6кп-9-24
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші Б.Б. Шермухаметов, судьялар Н.К. Құрманғалиев, Е.Маукен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],
Шымкент қалалық полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасының өкілі Т[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға К[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 73-1-бабының бірінші бөлігі бойынша К[...] қатысты,
Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 қазанындағы және Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 желтоқсанындағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 қазандағы қаулысымен К[...] ӘҚБтК-нің 73-1-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 36 225 тенге мөлшерінде айыппұл салынды.
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.
Ұсыну дәлелдерін қолдаған құқықбұзушыны және прокурор Т[...] қорытындысын, полиция өкілінің түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар. Әкімшілік істе көрсетілгендей, 2023 жылғы 16 шілдеде сағат шамамен 21.00-де Шымкент қаласы Нұрсат-3 шағын ауданында орналасқан № [...] үйдің [...] қабатында К[...] мен А[...] арасында жанжал туындап, оның барысында екеуі де түрлі дене-жарақаттарын алып, соңынан олар полиция бөліміне шағымданған.
2023 жылғы 21 шілдедегі № 6401/1631 сарапшы қорытындысына сәйкес А[...] денсаулығына жеңіл дәрежедегі зиян келтірілген. 2023 жылғы 20 шілдедегі № 6406/1627 сарапшы қорытындысына сәйкес К[...] денсаулығына жеңіл дәрежедегі зиян келтірілген.
А[...] А[...] жүкті болғанын, оқиғаның салдарынан баласы түсіп қалғанын айтқан соң, сол фактіні тексеру үшін, полиция инспекторымен қосымша сот-медициналық сараптама, артынан комиссиялық сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
2023 жылғы 17 қазандағы № 9146/319-к сарапшылардың қорытындысымен жүктіліктің тоқтауы жан-жалды оқиғамен тікелей байланысы жоқ екені анықталған.
Осы факт бойынша 2023 жылғы 19 қазанында Шымкент қалалық полиция бөлімінің инспекторы Т[...] К[...] және А[...] қатысты ӘҚБтК-нің 73-1-бабының бірінші бөлігімен екі хаттама толтырылып, әкімшілік істер сотқа жолданған.
2023 жылғы 20 қазандағы сот қаулысымен К[...] ӘҚБтКнің 73-1-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 36 225 тенге мөлшерінде айыппұл салынған, ал А[...] әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімінің өткендігіне байланысты ӘҚБтК-нің 73-1-бабының бірінші бөлігімен қозғалған әкімшілік жауаптылықтан босатылған.
К[...] өзінің өтінішхатында А[...] әкімшілік жазадан босатылған, ал оған керісінше әкімшілік жаза қолданылған, бұл соттармен заңның біркелкі қолданылмағанын көрсетеді деген. А[...] әкімшілік істің материалдарынан К[...] уәждерін, оның ішінде оған қатысты әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімінің өткендігін (өтпегендігін) тексеру мүмкін болмады.
Әкімшілік істің материалдарынан қосымша сот медициналық және комиссиялық сот-медициналық сараптамалар қай күні тағайындалғаны, сараптамаға жолданған күні, істің қайтадан инспекторға қайтарылған күндері белгісіз, сол себептен әкімшілік іс бойынша жауаптылыққа тарту мерзімін санау мүмкін емес, әкімшілік істің бұл мән-жайлары жергілікті соттармен тексерусіз қалған.
Одан басқа, істі қарау барысында жергілікті соттармен К[...] жәбірленушінің жарақаттары М[...][...].Абдулаеваны күштеп итеріп жіберіп, қолдарынан күштеп ұстап тұрғандықтан алынған деген уәждері тексерілмеген, тиісті тұлғалардан жауап алынбаған, қаулыларда оған тиісті баға берілмеген. Сол себепті жергілікті соттардың қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады.
ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 2-бөлігіне сәйкес істі, шағымды, наразылықты қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуының, істе бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулылардың заңдылығы мен негізділігі тексеріледі.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады деп көзделген (ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігі).
Осыған байланысты алқа Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 қазандағы және Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы қаулыларының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
К[...] қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1бабының бірінші бөлігімен көзделген әкімшілік іс бойынша Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 қазандағы және Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Б. Шермұхаметов
Судьялар
Н. Кұрманғалиев
Е. Мәукен
Көшірмесі дұрыс. Судья
Е. Мәукен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.