Қ А У Л Ы
2026 жылғы 21 мамыр №6003-26-00-2к/1254(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі И.Ж.Айдардың, жауапкер өкілі Ж.А.Коккозованың, жауапкер Х.А.Джанабековтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Ербол Туймебаевич Садибеков (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер Сержан Алгабаевич Идирисовке (бұдан әрі - жауапкер), жеке нотариус Хафез Адилович Джанабековке мәмілені жарамсыз деп танып, күшін жою, мәмілені бастапқы қалпына келтіріп, ақша өндіру туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны келісімнің мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтінімен негіздеген.
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімімен тараптар арасында нотариалды куәландырылған 2023 жылғы 4 тамыздағы №2960 Жетісай ауданы, Асықата кенті, Тойшыбеков көшесі, №36 тұрғын үйді (бұдан әрі - тұрғын үй) сатып алу-сату туралы келісім (бұдан әрі - келісім) жарамсыз деп танылып, күші жойылған, мәміле бастапқы қалпына келтіріліп, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 5 000 000 теңге және 51 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Апелляциялық сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сот қағидаларымен мәні бойынша қарау үшін апеляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылданған.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына келісім бойынша төленген 5 000 000 теңге және 50 000 теңге мемлекеттік баж өндірілген, талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын, тараптар арасында іс жүзінде кепілпұл шарты жасалғанын көрсетіп, аталған алқа қаулысының күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,
заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 147, 337, 338, 390-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, келісім талаптарына сәйкес жауапкер тұрғын үйді талап қоюшыға 13 500 000 теңгеге сатып, келісілген соманың 5 000 000 теңгесін бірден қолма қол алған, қалған 8 500 000 теңгені талап қоюшы 2024 жылғы 1 ақпанға дейін толық төлейтін болған, жауапкердің зайыбы тұрғын үйді сатуға нотариалды келісімін берген, жауапкер тұрғын үйді тапсырып, талап қоюшы оны қабылдап алып, отбасымен бірге 2024 жылғы ақпан айына дейін тұрған.
Келісімге сай тараптар тұрғын үйді сатып алу-сату шартын орындауды 2024 жылғы 1 ақпанға қалдырған (3-тармақ), келісімнің орындалуына дейін тұрғын үйдің бағасын өзгертпеуге келіскен (4-тармақ), нотариуспен тараптарға АК-тің 337, 338-баптарының талаптары түсіндірілген (6-тармақ).
Сотта келісімнің жарамсыздығына әкеліп соғатын мән-жайлар анықталмаған, ондай дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған. Өз кезегінде әр тарап өзінің уәждерін дәлелдеуге міндетті (АПК-тің 72-бабы). Кассациялық шағымның тараптар арасында кепілпұл шарты жасалғаны туралы уәждері де бекітілген жоқ, келісімнің мазмұнынан талап қоюшы тұрғын үйді келісілген сомаға сатып алатын болғаны, жауапкер оны сатқаны, тараптар келісілген соманың қалғанын төлеуді және сатып алу-сату шартын жасауды кейінге қалдырғандары көрінеді.
Келісімде талап қоюшымен жауапкерге алдын ала берілген 5 000 000 теңгенің тұрғын үйді сатып алу-сату шартын жасауға және келісім талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге берілген қаражат екені, яғни кепілпұл болып табылатыны көрсетілмеген.
Сотта талап қоюшы тұрғын үйдің қалған сомасын банктен несие алу арқылы төлейтіні және бұл туралы жауапкерге белгілі болғаны, алайда сатып алу-сату туралы негізгі шарт талап қоюшыға банктен несие берілмеуі салдарынан жасалмағаны анықталған.
Демек келісімнің талаптары орындалмағаны талап қоюшының кінәсінен болмаған, нәтижесінде келісіммен көзделген мiндеттемелер тоқтатылған.
Бұл жағдайда апелляциялық сот алқасы тараптардың әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі келісім АК-тің 337-бабының 1-тармағында қарастырылғандай кепілпұл туралы шарт емес, АК-тің 390-бабымен көзделген алдын ала жасалған шарт болып табылады, сондықтан талап қоюшымен тұрғын
үйді сатып алуға байланысты алдын ала төленген 5 000 000 теңге қайтарылуға жатады.
Істің мұндай тұрғысында, талап қою ішанара қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сот алқасының тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жоюға немесе өзгеруге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкер Сержан Алгабаевич Идирисовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.