам уақыттан кейін 2024 жылғы 14 қарашада ғана аяқтаған және Заңның 34бабының 3-тармағымен көзделгендей сараптама жүргізу мерзімін ұзартпаған.

Одан басқа, жауапкермен әзірленген сараптама қорытындысы қажетті зерттеулер жүргізусіз жасалғаны, қандай да бір қосымшалардың болмағаны (сараптамаға қатысушылар қол қойған сараптамалық тексеру актісі), зерттеу объектілерінің фото-материалдары жоқ екені анықталған (Заңның 39-бабы). Жауапкер Заңның 24-бабына сай өзіне ұсынылған объектілерге жанжақты, толық және объективті зерттеу жүргізбей, алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге міндетті бола тұра сот ұйғарымында қойған сұрақтарға жауап бермеген, яғни қорытынды болжамдарға негізделіп жасалған.

Сол себепті жауапкермен жасалған сараптама қорытындысын сот азаматтық істі қарау барысында дәлел ретінде қабылдамай, 2024 жылғы 22 қарашада жауапкер тарапынан жол берілген өрескел заң бұзушылықтар

жөнінде жеке ұйғарым шығарылған және орындау үшін Министрлікке жіберілген.

Аталған жеке ұйғарым 2024 жылғы 12 желтоқсанда Палатаның тәртіптік комиссиясында, 2024 жылғы 17 желтоқсанда Палатаның Басқармасында қаралып, 2025 жылғы 9 қаңтарда Палатамен Министрлікке жауапкерді лицензиядан айыру жөнінде ұсыныс енгізілген.

Сонымен қатар, жауапкер осы тектес заң бұзушылықтарға жол беру фактілері бойынша соттар тарапынан шығарылған жеке ұйғарымдардың және ескертпе хаттардың қаралу нәтижесімен 2022 жылғы 6 желтоқсанда «сөгіс», 2023 жылғы 27 желтоқсанда «сөгіс», 2024 жылғы 21 қазанда «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Осы жағдайдың орын алуы жауапкердің атқарып жатқан қызметіне үнемі немқұрайлықпен қарайтынын, заң бұзушылықтарға жол беру тәжірибеге айналғанын, көрілген тәртіптік шаралардан оң қорытынды шығармайтынын, яғни оның өзінің қызметіне деген көзқарасын айқындайды.

Бұл жерде назар аударатын мән-жай - жауапкер тарапынан 2024 жылғы 21 қазанда «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза дауланбаған және соттың 2024 жылғы 22 қарашадағы жеке ұйғарымы шағымданбаған, демек жауапкер онда көрсетілген мән-жайлармен келіскен. Істің мұндай тұрғысында жауапкер сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел бұзып, өзіне жүктелген міндеттерді толық орындамаған, сол себепті талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 тамыздағы қаулысы күшінде, жауапкер Ауесханов Даурен Айдаровичтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.