Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4813 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 наурыз №6003-25-00-2к/4813 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.С.Камашовтың,

талап қоюшының өкілдері А.М.Киізбайдың, А.Айдарханқызының, жауапкерлердің өкілдері Қ.Т.Әлімқұлдың, Б.Жандардың, үшінші тұлға өкілі М.С.Бимагзумовтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы ашық сот отырысында,

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкер Мирзабек Молдабекович Кожахметовқа, Галымжан Койшманович Каримбаевке, Сарыағаш қаласы әкіміне, «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына сатып алусату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің өкілі Қ.Т.Әлімқұлдың Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 17 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 17 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

М.М.Кожахметов пен Г.К.Каримбаевтың арасында 2005 жылы 28 мамырда жасалған, нотариус Г.Н.Махамбетовамен куәландырылып №8386 реестрде тіркелген жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыны мәселесі шешілген.

Осы соттың осы күнгі ұйғарымымен талап қоюдың Сарыағаш қаласы әкімінің 1998 жылғы 11 ақпандағы №21 шешімін, жер учаскесіне берілген кадастрлық №19-306-013-001 сәйкестендіру құжатын жарамсыз деп тану туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтамағанын, материалдық құқық нормалары бұзылғанын, даулы жер учаскесі шекара аумағынан алшақ орналасқанын соттар назарға алмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің (бұдан әрі АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік басқару органының, жергілікті өкілді немесе атқарушы органның, не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтін қалыпты немесе жеке қуат шығару салдарынан меншік иесінің және басқа адамдардың өзіне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншік иесінің немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жарамсыз, деп табылады.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 22 желтоқсандағы №2717 «Жер туралы» зан күші бар Жарлығының (бұдан әрі -Жарлық) 33бабының 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, қорғаныс жерлер жеке меншiкте бола алмайды.

Алайда, 1998 жылғы 11 ақпанда Сарыағаш қаласы әкімінің №21 шешімімен жеке кәсіпкер М.Кожахметовқа жанар-жағармай бекеті және сауда орны үшін жалпы алаңы 800 м2 жер учаскесі «Шымкент-Шыназ» тас жолы бойынан берілгенде аталған Жарлықтың талаптары сақталынбаған.

Осы шешім негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-306-013-001 сәйкестендіру құжаты жасалған.

2005 жылы 28 мамырда М.М.Кожахметов пен Г.К.Каримбаевтың арасында нотариалдық куәландырылған жанар-жағармай бекетін және жер учаскесін сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - даулы шарт) жасалған.

2022 жылы 10 ақпанда Г.К.Каримбаев сыйға тарту шарты бойынша жанар-жағармай бекетін және жер учаскесін С.Г. Койшымановқа сыйға тартқан (Департаментпен бұл мәміле дауланбаған).

2022 жылы 7 маусымда Сарыағаш ауданының прокуроры талап қоюшыға 20 жер учаскесіне қатысты заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс берген.

Бірінші сатыдағы сот режимдік аумақтың аймағында орналасқан стратегиялық объектінің сыртқы шекарасынан тиісті арақашықтық сақталмай, қорғалатын объектімен жапсарласып жер учаскесі беріліп, заң талаптарының нормалары бұзылғанын және даулы жер учаскесі берілгенге дейін ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі стратегиялық объект болғанын дұрыс назарға алған.

2025 жылғы 16 сәуірдегі мамандардың қорытындысымен «ШымкентШыназ» тас жолының бойынан берілген кадастрлық №19-306-013-001 даулы жер учаскесі Сарыағаш аудандық Шекара басқармасының іргелес жатқан пайдаланудағы қоршауынан арақашықтығы 30 метрде орналасқаны, жанаржағармай құю бекетінің қойма құрылысы Сарыағаш аудандық Шекара басқармасының іргелес жатқан пайдаланудағы қоршауынан арақашықтығы 9 метрде орналасқаны анықталған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 №1151 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерді айқындау қағидасының» 3-бөлігі 6-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, Шекара басқармасының объектілер санатына сәйкес, Шекара басқармасының объектісі стратегиялық объектілер санатына жатқызылған. Қаулының 2-бөлігі 14тармағында қоршауға оның периметрінің бір бөлігі болып табылатын ғимараттардан басқа қандайда бір құрылыс жапсарлас орналаспауға тиіс екендігі көрсетілген. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы №45 қаулысының 3-1 тармағында, қорғалатын объектілерді елді мекендерге орналастыруға арналған режимдік аумақтардың аймақтары объектілердің сыртқы шекарасынан 100 метр арақашықтықпен шектелген, ал олардың шегінен тыс 1 километр жер учаскесі болып табылады деп белгіленген.

Сондықтан бірінші сатыдағы қорғаныс жерлер жеке меншiкте бола алмайтынын негізге алып, АК-нің 158-бабының 1-тармағының талаптарына сай даулы шартты дұрыс жарамсыз деп тапқан.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Жергілікті соттар жауапкер өкілінің даулы жер учаскесі шекара аумағынан алшақ орналасқаны туралы уәждерін жоғарыда келтірілген негіздермен орынды дәйексіз деп тапқан.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 17 маусымдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің өкілі Қ.Т.Әлімқұлдың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.