ҚАУЛЫ
2023 жылғы 10 тамыз 6001-23-00-6ап/69 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Ғ.Ө. Әлжанов болып,
мүделлі тұлға С[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ш[...] Жезқазған қаласының әкімдігіне, «Жезқазған қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалының Жезқазған қалалық тіркеу және жер кадастры бөліміне қойған Жезқазған қаласының жерлері аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер телімдерін жалға беру жөніндегі жарияланған конкурсқа жеңімпазын анықтау туралы 2015-жылғы 09шілдедегі №2 жер комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, Жезқазған қаласының әкімдігінің Сарыкеңгір селолық округінің жеріндегі Ш[...] атына беруге жобаланған жердің басым бөлігін ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін С[...] атына 24.07.2015 жылы №17/14 санды жер теліміне жер пайдалану жоспарына сәйкес жалдау шартымен 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жер пайдалану құқығын берген қаулысын заңсыз деп тану, әкімшілік актінің күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қарағанды облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 шілдедегі шешіміне, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қарашадағы қаулысына келтірілген талап қоюшы Ш[...] өкілі - адвокат Қ[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Қарағанды облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 шілдедегі шешімімен талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде және талап қоюшы Ш[...] өкілі адвокат Қ[...] апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы Ш[...] өкілі адвокат Қ[...] кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы, жауапкерлер, басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Мүделлі тұлға С[...] кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 09.07.2015 жылғы №2 Жезқазған қаласының жерлері аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер телімдерін жалға беру жөніндегі жарияланған конкурсқа жеңімпазын анықтау туралы жер комиссиясының хаттамалық шешімінің негізінде С[...] осы қаланың әкімдігінің 24.07.2015 жылғы № 17/14 қаулысымен ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін жер теліміне жер пайдалану жоспарына сәйкес жалдау шартымен 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жер пайдалануға 700 гектар жер берілген.
24.07.2015 жылы ММ-мен С[...] арасында №17 жер учаскесін жалға беру шарты жасалынған.
14.08.2015 жылы уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жеп пайдалану құқығын беретін акт берілген, 10.09.2015 жылы С[...] құқығы мемлекеттік тіркеуден өткен.
09.07.2015 жылы С[...] конкурс барысында жеңімпазын анықтап барып жер беру туралы жер комиссиясының хаттамалық шешімі сол уақытта қолданыста болған Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43бабының нормаларын сақтай отырып бергені анықталды және С[...] жер беру туралы хаттамалық шешім қабылдау кезінде даулы жерге қатысты ешкімнің мүліктік құқығы тіркелмеген.
1999 жылы 06 қарашада Ш[...] қайтыс болғаннан кейін оның атына берілген жерді оның мұрагерлері, оның ішінде 2021жылы қайтыс болған жұбайы Д[...] 2011 жылдың сәуір айынан бастап 2015 жылы даулы жер С[...] берілгенге дейін ешқандай мұрагерлікті рәсімдеп, құқықтарын мемлекеттік тіркеуден өткізбеген. 2015 жылы даулы жер С[...] берілгеннен кейін де Ш[...] мұрагерлері 2021жылдың наурыз айына дейін, яғни 7 жыл бойы ешқандай да дау шығармаған. Талап қою арызы Ш[...] қайтыс болғаннан кейін 22 жыл өткен соң, жер С[...] берілгеннен кейін 7 жыл өткен соң сотқа беріліп отыр.
1995 жылдан бері Ш[...] тірі кезінде, талап қоюшы не болмаса басқа мұрагерлері даулы жерде ешқандай да шаруашылық жүргізбеген.
Соттар мұндай жағдайда осы даулы хаттамалық шешімді және С[...] атына жер пайдалану құқығын берген қаулысыны заңсыз тануға ешқандай негіз жоқ деп дұрыс шешімге келген.
Осылайша, соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтаған, материалдық, сондай-ақ процестік құқық нормаларын түсіндіру және қолдану кезінде бұзушылықтарға жол бермеген.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қарағанды облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 шілдедегі шешімі, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ш[...] өкілі - адвокат Қ[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов Г.Дүйсенбаев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.