Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 22.09.2025 по делу 6003-20-00-25/5 (Гражданское)

Ұ Й Ғ А Р Ы М

2025 жылғы 22 қыркүйек №5299-25-5-20/5944 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы Ғ.Б.Бастаубаев,

талап қоюшы «Ырыс» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай - ЖШС) жауапкерлер «Alina South Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен және Михаил Александрович Костериннен қарызды өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істің соттылығын анықтау туралы Шымкент қалалық сотының төрағасының ұсынысын қарап,

2018 жылғы 5 желтоқсанда «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС-і (қарыз беруші) мен «Alina South Company» ЖШС-і (қарыз алушы) арасында №913/18/16/ФЛ қаржы лизингі туралы шарты жасалып, «Пластикалық РЕ канистр үрлеу қалыптау машинасын (модель: OM5000SII)» сатып алу үшін 17 000 000 теңге, 84 ай мерзімге, қаржы лизингі берілген (Лизинг шарты).

Осы шарттың 10.2 тармағына сай «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС-і мен «Alina South Company» ЖШС-і арасындағы дау мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралады.

2019 жылғы 16 тамызда аталған шартқа қосымша «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС-і, «Alina South Company» ЖШС-і және М.А.Костерин арасында №913/18/16/ФЛ кепілдік шарты жасалып, ол шарт бойынша М.А.Костерин кепілгер болып енгізілген (Кепіл шарты).

Осы кепілдік шарттың 3.5 тармағына сай, тараптар арасында туындаған даулар Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген тәртіппен шешіледі.

Жауапкер «Alina South Company» ЖШС-нің заңды мекен - жайы: Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Көлкент аул., Түркістан көшесі, 113 үй.

Жауапкер М.Костериннің мекен – жайы (тіркелген жері) Шымкент қаласы, Теріскей шағынаудан, 15 үй, 43 пәтері.

2025 жылғы 13 ақпанда талап қоюшы жауапкерлерден аталған шарттар бойынша 13 230 667 теңге қарызды өндіру туралы Түркістан қаласының ауданаралық сотына талап қою берген. Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі ұйғарымымен азаматтық іс Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шартта көрсетілген соттылығы бойынша жолданған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы жауапкер М.А.Костерин жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегенін, ол кепілдік шартына жеке тұлға ретінде қол қойғанын көрсетіп, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына азаматтық істің соттылығын анықтап беру туралы ұсыныс келтірген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 маусымдағы ұйғарымымен азаматтық іс Түркістан қаласының ауданаралық сотына берілген.

Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымымен іс соттылығы бойынша екінші жауапкердің мекен жайы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданған.

Шымкент қалалық сотының төрағасы осы азаматтық істің соттылығы жоғары тұрған сотпен (2025 жылғы 24 сәуірдегі ұйғарымымен) анықталғанын көрсетіп, Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа істің соттылығын анықтап беру жөнінде ұсыныс келтірген.

Іс материалдарын, ұсыныстың уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 26 бабына сай, осы Кодекстің 27-бабының 1-2-бөлігінде көзделген істерді қоспағанда, азаматтық істер аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттарда қаралады және шешіледі.

АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, басқа соттың соттылығына жататындығы заңда айқындалған істерді қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар бойынша, сондай-ақ корпоративтік даулар бойынша азаматтық iстердi қарайды және шешеді.

Аталған азаматтық іс бойынша бірінші жауапкер заңды тұлға, ал екінші жауапкер жеке тұлға, сондықтан бұл іс мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатпайды.

АПК-нің 32-бабына сәйкес тараптар өзара келісім бойынша осы Кодекстің 31-бабында көзделген айрықша және тектік соттылықты өзгерте алмайды.

АПК-нің 29-бабының 1 бөлігіне сай, талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.

Демек, талап қою соттылығы бойынша Түркстан облысы, Сайрам ауданының сотының немесе Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының соттылығына жатады.

Көріп отырғандай Түркістан қаласының ауданаралық соты азаматтық істі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына негізсіз жолдаған, ал, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі Түркістан қаласының ауданаралық сотына заңсыз жіберген. Нәтижесінде азаматтың іс бойынша орынсыз созбалаңға жол беріліп, іс 2025 жылғы 13 ақпаннан бастап өзінің заңды шешімін таппаған.

АПК-нің 30 бабының 12 бөлігіне сай бірнеше жауапкерге талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.

Осы баптың 13 бөлігінде іс соттылығына жататын бірнеше соттың арасынан таңдау жасау талап қоюшыға тиесілі.

Талап қоюшы талап қоюында істің Түркістан облысы, Сайрам аудандық сотында қарауға жататынын көрсете тұра, қателесіп, талап қоюды Түркістан қаласының ауданаралық сотына жолдаған.

Жауапкер М.А.Костериннің өкілі істі соттылығы бойынша осы жауапкердің тұрғылықты мекенжайы бойынша жіберуді сұраған. Мұндай жағдайда заң бойынша жауапкерге таңдау еркі берілмеген.

АПК-нің 36 бабының 4 бөлігінің талаптарына сай, істің соттылығы туралы соттардың арасындағы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдану туралы» 20.03.2003 жылғы №2 нормативтік қаулысының 7 пунктіне сай, соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады.

Кассациялық соттың судьясы аталған іс талап қоюшының таңдауына сай Түркістан облысының Сайрам аудандық сотына негізімен қарауға жолдануға жатады деп санайды.

АПК-нің 36 бабы 4 бөлігін басшылыққа алып, судья

Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І :

Талап қоюшы «Ырыс» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер «Alina South Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен және Михаил Александрович Костериннен қарызды өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс соттылығы бойынша Түркістан облысының Сайрам аудандық сотына жолдансын.

Төрағалық етуші судья Ғ.Бастаубаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.