6001-22-00-6ап/493
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 12 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар Г.Б.Дуйсенбаев, Д.А.Токмурзина болып, талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкер өкілі Ж[...],
мұдделі тұлға Маңғыстау ауданы бойынша білім бөлімі «Шетпе гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі О[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «CN[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – «CN[...]» ЖШС-гі, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық Комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«CN[...]» ЖШС-гі жауапкер Қазынашылық комитетінің оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 28 қыркүйектегі № 117833-09-21 бұйрығының күшін жою туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен күшінде қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған.
Сонымен бірге, апелляциядағы сатыдағы сот сол күнімен «Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің атына әкімшілік іс бойынша орын алған бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым қабылдаған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, талапты қанағаттандыруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға жолдаған пікірінде іс бойынша қабылданған сот актісін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Маңғыстау ауданы бойынша білім бөлімі «Шетпе гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – тапсырыс беруші) жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жарияланған мемлекеттік сатып алудың 2021 жылғы 30 маусымдағы қорытындысы бойынша ең төменгі баға ұсынымы бойынша Серіктестік жеңімпаз болып танылған.
2021 жылғы 22 қыркүйекте тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы Серіктестікке 2021 жылғы 27 қыркүйекке дейін шартқа қол қою үшін жолдаған.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Серіктестік Заңда көрсетілген мерзімде шартқа қол қоймаған. Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 28 қыркүйектегі № 117833-09-21 бұйрығымен серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған.
Жергілікті соттар талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімдерін Серіктестіктің шартқа қол қоюдан негізсіз бас тартқандығымен негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымы қате жасалған және істің нақты мәнжайларына сәйкес келмейді.
Соттар Серіктестің шартқа қол қоймауына тапсырыс берушінің өзінің кінәлі екендігін ескермеген.
Заңның 43-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сай тапсырыс беруші жеңімпазға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы айқындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді. Осы Заңның 47-бабында мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға шағымдану мерзімі бес жұмыс күні болып белгіленген.
Жоғарыда аталған Заң нормаларына сәйкес тапсырыс беруші жеңімпазға шарттың жобасын бес – он жұмыс күні ішінде жіберуге, ал жеңімпаз шартқа үш жұмыс күні ішінде қол қоюға міндетті. Яғни аталған әрекеттер он үш жұмыс күннен кешіктірілмей аяқталуы тиіс.
Жоғарыда көрсетілгендей мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 2021 жылғы 30 маусымда айқындалған.
Іске тіркелген тапсырыс берушінің 2021 жылғы 15 шілдедегі хатына қарағанда (істің 89-беті) тараптар арасында 2021 жылдың 6 шілдесінде мемлекеттік сатып алу туралы № 40 шарт жасалған. Бұл хатта тапсырыс беруші мердігерге жөндеу жұмыстарын шартта көрсетілген екі ай мерзімде бітіріп беруді сұраған, яғни, мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы Заңмен өзіне жүктелген міндеттемесін орындап шартқа қол қойған.
Тапсырыс беруші өкілінің сот алқасындағы түсінігі бойынша Серіктестік қол қойған 2021 жылдың 6 шілдесіндегі № 40 шартта қате жазулар болғандықтан Қазынашылық комитеті тіркеуге алмағанын. Мелекеттік сатып алу шарттарын жасауға жауапты адамның қателігінен қате жазулар тек 2021 жылдың 22 қыркүйегінде ғана түзетілгенін түсіндірді.
Конкурстық комиссияның қорытындысы 2021 жылғы 30 маусымда қабылданса да және оның шағымданбағанына қарамастан, тапсырыс беруші Заңда көзделген мерзімдерді бұзып, шарт жобасын Серіктестікке үш айға жуық мерзім өткен соң 2021 жылдың 22 қыркүйегінде ғана қол қою үшін қайтадан жолдаған.
Тапсырыс берушінің кінәсінен шартқа қол кою мерзімін өткізіп алған жағдайларда мемлекеттік сатып алудың жеңімпазына оған қол қою Заңмен көзделмеген.
Соттар бұл фактіні анықтай тұра, тіпті ол жөнінде жеке ұйғарым қабылдай отырып, дауды негізінен шешкенде осы мән-жайға тиісті құқықтық баға бермеген.
Дау туындаған кезеңде қолданыста болған «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысының 6-тармақшасына сай тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару негіздемесі бойынша әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойылған кезде АПК-нің 65, 66-баптарына сәйкес, оған шарт жобасының тиісінше жіберілгеніне дәлел келтіруге (мысалы, шарт жобаларының жеткізілгені туралы пошталық хабарлама, өнім берушінің өзі қол қойып алғаны туралы қолхат) не орындалмау себептерін көрсетуге тиіс. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын жіберу жөнінде өзіне жүктелген міндетті тапсырыс берушінің орындамауы, әлеуетті өнім берушіні шартты жасасудан жалтару негізі бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықталғанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгенін ескере отырып, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін қабылдауға жеткілікті негіздер бар деп санайды.
Істің бұл тұрғысында іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 616-бабының 17) тармақшасына сай мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары – үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қорғау жағдайларын қоспағанда, талап қойған және сот шешiмдерiне шағым жасаған кезде соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Тиісінше мемлекеттік мекемелер жауапкер болған жағдайда соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылмаған.
Сондықтан АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшының пайдасына оның төлеген сот шығыстары жауапкерден өндірілуге жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қазандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысының күштері жойылсын. «CN[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық Комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің «CN[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 28 қыркүйектегі № 117833-09-21 бұйрығының күші жойылсын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық Комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінен «CN[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына сот шығыны 22 285 (жиырма екі мың екі жүз сексен бес) теңге өндірілсін. «CN[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Г. Дүйсенбаев Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.