ВС РК - Постановление от 10.01.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2612 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2612

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 10 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Нуржан Серикбаевич Исаевтың, Даурен Серикбаевич Исаевтың жауапкерлер Тараз қаласының әкіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Тараз қаласының жер комиссиясына қорытындыны және қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған. Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, заңды күшіне енген Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшылардың жоғарыда көрсетілген ұқсас талап қоюлары қаралып, қанағаттандырудан толығымен бас тартылған.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар деп көрсеткен.

Соттардың бұл тұжырымы заңды болып табылады.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 12) тармақшасына сай, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы болса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Нуржан Серикбаевич Исаевтың, Даурен Серикбаевич Исаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.