6001-20-00-3г/7557
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 18 қаңтар
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы П[...] жауапкерлер – «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-ге, «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, арнаулы атағын қалпына келтіру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы және моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Талап қоюшы П[...] жауапкерлер – «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-ге ( бұдан әрі – Полиция департаменті / жұмыс беруші ), «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі» ММ-ге ( бұдан әрі – Қаржы министрлігі ) 2018 жылғы 26 қазандағы № 1135 ж/қ бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, ӘлФараби полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің ( бұдан әрі – Полиция бөлімі ) учаскелік полиция инспекторы лауазымына қайта орналастыру, арнаулы атағын қалпына келтіру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 3812049 теңге жалақы және 5000000 теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талабымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған:
Полиция департаментінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 1335 ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған;
Н.П[...] бөлмінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына қайта орналастырылған;
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің Резерві» 010 бағдарламасының әкімшісіне орындалу міндетін жүктеп, мемлекеттік қазынадан П[...] пайдасына 400000 теңге моральдық зиян үшін өтемақы өндірілген;
талап қою арыздың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған;
шешімнің П[...] жұмысқа қайта орналастыру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған.
Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы ұйғырымымен П[...] талап қою арызының арнаулы атағын қалпына келтіру туралы бөлігі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі - АПК ) 279-бабының 8-бөлігіне сәйкес қараусыз қалдырылған. Аталған ұйғарым апелляциялық тәртіпте дауланбаған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, 2018 жылғы 03 қазанда Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы П[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ( бұдан әрі – ҚК ) 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен (бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып иемдену) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Полиция департаментінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 1335 ж/қ бұйрығымен П[...] «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Занының ( бұдан әрі – № 380-IV Заң ) 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдары қатарынан шығарылған.
Әл-Фараби аудандық соты талап қою арызды ішінара қанағаттандыра отырып, П[...] оған тәртіптік жаза қолдануға негіз болатын құқық бұзушылық жасамағанын, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің ( бұдан әрі – ҚПК ) 19-бабына сай әркім өзінің қылмыстық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі дәлелденге және соттың заңды күшіне енген үкіммен белгіленгенге дейін кінәсіз болып санаталытын, оған қатысты қозғалған қылмыстық іс әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын, яғни қылмыстық іс негізсіз қозғалып, процессуалдық мәжбүрлеу шаралары заңсыз қолданылғанын көрсеткен.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы» 1999 жылғы 09 шілдедегі № 7 нормативтік қаулысының 4-тармағында соттың ақтау үкiмi немесе анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокуратураның қылмыс оқиғасының болмауы салдарынан, қылмыс құрамының болмауы салдарынан немесе адамның қылмысқа қатысқаны дәлелденбеуi салдарынан қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысы шығарылған жағдайда адамды толық ақталды деп тану керектігі түсіндірілгені ескерілген.
№ 380-IV Заңның 57-бабының 11-тармағына сәйкес қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сот қараған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады.
Жергілікті соттар Полиция департаментімен аталған заң талаптары сақталмай, П[...] қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталмай, оған қатысты айыптау үкімінің қабылданбағанын ескермей, кінәсі дәлелденбеген әрекеті үшін тәртіптік жаза қолданылғанын көрсеткен.
№ 380-IV Заңның 38-бабының 4-тармағына сай, қылмыстық iс ақталатын негiздер бойынша қысқартылған, ақтау үкiмi заңды күшiне енген жағдайда қызметкердiң лауазымы, арнаулы немесе әскери атағы, сыныптық шенi, біліктілік сыныбы қалпына келтiрiледi.
П[...] қатысты қылмыстық іс ақталатын негіздермен тоқтатылғанына байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның лауазымы қалпына келтіруге жатады деп қорытындылаған. Осыған байланысты даулы бұйрықтың күші жойылып, ол бұрыңғы жұмысына қайта орналастырылған.
ҚПК-нің 38-бабына сай, адамға заңсыз ұстап алудың, күзетпен ұстаудың, үйқамақтың, лауазымынан уақытша шеттетудiң, соттаудың салдарынан келтірілген зиян қылмыстық процестi жүргiзетін органның кiнәсi бар-жоғына қарамастан, толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 11,12-тармақтарында Азаматтық кодекстің 922бабының 1-тармағына, 923-бабының 1 және 2-тармақтарына, 951-бабының 3- тармағына сәйкес заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тартудың, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауда ұстаудың, заңнамалық актiлермен көзделген өзге де жағдайлардың нәтижесiнде азаматқа келтiрiлген моральдық зиян мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаты) есебiнен зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтеледi. Мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергiлiктi бюджеттің) есебiнен моральдық зиянды өтеу туралы қойылған талап қоюлар бойынша жауапкер мемлекет болып табылады. Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңына сай, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Резерві» 010 республикалық бюджеттік бағдарламасының әкімшісі Қаржы министрлігі болып айқындалған. Жергілікті соттар П[...] заңсыз қылмыстық қудалау теріс әсер еткенін, бір жылдан астам уақыт күдікті ретінде болғанын, сол себептен ол материалдық тұрғыда зардап шеккенін көрсетіп, келтірілген жан азабына және шеккен зардаптарына баға беріп, оның пайдасына Қаржы министрлігінен 400000 теңге моральдық зиян өтемақысын өндірген.
Шымкент қалалық соты бірінші сатыдағы соттың іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс баға бергенін және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылғанын көрсеткен.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2018 жылғы 03 қазанда Н.Ш[...] департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, учаскелік полиция инспекторы П[...] Шымкент қаласының темір жол вокзалы алдында орналасқан дүңгіршігінде кедергісіз сауда жасау және
өзінің тарапынан қамқорлық жасау үшін ай сайын 5000 теңге ақша талап еткенін көрсетіп, оған шара қолдануды сұраған.
Сол күні басталған ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен № 187900031000949 сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Шымкент қаласы мамандандырылған тергеу сотының санкциясы негізінде 2018 жылғы 09 қазанда сағат 17:00-шамасында жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде П[...] өзінің қызмет аумағында орналасқан темір жол вокзалына барып, Ш[...] 15000 теңге пара алғаны бейнежазылымнан көрінеді. Жедел-тергеу тобымен жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде П[...] оқиға болған жерден бой тасалап қашып кеткен.
2018 жылғы 10 қазанда П[...] іс-әрекеті ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен (лауазымды адамның пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол берушілігі үшін өзіне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы айтарлықтай мөлшерде жасалған іс-әрекеттер, сол сияқты заңсыз әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн пара алу) сараланып, ол ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау абақтысына қамалған.
Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының 2018 жылғы 11 қазандағы қаулысымен пара алу фактісі бойынша П[...] қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция беріліп, кепіл мөлшері ретінде 20000000 теңге айқындалған.
2018 жылғы 12 қазанда тергеу органдарының қаулысы негізінде П[...] қатысты таңдалған бұлтартпау шарасы «кепіл» түріне өзгертілген.
Жұмыс беруші П[...] еңбек қатынастарын тоқтату туралы мәселе бойынша оған қатысты тергеп-тексеру басталып, бұлтартпау шарасы сотпен қолданылғаннан кейін қаралған.
№ 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сай қызметкер құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.
№ 380-IV Заңның 80-бабының 2-тармағына сай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы 2018 жылғы 24 қазанда П[...] ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы шешім қабылдаған.
Полиция департаментінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 1335 ж/қ бұйрығымен П[...] № 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде ішкі істер органдары қатарынан құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін шығарылған.
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы» РМҚК-нің филиалы ( бұдан әрі – Сот сараптамалары орталығы ) Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институты сарапшысының 2018 жылғы 07 қарашадағы № 3952 қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған сіріңке қорабында арнайы химиялық хаттарға жататын люминесценциялық заттың қабатталулары анықталған, олар салыстырмалы үлгіге сәйкес еместігі анықталған.
Сот сараптамалары орталығының Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институты сарапшысының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 1546 қорытындысына сәйкес П[...] автокөлігінің салонының ішінен алынған сіріңке қорабында люминесцентті бояуларының қабаттаулы іздері бар, оларды үлгінің болмауы себебінен анықтау мүмкін емес.
Сот сараптамалар орталығының Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институты сарапшысының № 4180 қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған «DVD-R» компакт дискілеріне «Х» деп белгіленген адамның дауысы П[...] тиесілі екендігін анықтылық деңгейі мен сапалық сипаты қанағаттанарлықсыз, диктордың дыбыс жазу құралының микрофонынан алшақ болуы, радиотартқыш құралдың, акустикалық шулардың қатарласуына байланысты анықтау мүмкін емес.
Аталған сараптамамен зерттелген фонограмманың мәтініне сәйкес әңгімеге әйел (Ү) және ер (Х) адамдар қатысқан. Әйел адамның сөздері: «... Нұреке, ана қыздар келді да...... Солардан, короче, өзімдікімен бес мың теңге, он бес мың теңге бар да, не істейін?... қазір ақша бар екен, беріп қойыңдар деп жатырмында, ертең проблема болып жүрмесін деп жатырмында.. Олар уже істейміз деп отыр бутикте, магазинде болсада ше деп отыр...», ер адамның сөздері: «... мына жақ көбейіп кетеді ғой магазин. 2-3 күні шыдай тұрсында....».
Сонымен қатар, фонограммаларда әйел адамның ер адамға сұрағы «Аха. Қазір менде он бес мың теңге бар, не істейін?», ер адамның жауабы «Тастап кете сал» деген сөздері жазылған.
П[...] 2018 жылғы 01 қарашадағы күдікті ретінде жауап алу хаттамасына сәйкес сол жылдың 09 қазанында Ш[...] әкімшілік айыппұлдың төлегені туралы түбіртекті алып кету үшін кездескенін, соңғының екі құрбысына жалға пәтер қажеттілігі туралы әңгіме орын алғанын, бірақ өзінің ешқандай көмек көрсете алмайтыны туралы айтқанын, кейін Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері оның автокөлігінің ортаңғы бөлігінде орналасқан қозғалтшқыштың жанынан сіріңке қорабын тауып алғанын көрсеткен.
Ал 2019 жылғы 15 маусымдағы күдіктіден қосымша жауап алу хаттамасында стенограммаға не себептен Ш[...] айыппұл туралы әңгіменің жазылмағанын, пәтер жалдау мәселесін көтерілгенін, бірақ оны шешуден бас тартқанын, басқа тұлғалар және ақша туралы әңгіме де болғанын, Ш[...] өзіне сіріңке қорабын ұсынғанын жоққа шығармаған.
Осы жауаптардан П[...] құқық бұзушы Ш[...] жалпы өзінің қызметтік міндеттеріне кірмейтін мәселелердің талқылануына жол бергені, полиция қызметкері ретінде өзiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыру міндетін, яғни № [...] Заңның 16-бабы 1-тармағы 4) тармақшасының талаптарын бұзғаны көрінеді.
ҚК-нің 366-бабының 1-бөлігімен (лауазымды адамның пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол берушілігі үшін өзіне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы) П[...] қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2019 жылғы 06 қарашадағы қаулысымен ҚПК-нің 323-бабына сәйкес тергеп-тексеру органымен қорғау тарапының өтінішхаттары бойынша шешім қабылданбауына байланысты прокурорға қайтарылған.
Шымкент қаласы прокурорының орынбасарының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен П[...] іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбеуіне байланысты ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы негізінде қылмыстық іс тоқтатылып, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күші жойылып, ұсынылған мүлік кепілден босатылған.
Аталған қаулыда П[...] қолдарынан люминесценттік заттың қабаттаулары анықталмағаны, зерттеуге ұсынылған дискідегі дауыс пен сөз үлгілері оған тиесілі екенін анықтауға мүмкіндік жоқ екені, Ш[...] атап өткен Майра мен Жансая есімді тұлғалардың, темір жол вокзалының маңында орналасқан сауда орындарының иелері мен әкімшіліктің өкілдерінен жауап алынбағаны, олармен тергеу әрекеттері жүргізілмегені, оқиға бойынша 15000 теңге ақшаның барлығы Ш[...] тиесілі еместігі, П[...] пара алғанын арызданушының айғақтарынан басқа растайтын басқа дәлелдемелер анықталмағаны ескерілген.
Сонымен бірге, Н.Ш[...].П[...] сіріңке ұсынуы жеткілікті дәлелдеме ретінде танылуға жатпайтыны және соңғының лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған қылмыстық құқық бұзушылық әрекетінен Ш[...] келтірілген 15000 теңге материалдық шығын айтарлықтай залал болып табылмайтыны көрсетілген. Яғни, П[...] қатысты қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауынан емес, іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Полиция департаменті өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындамай, материалдық құқық нормасы дұрыс қолданылмағанын, жергілікті соттардың П[...] жұмыстан оған қатысты айыптау үкімнің күшіне енгеніне не қылмыстық iс ақтау негiздерi бойынша тоқтатылғанына байланысты емес, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін шығарылғанын ескермегенін көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, П[...] талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі
дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.