ВС РК - Постановление от 07.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1207 (Административное)

6001-23-00-6ап/1207, 1207 (2)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 7 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор К[...],

талап қоюшының өкілдері М[...], Н[...], А[...], С[...],

жауапкерлердің өкілдері Б[...], К[...], К[...], Ш[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «ДК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Экология департаменті, Департамент), «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не (бұдан әрі - Кірістер басқармасы) қойған әкімшілік актілері мен әрекеттеріне дау айту туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 наурыздағы қаулысына жауапкерлермен келтірілген кассациялық шағымдармен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жауапкердің қабылдаған актілерімен және әрекеттерімен келіспей сотқа жүгініп, келесі талаптарды қойған:

  1. 2021 жылғы 24 мамырдағы тексеру тағайындау туралы актіні (бұдан әрі - Тексеру тағайындау актісі) заңсыз деп танып, күшін жою;

  2. 2021 жылғы 4 маусымдағы тексеру нәтижесі бойынша актіні заңсыз деп танып, күшін жою;

  3. 2021 жылғы 4 маусымдағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды заңсыз деп танып, күші жою;

  4. Экология департаментінің 2021 жылғы 4 тамыздағы мәліметтерді ұсыну әрекеттерін заңсыз деп тану;

  5. Кірістер басқармасының 2021 жылғы 12 тамыздағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты негізінде қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемнің есептелген сомасы туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою;

  6. Кірістер басқармасының 2022 жылғы 3 ақпандағы салық берешегін төлеу туралы хабарламасын заңсыз деп танып, күшін жою.

Бірінші сатыдағы сотпен талап қоюшының 2021 жылғы 4 маусымдағы тексеру нәтижесі бойынша актіні заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы, тексеру актісі құқықтық салдар туындатпайтынына орай қайтарылған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қоюдың өзге талаптары қанағаттандырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 наурыздағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымдарында жауапкерлер жергілікті соттармен қабылданған сот актілерімен келіспей, олармен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жоюды сұраған.

Сот отырысына қатысушылардың түсіндірмелерін және прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғандай, Қызылорда облысының прокуроры 2021 жылғы 26 сәуірде Экология департаментіне талап жолдап, Серіктестіктің қызметінде 2018-2021 жылдар аралығында экологиялық заңнамалардың сақталуына тексеру жүргізуді тапсырған.

Экология Департаменті прокуратура талабын Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне (бұдан әрі - Комитет) жолдап, «Д[...]» ЖШС-на тексеру тағайындау туралы шешім қабылдауды сұраған. 2021 жылғы 20 мамырда Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі «ДК[...]» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру тағайындау туралы №155-Ө бұйрықты шығарған. 2021 жылғы 24 мамырда Экология Департаментінің тексеру тағайындау туралы №20 актісі қабылданған. Актіде тексеру жүргізудің құқықтық негізі ретінде Қызылорда облысы прокуратурасының 2021 жылғы 26 сәуірдегі талабы және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144- бабының 3- тармағының 5) тармақшасы көрсетілген.

2021 жылғы 4 маусымда тексеру нәтижесі бойынша №20/28 акті жасалған және осы акті негізінде бұзушылықты жою туралы №20/28 ұйғарым қабылданып, талап қоюшыға орындауға табыс етілген. 2021 жылғы 4 маусымда тексеру нәтижелерімен «Д[...]» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар түзілген.

2021 жылғы 17 маусымда Экология департаменті жоспардан тыс тексеру нәтижесімен Серіктестіктің полигон аумағында орналастырылған қалдықтардың нақты көлемі туралы ақпаратты «Қазақстан Республикасы Каржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» РММ-не (бұдан әрі - Кірістер департаменті) жолдаған.

Осы мәліметтердің негізінде Кірістер басқармасы 2021 жылғы 9 шілдеде қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемнің есептелген сомасы туралы хабарламаларды қалыптастырып, талап қоюшыға орындауға жолдаған.

2021 жылғы 15 шілдеде Экология департаменті Кірістер департаментінен өзінің жолдаған мәліметтерін толықтырулар енгізу қажеттілігіне байланысты қайтарып алған. Өз кезегінде Кірістер басқармасы Серіктестіктен 2021 жылғы 9 шілдеде жолдаған барлық хабарламаларын қайтарған.

2021 жылғы 4 тамызда Экология департаменті қалдықтардың нақты көлемі туралы ақпаратты Кірістер департаментіне екінші рет жолдаған.

Кірістер басқармасы бұл мәліметтердің негізінде қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемнің есептелген сомасы туралы және салық берешегін төлеу туралы хабарламалар қалыптастырған.

Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының ( 2022 жылғы 17 қарашаға дейін күшінде болған) (бұдан әрі - Заң) 7-бабымен тексерістер жүргізу тәртібі қарастырылған.

Өз кезегінде Қызылорда облысы прокурорының 2021 жылғы 26 сәуірдегі талабында, ол Заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес берілгені көрсетілген.

Прокурорлық қадағалау жүргізудің нысаны мен шектері, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеріс тағайындауға негіз болатын айрықша мән-жайлар аталған Заңның 6-бабында көрсетілген. Заңның 6-бабының 3-тармағында прокурор заңдылықтың сақталуын тексеруді Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан

Республикасы Бас Прокурорының тапсырмалары негізінде тағайындайтыны және жүргізетіні көрсетілген.

Яғни, прокуратура органдары жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңдылықтың сақталуын тексеруді Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша немесе олардың келісімі негізінде жасайды.

Серіктестікке қатысты тексеріс жүргізу жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы болмаған.

Сондықтан, Қызылорда облысы прокурорында Экология департаментіне тексеру жүргізуді талап етуге заңды негіз болмаған, яғни осы бөліктегі жергілікті соттардың тұжырымдары дұрыс.

ӘРПК-нің 129-бабының 3-бөлігінде жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алатаңдығы бекітілген.

Тексеру тағайындау туралы актісінде тексеріс жүргізудің негізі ретінде Қызылорда облысы прокуратурасының 2021 жылғы 26 сәуірдегі талабы және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - КК) 144-бабының 5-тармағының 4) тармақшасы көрсетілген.

КК 144-бабының 5-тармағының 4) тармақшасына сәйкес бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге негіз болып адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қатері туралы прокуратура органдарының тапсырмалары табылады.

Алайда, соттармен даулы тексеріс жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен емес, облыс прокурорының талабы бойынша тағайындалғаны анықталуына орай Экология департаментінің Серіктестікке жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін КК 144-бабының 5-тармағының 4) тармақшасымен көзделген негіз болмағаны туралы қорытындылары негізді.

Жергілікті соттармен даулы тексеріс жүргізілген 2018-2019 жылғы кезеңдер бойынша Серіктестікке осыған дейін тексерулер жүргізілген, оның ішінде жоспардан тыс, кешенді тексерістер болғаны анықталған.

КК-нің 151-бабының 6) тармақшасына сәйкес (2021 жылы қолданыста болған редакциясы) КК-тің 144-бабы 3-тармағының 3), 3-1), 4), 8), 9), 10) және 13) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, сол бiр кезең iшiнде сол бiр мәселе бойынша бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргiзуге шектеу қойылған.

КК-тің 155-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілері бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын бақылау және қадағалау органы сол бір кезең ішінде сол бір мәселе бойынша профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізілген субъектісіне (объектісіне) тексеруді жүргізу және тағайындау жиілігі сақталмаған жағдайларда объектіге жібермеуге құқылы.

Заңның белгіленген нормалары қайта тексеруге тыйым салады.

Бұдан басқа соттармен қоршаған ортаға эмиссияның нақты көлемі Серіктестіктің өзі ұсынған мәліметтері негізінде қалыптастырылғаны анықталған. Ол өз кезегінде Департамент тексеріс барысында бұл мәліметтерді анықтауға жұмыстар жүргізбегенің, ал салық органына ұсынған ақпаратында көрсетілген мәліметтердің тексеру нәтижелерімен анықталғанын көрсеткен.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-ның апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-тің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

Сондықтан, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындылары дұрыс.

Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күштерін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкерлер «Қызылорда облысы бойынша экология департаменті» РММ-нің, «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Қайыпжан Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.