6003-25-00-2к/1652
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 4 қараша
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор О.Пернеевтің, жауапкерлер «Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Д.Айтбергеновтың, «ФАВОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері Н.Н.Журтекиннің, Ж.Д.Мауленнің қатысуларымен,
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Түпқағаран аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-ММ), «ФАВОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (одан әрі - ЖШС-і, Серіктестік) шарттарды жарамсыз деп тану, бұйрықтарды жою және жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы электронды азаматтық істі Серіктестіктің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен Департаменттің талабы қанағаттандырылған.
«Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен серіктестік арасында жасалған 20 маусым 2013 жылғы №20 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. «Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен серіктестік арасында жасалған 14 мамыр 2014 жылғы жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартына қосымша келісім шарты жарамсыз деп танылған. «Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің 20 маусым 2013 жылғы, 16 маусым 2024 жылғы № 161 бұйрықтары жойылған.
Түпқараған ауданы, Баутин ауылы, жер учаскесінің жанындағы мекенжайында орналасқан кадастрлық №13-202-005-937, алаңы 1,5128 га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілдері Н.Н.Журтекинді, Ж.Д.Мауленді, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Д.Айтбергеновты, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор О.С.Пернеевтің қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, Баутин поселкі әкімінің 2006 жылғы 7 қарашадағы № 128 шешімімен серіктестікке демалыс орнының құрылысын салу үшін көлемі 30 гектар кадастрлық №13-202-005-819 жер учаскесі берілген.
Соттар жер учаскесінде ешқандай құрылыстың жоқ екендігін анықтап, жер учаскесінің игерілмегеніне қарамастан, Баутин поселкі әкімінің 2013 жылғы 7 маусымдағы № 26 шешімімен оны кеңейту үшін қосымша кадастрлық №13-202-005-937 көлемі 1,5128 га жер учаскесі қосымша берілген және бұл жөнінде 2013 жылғы 20 маусымда Түпқараған аудандық жер қатынастары бөлімі мен ЖШС-нің арасында аталған жер учаскесін сатусатып алу келісім шарты жасалған деген қорытындыға келген. Сонымен қатар, аталған мемлекеттік мекемемен 2014 жылғы 14 мамырда 2013 жылғы 20 маусымдағы жер учаскесін сату-сатып алу келісім шартына қосымша келісім шарт жасалып, (кадастрлық № 13-199-005-937) аталған мекеменің (күні,айы,нөмірі көрсетілмеген) 2013 жылғы бұйрығы негізінде бекітілген. Кейін Түпқараған аудандық жер қатынастары бөлімінің 2014 жылғы 16 маусымдағы № 161 бұйрығы негізінде ЖШС-нің 31,5128 гектар жер учаскесі, екі бөлікке 1) 4,0 гектар; 2) 27,5128 гектар болып бөлінген.
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48бабының 1-тармағының 5) тармақшасында жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау
үшін» сауда-саттықтан тыс берілетіндігі көрсетілген. Соттар Жер кодекстің 48-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, қосымша жер телімін беру үшін қосымша берілетін жер телімі негізгі учаскемен іргелес орналасуы, негізгі учаскеде кеңейту және реконструкциялауға жататын ғимарат немесе құрылыстың болуы, қосымша сұралып отырған жер учаскенің сәулет қала құрылысы құжаттамасына сәйкес болуы тиіс деген талаптардың сақталуы қажеттілігіне назар аударған.
Соттардың мұндай тұжырымы кассациялық сот заңды деп есептейді.
Істі соттарда қарау барысында дауланып отырған жер учаскесі жоғарыда аталған Жер кодексінің талаптары бұзыла отырып, жауапкерге заңсыз берілгені өз дәлелін тапқан.
Жергілікті соттар аталған мән-жайларды негізге алып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157-бабының 3- тармағын, 158-бабының 1-тармағын, Жер кодексінің 148-бабының 1- тармағының 4) тармақшасын басшылыққа алып, даулы шарттарды жарамсыз, ал бұйрықтарды заңсыз деп тануы заңды.
Жауапкердің сот бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес кұрылыс жұмыстарын жоспарлау және бастау фактісін ескермеді, 2016 жылдың 22 қарашасындағы және 2020 жылғы 1 маусымдағы объектілерді пайдалануға қабылдау актлеріне сәйкес жер учаскесінде құрылыс бар деген уәжі негізсіз. Өйткені жер учаскесі негізгі учаскемен іргелес орналасуымен қатар 20132014 жылдары жер учаскесін кеңейту үшін алған кезде жауапкерге тиесілі жер учаскесінде ғимарат немесе құрылыстың болғандығы туралы дәлелдемелер сотқа табысталмаған.
Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығынды өтеудiң негiздерi Жер кодексінің 165-бабының, АК-нің 9-бабының 5- тармағының және «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 11-тармағының талаптарымен қарастырылған.
Аталғандардың негізінде жауапкердің жер учаскесі өтемақысыз алынып, жауапкерге залал келтірілді деген уәжі негізсіз. Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды. Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым
қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«ФАВОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.