ҚАУЛЫ
2025 жылғы 4 қараша №6003-25-00-2к/1723 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің,
талап қоюшының өкілі Б.К.Серикбаевтың, жауапкер Б.А.Ахметбайдың және оның өкілі А.Б.Сейдалиеваның, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Н.Ешенкуловтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің - (бұдан әрі Департамент) жауапкерлер Тоқтарбек Тәңірбергенұлы Мұратбековқа, Ғани Әбуұлына, Айдар Каниевич Абуовқа, Берік Аманбекұлы Ахметбайға, Айғаным Бағдатқызы Асылханға, Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, нотариустар: Нурия Муталиевна Мадыбековаға, Агиля Мамыровна Борыкбаеваға, Меруерт Тажибековна Хусайноваға
Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының 17 сәуір 2007 жылғы №43359 Т.Т. Мұратбековтың атына берілген шешімін жарамсыз деп тану,
2008 жылғы 24 қаңтардағы №781 Т.Т.Мұратбеков пен Ғ.Әбуұлы арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану,
2015 жылғы 29 қазандағы №13874 Ғ. Әбуұлы мен А.К.Абуовтың арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану,
2017 жылғы 26 қаңтардағы №119 А.К.Абуов пен Б.А.Ахметбайдың арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану,
2015 жылғы 29 желтоқсандағы №3679 санды салынған объектіні қабылдау комиссиясының актісін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының 17 сәуір 2007 жылғы №43359 Т.Т.Мұратбековтің атына берілген шешімі жарамсыз деп танылған.
2008 жылғы 24 қаңтардағы №781 Т.Т.Мұратбеков пен Ғ.Әбуұлының арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған.
2015 жылғы 29 қазандағы №13874 Ғ.Әбуұлы мен А.К.Абуовтың арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған.
2017 жылғы 26 қаңтардағы №119 А.К.Абуов пен Б.А.Ахметбайдың арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған.
2015 жылғы 29 желтоқсандағы №3679 салынған объектіні қабылдау комиссиясының актісі жарамсыз деп танылған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер Б.А.Ахметбайдың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер Б.А.Ахметбайдың өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттармен материалдық және процестік заң нормаларын елеулі түрде бұзылғанын, Департаменттің мұндай талап қоюды сотқа беруге құзыреті болмағанын, талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуы тиіс болғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін және прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, Шымкент қаласы прокуратурасының 2024 жылғы 14 тамыздағы №2-40-24-12849 заңдылықтың бұзылуын жою туралы
ұсынысымен Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімі негізінде рәсімделген №19-309-075-348 кадастрлық іс құжаттарына зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Зерделеу барысында анықталғандай, Т.Т.Мұратбековке Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан құрылған жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімімен Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен-жайынан жер телімін жария етіп, жер иелену құқығын беретін кадастрлық №19-309-075-348 сәйкестендіру актісі табысталған.
2008 жылдың 24 қаңтарында Т.Мұратбеков пен Ғ.Әбуұлы арасында
№781 даулы жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.
2015 жылдың 29 қазанында Ғ.Әбуұлы мен А.Абуов арасында №13874 даулы жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.
Жауапкер А.Абуов сатып алған даулы жер учаскесіне тұрғын үй салып 2015 жылдың 29 желтоқсанында №3679 қабылдау комиссиясының актісін тіркеуші органда тіркеген.
2017 жылдың 26 қаңтарында А.Абуов пен Б.А.Ахметбай арасында №119 Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен - жайда орналасқан кадастрлық №19-309-075-348 тұрғын үйді жер учаскесімен сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.
«Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі №157 Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабында, мүлікті жария ету-табысты жариялау мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделмеген не тиесілі емес тұлғаға рәсімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі деп және осы Заңның 11 бабында, Қазақстан Республикасы аумағында тұрған, оған құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария ететін жария ету субъектілері болып белгіленген, ал осы баптың 3 тармағында, жер учаскесіне жеке меншік құқығына актіні рәсімдеу «Мүлікті жария етілген жер учаскелеріне құқықтарды» рәсімдеу ережелерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатындығы көрсетілген.
Заңның 9-бабына сай, жария етуге жататын мүлікке қатысты ұсынған мәліметтердің толықтығына және дұрыстығына, соны ұсынған жария етушінің өзі жауапты.
8-бабының 5 және 6 тармақтарында азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттеріне жол берілмейтіндігі көрсетілген.
Жергілікті соттар істі қарау барысында Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясы Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен-жайыда орналасқан мемлекеттің меншігіндегі бос жатқан, алаңы 0,0800 га, жер учаскесіне 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімімен Т.Т.Мұратбековтың меншігік құқығы заңсыз танылғаны анықталған.
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 64бабының 1-тармағының 1) тармақшасына және 2-тармағына сай, жеке-дара қолданылатын құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауы тиіс.
АК-нің 158-бабының 1-тармағында мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін екені қарастырылған.
АК-нің 157-1 бабының 2-тармағында жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейтіні айқындалған.
АК-нің 267-бабының 1-тармағына сай, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
Жергілікті соттар аталған заң талаптарын негізге алып, даулы жер учаскесі мемлекеттің меншігінде болғанына қарамастан, қолданыстағы жер заңнамасы талаптарын бұза отырып жауапкер Т.Т.Мұратбековке заңсыз берілгендіктен осы даулы жер учаскесін сатып алу-сату туралы келісім шарттарды және 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №3679 салынған объектіні қабылдау комиссиясының актісін дұрыс жарамсыз деп таныған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген барлық уәждерін апелляциялық сот зерделеп, оларға дұрыс құқықтық бағасын берген.
Кассациялық шағымда жаңа уәждер көрсетілмеген және де бұл уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілген.
Істің мұндай тұғысында кассациялық сот дауланылып отырған сот актілері заңды және негізді, жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы орын алмаған деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.