Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5177 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5177

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 21 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор К[...],

талап қоюшы «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ж[...], жауапкер өкілі Ж[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында Шымкент қаласы әкімінің дара кәсіпкер И[...] өз бетінше иеленіп алған мемлекеттік меншігіндегі жер учаскесіндегі заңсыз салынған құрылысты өз есебінен бұзуды және жер телімін бастапқы қалпына келтіруді міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер И[...] өкілі Ж[...] Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жеке кәсіпкер И[...] өз бетінше иеленіп алған Шымкент қаласы, Әл Фараби ауданы, Әлімбетов көшесі №2 мекенжайынан өзіне тиесілі жер учаскесінен тыс жалпы алаңы 257,2 шаршы метр (оның ішінде баспалдақ 40 ш.м, құрылыс нысаны 87,5 ш.м, автотұрақ баспалдағымен 130ш.м) жер учаскесіндегі заңсыз құрылысы өз есебінен бұздыру жолымен жер учаскесін бастапқы қалпына келтіру міндеттелген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер өкілі Ж[...], шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Ж[...], шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор К[...] қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп

соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 44-2 бабының 19-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеусіз жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді.

Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу ретінде сараланады және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылықты көздейді.

Іс құжаттарына қарағанда, 2019 жылғы 6 тамыздағы сыйға тарту шарты негізінде Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Әлімбетов көшесі №2 мекенжайындағы тұрғын үйдің және ол орналасқан жалпы алаңы 0,1 га, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі (бұдан әрі - кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі) меншік құқығымен И[...] тиесілі.

«Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) А[...] арызы бойынша тексеру жүргізіп, дара кәсіпкер И[...] өзіне тиесілі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінен тыс жалпы алаңы 257,2 шаршы метр (оның ішінде баспалдақ 40 шаршы метр, құрылыс нысаны 87,5 шаршы метр, автотұрақ баспалдағымен 130 шаршы метр) мемлекеттің жерін қоршап, құқық белгілейтін құжатынсыз иеленіп алғаны және жерді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып жатқанын анықтаған.

Уәкілетті орган 2024 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін ДК И[...] қатысты №142 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 6 қарашада жауапкер И[...] 2025 жылғы 6 ақпанға дейін жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқама табысталған. Алайда, жауапкер берілген мерзім ішінде өз бетінше иеленіп алған, жалпы алаңы 257,2 шаршы метр, мемлекет меншігіндегі жер учаскесінде орналасқан құрылысты өз есебінен бұзып, жер учаскесін бастапқы қалыпқа келтірмеген.

АПК-нің 76-бабының алтыншы бөлігіне сай, заңға сәйкес анықталған деп болжанған фактілер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар дара кәсіпкер И[...] Жер кодексінің 44-2 бабының 19-тармағы және 65-бабының 1-тармағын талаптарын бұзып, мемлекет меншігіндегі жерден жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу фактісі заңға сәйкес анықталған деген тұжырымға дұрыс келген. Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Ж[...].И[...] өкілі Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.