6001-23-00-6ап/3426
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкер жеке сот орындаушысы М[...], жеке сот орындаушысы Т[...] мүлікке тыйым салу жөніндегі қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысы, Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 28 тамыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысына мүдделі тұлға Ж[...] өкілі келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Е[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде Түркістан облысы, [...] орналасқан № 4 тұрғын үйді [...] жылы 20 тамызда сату-сатып алу келісім шарты негізінде А[...] сатып алғанын, алайда не себептен тұрғын үй өзінің атына аударылмағанын және бұл үйге сот орындаушылармен тыйым салынғанын білмегенін көрсеткен.
Түркістан облысы, Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 28 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы М[...] 2021 жылғы 5 мамырдағы, жеке сот орындаушысы Т[...] 2021 жылғы 12 шілдедегі мүлікке тыйым салу туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға Ж[...] өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін жан-жақты талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда талап қоюшыны адал сатып алушы деп танып, ал сот орындаушылардың әрекеттерін заңсыз деп тану туралы тұжырым жасаған.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының бұл тұжырымдары сотта зерттелген іс құжаттарына, қолданыстағы материалдық заң нормаларының талаптарына сай келмейді деп есептейді, себебі, жергілікті соттармен сот орындаушылардың мүлікке тыйым салу туралы даулы қаулылары қандай негіздер бойынша заңсыз деп танылғанын, нақты қандай заң талаптары бұзылғанына құқықтық баға бермеген.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, А[...] атында Түркістан облысы, [...] жер учаскесімен 30 желтоқсан 2019 жылғы сату-сатып алу келісім шарты мемлекеттік тіркеуден өтіп, осы күнге дейін тіркеуден алынбаған.
Жетісай аудандық сотының 2021 жылы 4 мамырдағы талапкер Ж[...] жауапкер А[...] қарыз ақша өндіру туралы азаматтық ісі аясында талапты қамтамасыз ету мақсатында қабылданған ұйғаруымен жеке сот орындаушы М[...] 2021 жылғы 5 мамырда аталған тұрғын үйге тыйым салу қаулысымен тыйым салынған, яғни сот орындаушының бұл әрекеттері Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 32-бабының талабына сай қабылданған, себебі сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
Жетісай аудандық сотының 2021 жылғы 12 мамыр шешімімен талап қоюшы Ж[...] талабы толық көлемде қанағаттандырылып, жауапкер А[...] 20 000 000 теңге, мемлекеттік баж салығы 200 000 теңге өндірілген.
Заңның 62-бабында көрсетілгендей сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi болғандықтан сот орындаушысы Т[...] заңды күшіне енген сот шешімі негізінде 11 шілде 2021 жылы атқару өндірісін қозғап, борышкердің мүлкіне, яғни даулы тұрғын үйге тоқтам салған. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес, борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы. Борышкерге меншiк мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде белгiленген шектеулер ескерiле отырып), тыйым салынуы мүмкiн және осы Заңда қандай мүлікке тыйым салуды қолдануға жол берілмейтіні көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тұрғын үй қатынастары туралы заңының 17 бабының талаптарына сай, тұрғын үйге меншiк құқығы ол тiркеу органында тiркелген кезден бастап пайда болатын көрсетілген, осыған орай даулы мүлік осы күнге дейін А[...] жеке меншігі болып тіркеуде тұрғанын және ол мүлік тыйым салуды қолдануға жол бермейтін мүліктердің тізіміне жатпайтынын ескерген жөн.
Заңның 63-бабының талабында, мүлiкке тыйым салу кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын мүлiктiң кiмге тиесiлi екенiн анықтау қиын болған және бұл мүлiк борышкерге тиесiлi деп жорамалдауға негiздер болған жағдайда, сот орындаушысы оның кімге тиесiлi екендігі анықталғанға дейiн мүлiкке тыйым салуға құқылы.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы іс бойынша анықталған мәнжайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерінің күші жойылып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп есептейді, себебі сот орындаушысының дауланып отырған әрекеттері Заң талаптарына сай, өз кұзіреті шегінде жасалған.
Осыған орай, кассациялық шағым иесінің өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысы, Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 28 тамыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.
Мүдделі тұлға Ж[...] өкілі Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Б.Т. Нажмиденов
Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.