ҚАУЛЫ №6003-25-00-4к/2564
05 ақпан 2026 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева қатынасып,
талап қоюшының өкілі Г.Х.Сабированың қашықтықта, жауапкердің өкілі Ш.Ж. Бағдалованың тікелей қатысуларымен,
ашық сот отырысында Адилет Елешович Жалгасбаевтың (әрі қарай - талап қоюшы) Атырау облысының Махамбет ауданы әкіміне (әрі қарай – жауапкер), мүдделі тұлға ретінде «Махамбет аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесін тарта отырып, су тасқынынан келтірілген залалды өтеу туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру әрекетін заңсыз деп тану, мүлікке келтірілген залалды бағалау және өтеу бойынша ісәрекет жүргізу міндетін жүктеу туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
ол бойынша шығарылған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешіміне, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегіні
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаппен жүгінген.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сот алқасының сол жылғы 19 тамыздағы қаулысымен аталған талап қою толығымен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Төменгі сатыдағы соттардың шығарған шешімдерімен келіспеген талап қоюшы тарапы кассациялық шағым түсіріп, онда осы қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іс бойынша тартылған мүдделі тұлғаның өкілі сот мәжілісіне келмеді, әрі істі кейінге қалдыруды сұрамады. Мұндай жағдайда кассациялық сот істі аталған мүдделі тұлғаның қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Істі қарауға қатысқан тараптардың өкілдерінің пікірін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5-бабының екінші бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз ете білген.
Туындаған дауды шешу барысында, олар оған қатысты Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде дұрыс дәрежелеген.
Қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған шешімінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты лайықты құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Іс бойынша анықталғаны, 2024 жылғы 07 сәуірде Атырау облысы әкімінің №3 шешімімен облыс аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, сол жылдың 03 маусымдағы Атырау облысы Махамбет ауданы әкімінің №160 қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия (әрі қарай – комиссия) құрылған және оның ережесі бекітілген.
Талап қоюшы 2022 жылдың сәуір айынан бергі уақытта Атырау облысы, Махамбет ауданы, Махамбет ауылы, Мерей ықшам ауданы, Қаныш Сәтпаев көшесі, №35 мекен-жайы бойынша орналасқан, нысаны жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу және оған қызмет көрсету деп белгіленген, ауқымы бөлінбейтін, ауданы 0,0884 га жер телімінің иесі болып табылады. Ол жерде 2023 жылы талап қоюшы, эскиздік жоба негізінде тұрғын үйдің монолитті темір бетоннан іргетасын құйып, бірінші қабатының қабырғаларын тұрғызған.
Жоғарыда аталған төтенше жағдайдың салдарына байланысты, талап қоюшы 2024 жылдың қазан айында бағалаушы мекемеге жүгініп, оның 2024 жылғы 28 қазандағы №1216 қорытындысын алып, Атырау облысы бойынша құрылыстағы орташа бағаны ескере отырып, өзінің аяқталмаған құрылысы бойынша бөлшектеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 9 569 200 теңге құрайтынын анықтаған.
Соңынан, су тасқынынан келген залалды өтеуді сұрап, жауапкерге жүгінген. Оның бұл әрекеті заң талаптарына қайшы келмейді. Атап айтқанда, «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 1-бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес, жеке тұлғалардың: табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан өздерінің денсаулығына келтірілген зиян мен мүлкіне келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтетуге құқығы бар.
Өзінің салынып жатқан тұрғын үйін су басқаны туралы тиісті арызды талап қоюшы жауапкердің атына 2024 жылдың 18 желтоқсанында берген, яғни, өзінің құрылыс нысанына зақым келгені туралы тек арада бес ай уақыт өткеннен кейін хабарлаған.
Бұл арыз жауапкер тарапынан, арнайы құрылған комиссияның отырысына шығарылмай ақ, аудан әкімінің 2025 жылғы 08 қаңтардағы №ӘСТ2024-06342764 жауабымен қанағаттандырусыз қалдырылған, себебі құрылысы аяқталмаған тұрғын үйдің зардап шеккені туралы өтініш, заңға сәйкес тек маусым айының аяғына дейін ғана берілуі тиіс болған.
Осы орайда ескеретін жағдай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу» Қағидасының (бұдан әрі - қағида) 3 бөлігіне сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көзделген жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен және (немесе) ұйымдардың қаражаты, азаматтардың, қорлар мен қоғамдық бірлестіктердің ерікті жарналары, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен зардап шеккендердің ең минималды сұранысын қанағаттандыру үшін қажетті шектерде жүзеге асырылады.
Ал, осы қағиданың 5-тармағы бойынша, материалдық нұқсан келтірілген зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға, осы қағиданың 1-қосымшасында көзделген тәртіппен нысан бойынша толтырылған материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш береді.
Алайда, талап қоюшы өтініш беру мерзімін өткізіп алған.
Оның үстіне, талап қоюшы залал келтірілді деп санап отырған құрылысқа тиісті құжаттарды жасақтамаған, тікелей тұрғын үй құрылысын бастар алдында өзінің атына эскиздік жоба және сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмаған.
Мұндай жағдайда, аталған құрылыс заңсыз салынған объектілер қатарына жатқызылатыны негізді, әрі оған қағиданың талаптары қолданылмайды.
Талап қоюшы тарапынан табысталған эскиздік жоба 2007 жылы басқа азаматтың атына берілген, қазіргі кезде оның үшжылдық жарамдық мерзімі өтіп кеткен. Бұл жағдайды талап қоюшының өзі де сот алдында жоққа шығармай, жоғарыда аталған объектінің құрылысын бастар алдында өзінің атына жергілікті сәулет, қала құрылыс бөлімінен сәулет-жоспарлау тапсырмасын және техникалық құжаттарды алмағанын атап көрсеткен.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттар жауапкердің дауланып отырған әрекетін заңсыз деп табуға, әрі жауапкерді қандай да бір іс-әрекет жүргізуге міндеттеуге ешбір заңды себептер анықтамаған.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге негіз жоқ деп санайды.
Шығарылған сот актілері нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған.
Талап қоюшы тарапының кассациялық шағымының уәждері (залалды өтеу туралы жауапкерге заңда көзделген мерзімде ауызша арызданғаны, салынып жатқан құрылысын су басуына байланысты бағалай алмағаны) бұрын да төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған.
Қазіргі кезде қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа ұсынылмады.
Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы - күшінде, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.