6001-24-00-3г/1002
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 01 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на және «Евразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на сақтандыру төлемін жүргізуден бас тарту шешімін заңсыз деп тану және сақтандыру төлемені жүргізуді міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Алматы қаласы Алмалы ауданы №2 аудандық сотының 14 тамыз 2023 жылы шығарылған шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысына талап қоюшы Ж[...] өкілі К[...] келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Алматы қаласы Алмалы ауданы №2 аудандық сотының 14 тамыз 2023 жылы шығарылған шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
Сотта анықталғандай, 23 шілде 2018 жылы 01 сағат 05 минут шамасында, С[...] өзінің басқаруындағы «Lexus [...]» маркалы, тіркеу нөмірі [...] автокөлігімен Тараз қаласы, [...] бойында, «Екі жұлдыз» дәмханасының тұсында, кәмелеттікжасқа толмаған талап қоюшы Ж[...] соғып кеткен. Содан, Ж[...] жоғарыда аталған автокөліктің соққысынан, жолдың қарама-қарсыбағытына шығып кеткен кезінде, Ю[...] өзінің басқаруындағы маркасы «[...]», тіркеу нөмірі [...] автокөлігімен соғып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған.
15 қаңтар 2019 жылы талап қоюшы Ж[...] жол-көлік оқиғасы салдарынан алған дене жарақаттарынан кейін, «бала-мүгедек үшінші топ» мүгедектігі белгіленген.
Ж[...] С[...] азаматтық-құқықтық жауапкершілігі «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамында , 2018 жылы 25 сәуірде сақтандырылған.
Ал, жүргізуші Ю[...] азаматтық құқықтық жауаптылығы «Евразия» Сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамында 2018 жылы 10 шілдеде сақтандырылған.
Аталған сақтандыру полистардын колдану мерзімі 25 сәуір 2019 жылы және 10 шілде 2019 жылы сәйкесінше аяқталды.
Бірінші сатыдағы сот Ж[...] сотқа 2023 жылғы 4 мамырда, яғни сақтандыру жағдайы басталған күннен бастап бес жылдан астам уақыт өткен соң жүгінгенін оның тарапынан өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаты жоқ, ал жауапкер тарапынан талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану туралы өтінішхаты түсуіне байланысты деп көрсетіп талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, талап қоюшы мерзімдерді өткізіп алудың дәлелді себебін келтіре алмағанын бірінші сатыдағы сотта зерттелген дәлелдемелерге сәйкес сот заңды, әрі негізді шешім қабылдаған деп шешімді өзгеріссіз қалдырған. Өтінішхат иесі өтінішхатта жергілікті соттардың тұжырымымен келіспей, талап қоюшыға сақтандыру төлемін жүргізуден бас тарту шешімі 2023 жылдың 20 ақпанында белгілі болғандығын, құқығының бұзылғандығын сол уақытта білгенін атап айтқан.
Өтінішхат иесі жергілікті соттар талап қоюдың ескіру мерзімін қолданған кезде «Сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 8 нормативтік қаулысының (бұдан әрі- Қаулы) талаптарын ескермегенін алға тартты.
Қаулының 4 бөлігіне сәйкес сақтандыру шарттарынан туындайтын талаптарға жалпы талап қою мерзімі - үш жыл қолданылады. Бұл мерзім пайда алушыға немесе сақтанушыға (сақтандырылған адамға) оның құқықтарының бұзылғаны - сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешім қабылдағаны туралы белгілі болған кезден бастап, ал шешім қабылданбаған болса - сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін заңмен немесе шартпен белгіленген мерзім аяқталған сәттен бастап есептеледі. Кері талап тәртібімен сақтандырушының сақтанушыға талап қоюы үшін үш жылғы мерзім сақтандыру төлемі жүзеге асырылған сәттен бастап есептеледі делінген.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласы Алмалы ауданы №2 аудандық сотының 14 тамыз 2023 жылы шығарылған шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысын, талап қоюшы Ж[...] өкілі К[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.