№6001-23-00-6ап/2702
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы (қарсы талап қоюшы) Ш[...] жауапкер О[...] Шардара ауданы Алата батыр ауыл округінде жер учаскесіндегі алаңы 12,3 гектар суармалы жер учаскесін қайта құжаттандырылған Шардара ауданы әкімінің 2016 жылғы 26 сәуірдегі №200 қаулысына дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Осы соттың 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюшы О[...] жауапкер «Шардара ауданы Әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне Шардара ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 26 сәуірдегі № 200 қаулысын және «ША[...]» шаруа қожалығының мүшелері жиналысының 2016 жылғы 07 сәуірдегі хаттамасын, О[...] 2016 жылғы 12 сәуірдегі берген өтінішін заңсыз деп тану туралы талап қоюы кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Жергілікті соттар талап қою ӘРПК-нің 9-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сай келмейтінін көрсеткен, себебі аталған заң қағидаттары, азаматтың немесе жеке тұлғаның бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы екендігін көздейді.
А[...] Ш[...] талап қоюы қандай да бір талап қою түріне жатпайды, сондықтан бұл дау сот тәртібімен қаралмайды.
Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ш[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.