Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 20.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1335 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1335

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 қазан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.К.Есдаулетов, талап қоюшы С.А.Жарылгаповтың, жауапкер өкілі А.Д.Солтанның қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Саги Адилович Жарылгаповтың жауапкер Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Медициналық жедел жәрдем қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына еңбек шартын бұзу және басқа жұмысқа ауыстыру туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып, қызметіне қайта орналастыру, жалақы мен сыйақыны және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс бойынша Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы С.А.Жарылгапов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген. Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Медициналық жедел жәрдем қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының 2024 жылғы 9 шілдедегі №199 ОД басқа жұмысқа ауыстыру туралы бұйрық пен 2024 жылғы 5 тамыздағы № 2832 ж/қ еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған. С.А.Жарылгапов бұрыңғы қызметіне қайта орналастырылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1 277 640 теңге жалақы және 50 000 теңге моральдық зиян өндірілген. Жауапкерден мемлекет пайдасына 20 640 теңге баж салығы өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

13 ақпан 2024 жылы №599-ЛС бұйрықпен С.А.Жарылгапов Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының ШЖҚ «Медициналық жедел жәрдем қызметі» КМК-на 2024 жылдың ақпан айының 14-нен бастап №5 подстанцияға 2-сыныптық жүргізуші ретінде үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданған.

Еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас еңбек инспекторы Т.А.Умбетьяровтың 2024 жылғы 12 маусымдағы №654 нұсқамасын орындау мақсатында 2024 жылғы 9 шілдедегі №199 ОД бұйрықпен талап қоюшы №5 подстанциядан, Жөндеу-техникалық басқарма қызметіне ауыстырылған.

Аталған бұйрықпен талап қоюшы 2024 жылғы 10 шілдеде танысып «басқа жұмысқа ауысудан бас тартамын» деп қолын қойған.

2024 жылғы 5 тамыздағы №2832 ж/қ бұйрықпен Жөндеу-техникалық басқарма жүргізушісі С.А.Жарылгаповпен еңбек шарты Қазақстан Республиасы Еңбек Кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабының 1- тармағының 8) тармақшасы негізінде, яғни 2024 жылдың шілде айының 10-31 күндері жұмыста дәлелді себептерсіз болмауына байланысты бұзылған. С.А.Жарылгапов басқа қызметке ауыстыру және еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтармен келіспей, сотқа жүгінген.

Соттар Еңбек кодексінің талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды ішінара қанағаттандырған.

Еңбек кодексінің 38-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек шартында келісілген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жеңілдіктер мен басқа да жағдайлар) оны орындау кезінде өзгеретін өзге жұмысты тапсыру болып табылады.

Осы баптың 2-тармағына сәйкес осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыруға жұмыскердің келісімімен жол беріледі, ол еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен және жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Еңбек кодексінің 36-бабының 1-тармағында еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы хабарламаны еңбек шарты тараптарының бірі береді және екінші тарап оны берілген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Еңбек шартының талаптарын өзгерту, оның ішінде басқа жұмысқа ауыстыру кезінде өзгерту туралы хабарлама алған тарап қабылданған шешім туралы осы бапта белгіленген мерзімде екінші тарапқа хабарлауға міндетті.

Алайда іс құжаттарынан анықталғандай жұмыс беруші аталған нормалардың талаптарын бұзып, талап қоюшыны алдағы уақытта басқа жұмысқа ауысатыны туралы хабардар етпей және оның келісімінсіз басқа жұмысқа ауыстыру жөнінде 2024 жылғы 9 шілдедегі № 199 ОД заңсыз бұйрық шығарған. Бұған қоса, талап қоюшыны басқа жұмысқа ауыстыру, оның жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі өзгертілуіне әкеп соққан.

Сонымен қатар, басқа жұмысқа ауыстыру бұйрығының заңсыз деп танылуы, талап қоюшыны ауыстырған жұмысынан себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған деп Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде еңбек шартты бұзу туралы бұйрығының заңсыздығына алып келеді.

Себебі талап қоюшымен еңбек шартын бұзу негізі соңғының 2024 жылдың 10-31 шілде аралығында жұмыста болмағаны себеп болған.

Еңбек кодексінің 53-бабының 6-тармағына сай осы Кодекстің 52-бабы 1- тармағының 8)-тармақшасына сай көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу осы Кодекстің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі және осы Кодекстің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылдың шілде айының 10-нан 31не дейін талап қоюшының себепсіз жұмыста болмауына байланысты аталған күндерге актілер жасалған.

Бұл мән-жай бойынша жұмыс беруші тек 2024 жылдың шілде айының 10-нан 19-на дейін аралықта талап қоюшыдан жазбаша түрде түсініктеме беруді талап етіп, талапты алған немесе талапты алудан жалтару немесе бас тарту туралы акт жасалмаған және тиісті тәртіптік жаза қолданылмаған.

Ал 2024 жылдың шілде айының 19-нан 31-не дейінгі аралықта жұмыс берушімен тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жұмыскерден түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда рәсімделмеген. Талапты алған немесе талапты алудан жалтару немесе бас тарту туралы акт жасалмаған, яғни Еңбек кодексінің 65-бабының 2-тармағының талабына қайшы талап қоюшыға қатысты заңсыз еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарылған.

Демек талап қоюшының бұйрықтарды заңсыз деп тану туралы талап қоюы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық сот талап қоюды ішінара қанағаттандырған кезде негізге алынған соттардың тұжырымдарымен келіседі, оларды негізді, заңнама талаптарына және істің нақты мән-жайларына сәйкес келеді деп санайды.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде, жуапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Н.Ормаханов

А.Рамазанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.