6001-24-00-3ГП/498
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 18 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Шәріпов Н.К.
судьялар Молдахметова Т.А., Савинова А.С.,
талап қоюшы Н.Т.Іздібаевтың, оның өкілі Е.Т.Издибаевтың, жауапкер өкілдері Ж.А.Мауленованың, Э.А.Мухсинованың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында
талап қоюшы Нұрлан Тұрғанбекұлы Іздібаевтың жауапкер «Тамерлан Моторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) материалдық шығынды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Н.Т.Іздібаевтың өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Іздібаев Н.Т. сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 24 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкер Серіктестіктен талап қоюшы Н.Т.Іздібаевтың пайдасына
58 000 000 теңге материалдық шығын өндірілген.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығыстарын бөлу туралы мәселе шешілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюшы Н.Т.Іздібаевтың жауапкер Серіктестіктен материалдық шағынды өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы талап қоюшының және оның өкілінің өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілдерінің өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы пікірін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 15 маусымда Жакешева А. мен Серіктестіктің арасында № 191 автокөлікті сатып алу-сату шарты (бұдан әрі – Шарт) жасалып, шартқа сәйкес, Жакешева А. 2022 жылғы «Toyota Land Cruiser 300» маркалы, VIN JTMABABJ004034331, ақ түсті автокөлігін (бұдан әрі – автокөлік) 58 000 000 теңгеге сатып алған.
Шарттың 5 тармағында кепілдік (гарантия) жасалғаны туралы көрсетілген.
Шарттың 5.3. тармақшасына сәйкес, кепілдік мерзімі сатып алушы автокөлікті қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды, сонымен қатар автокөлікті кепілдік қызмет көрсету нұсқаулығын кепілдік тіркеу талонында 100 000 км аспайтын кепілдік шақырымды белгіленген кезге дейінгі мерзімді (екеуінің қайсысы бірінші орын алғанға байланысты) құрайды деп көрсетілген.
2022 жылғы 18 маусымда тараптар арасында Шарттың № 2 қосымшасына сәйкес автокөлікті қабылдау-тапсыру актісі жасалған.
Яғни, кепіл мерзімі 2022 жылғы 18 маусымнан 2025 жылғы 18 маусымға дейін екені бекітілген.
2022 жылғы 31 тамыздағы А.Жакешова (сатушы) мен А.Н.Тұрғанбековтың (сатып алушы) арасында жасалған шарт негізінде даулы автокөлік соңғының меншігіне өткен.
2022 жылғы 14 қазанда Н.Т.Іздібаев аталған автокөлікті сатып алу- сату шарты негізінде сатып алған.
2023 жылғы 4 қазанда «Jusan Garant» акционерлік қоғамы сақтандыру компаниясы мен Н.Т.Іздібаевтың арасында автокөлікті бірегей сақтандыру полисі жасалған.
Сақтандыру полисіне сәйкес, сақтандыру компаниясымен сақтандыру төлемі, сақтандыру оқиғасы жол-көлік оқиғасынан келтірілген, сондай-ақ өрт, жарылыс, дүлей күштерінен, пилоттық-ұшу аппараттарының түсуінен, үшінші тұлғалардың бүлдіруінен келтірілген мүліктік зиян келген жағдайда жүргізіледі.
Сақтандыру полисі талабына сай, сақтандыру төлемі автокөліктің электр және басқа да құрылғыларының, оның ішінде электр жалғаулары мен өздігінен орнатылған қосымша құрылғылар (сигнализация, автомагнитола және т.б) бойынша электр сымдарының тұйықталуынан болған өрт жағдайында төленуге жатпайтыны көзделген.
2023 жылғы қазан айының 16-нан 17-не қараған түні сағат 3:20 шамасында талап қоюшының тұрғылықты жері, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы, Мүсірбаев көшесі № 34 үйдің ауласында тұрған автокөлік өртеніп, мақсатты пайдалануға жарамсыз күйге ұшыраған.
Аталған факті бойынша Қармақшы аудандық полиция бөлімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен СДТБТ-не №234346031000116 санымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру іс әрекеттері басталған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өрт-техникалық сараптама тағайындалып, аталған сараптаманың 2023 жылғы 17 қарашадағы № 2344 санды қорытындысына сәйкес, автокөлікте өрттің шығу себебі ретінде автокөлік қозғалтқышының сол жақ тұсымен және подкрыльник үстімен жүргізілген электр сымдарының қысқаша тұйықталуы мен электр сымдарының бойында үлкен кедергілердің өтуі салдарынан орын алу мүмкін, өрттің шығу ошағы автокөліктің жүру бағыты бойынша, автокөлік қозғалтқышының сол жақ тұсында орналасқан, айғақ затынан тез жанғыш сұйықтық белгілері (бензин немесе солярка) анықталмағаны көрсетілген. 2023 жылғы 27 қарашадағы Қармақшы аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы қабылданған.
2023 жылғы 15 желтоқсанда сотқа дейінгі тәртіппен талап қоюшы жауапкерге өрт оқиғасы орын алуына байланысты кепілдік талаптарына сәйкес, дәл сондай автокөлікті табыстауды сұрап өтінішхат жолдаған.
2024 жылғы 11 қаңтарда Серіктестіктің жауап хатында автокөліктің өртенуіне қатысты «Тайота Мотор Қазақстан» ЖШС-і дистрибьюторының мамандары тексергеннен кейін нақты жауап берілетіні туралы хабарланған.
2024 жылғы 29 ақпанда № 057 «ЭКОП» сараптық-кешендік бағалау кәсіпорны» ЖШС-нің қорытындысында өрт шығу ошағы алдыңғы сол жақ қанаттың үстіндегі қозғалтқыш бөлімінде орналасқан және автокөліктегі өрттің техникалық себебі неде екенін қорытындының зерттеу бөлігінде көрсетілген себептер бойынша анықтау мүмкін емес деп көрсеткен.
2024 жылғы 29 наурызда «Тамерлан Моторс» ЖШС-гі маманының қортындысында өрт ошағы көрсетілген жерде, автокөлік жұмыс істемей өшірілу тұрған кезде, автокөліктің техникалық регламентіне сәйкес қозғалтқыш бөлігінде жүріп өткен мұндай ағымдағы тоқ қуаттары, қысқаша тұйықталуды тудырмайды және осындай ағымдағы (0,3 мА - 0,5 мА) тоқ қуаты өткен сымдарда қысқаша тұйықталу болған жағдайда, сымдардың бойында өрт тудыруға лайықты, балқыған сымдардың іздері қалыптаса алмайды деп көрсетілген.
Орын алған оқиға сақтандыру оқиғасы болып табылмайды. Алайда оқиға Шартпен көзделген кепіл мерзімінің әрекет ету аясында болған.
Осыған орай, талап қоюшы кепіл мерзімінің өтпегенін басшылыққа алып, өзіне келтірілген залалдың өтемін өндіріп беруді сұрап сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыра отырып, автокөліктің сапасы жағынан кеткен кемшіліктер өндірушімен жіберілген, кепілдік шарт талаптарына сай өндірушіге жүктелетін міндеттер сатушыға да жүктеледі, Серіктестікпен берілген кепіл мерзімі өтпеген, сондықтан талап қоюшы Н.Т.Іздібаевтың талап қоюы негізді деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, өрттің орын алуына себеп болған электр сымдарының қысқаша тұйықталуы мен электр сымдарының бойынан үлкен кедергілердің өтуінің техникалық себептерін анықтау үшін тексеруге жататын дәлелдемелерді анықтап, оларға қосымша сараптамалар тағайындау арқылы зерттеу жүргізудің қазіргі уақытта мүмкіндігі жоқтығын және автокөліктің оқиға орнынан басқа жерге ауыстырылғанын негізге алып, талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген. Алқа апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен төмендегі негіздер бойынша келіспейді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 386-бабының 1-тармағына сәйкес, шарт оны жасасқан кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылса, осы АК-нің 272-273-баптарына сәйкес, міндеттеме – міндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.
АК-нің 422-бабының 1-тармағына сәйкес, сатушы сатып алушыға сапасы шартқа сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
Ал, АК-нің 428-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, егер сатушы тауардың кемшiлiктерi туралы айтпаған болса, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушы өз қалауы бойынша сатушыдан тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес келетiн тауармен алмастыруды талап етуге құқылы.
АК-нің 947-бабына сай, тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу негiздерi тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) конструкциялық, рецептуралық немесе өзгедей жеткiлiксiздiгi салдарынан, сондай-ақ тауар (жұмыс, қызмет көрсету) туралы анық емес немесе жеткiлiксiз ақпараттың салдарынан азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне не заңды тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиян, олардың кiнәсiне және жәбiрленушiнiң олармен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, сатушының немесе дайындаушының (орындаушының) өтеуiне жатады. Осы ереже тек тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) тұтынушылық мақсатта сатып алған жағдайларда ғана қолданылады.
АК-нің 948-бабы бойынша тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты тұлғалар: тауардың кемшiлiгi салдарынан келтірілген зиянды жәбiрленушiнiң таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиiс. Бірінші сатыдағы сотпен дұрыс анықталғандай, талап қоюшы тұтынушы ретінде сатып алған тауардың, яғни автокөліктің сапасына қатысты өндірушімен жіберілген олқылықтардың өтемін кепіл бойынша сатушыдан талап етуі негізді.
Өйткені, даулы автокөлікте орын алған өрт көлік өшірулі тұрған кезде, өзге факторлардың әсер етуінсіз, электр сымдарының қысқаша тұйықталуы мен электр сымдарының бойында үлкен кедергілердің өтуі салдарынан орын алған. Өрттің ошақы автокөлік қозғалтқышының сол жақ тұсында орналасқан, подкрыльник үстімен жүргізілген электр сымдары екені анықталған.
Серіктестіктің мамандарымен жүргізілген сараптамалар оқиға орын алғаннан кейін 4, 5 айдан кейін жүргізілген. Бұл кезде автокөлік оқиға орнынан басқа жерге қойылған. Яғни, жауапкердің автокөлікке жүргізілген зерттеулер оқиға себептерін нақты анықтап, оның қосалқы бөлшектерінің жағдайын дұрыс бағалауға мүмкіндігі болмаған.
Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасының сот отырысында жауапкердің мамандарымен 2024 жылғы 8 қазанда даулы автокөлікке автоматты оталдыру қосалқы жүйесі орнатылғаны анықталған. Бұл мән-жай жауапкер өкілімен жоққа шығарылмаған. Алайда, бұған апелляциялық сот алқасымен тиісті баға берілмеген.
АПК-нің 72-бабының талабына сай, әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғау құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемьесуге бағытталған дәлелемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімде келтіруге тиіс.
Жауапкермен жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сай, сотқа талаптың негізсіздігін дәлелдейтін тиісті дәлелдемелер келтірілмеген.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы сот, Н.Т.Іздібаевтың
талабын қанағаттандыру туралы дұрыс қорытындыға келген.
Бұл тұрғыда, облыстық соттың апелляциялық қаулысын заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға – талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысының 14-тармағына сай, процеске қатысқан өкілдің (бірнеше өкілдердің) көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар АПК-нің 113-баптарының талаптарына сәйкес өтеледі. Мүліктік сипаттағы істер бойынша өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі сот шығыстарын өтеу сомасы АПК-нің 113-бабында белгіленген шектен аспауы тиіс және тараптардың өтінішхаты бойынша немесе соттың қалауымен төмендетуге жатпайды.
Кассациялық алқаның сот отырысында талап қоюшының өкілі Е.Издибаевпен 2024 жылғы 25 тамыздағы құқықтық көмек көрсету туралы келісім шарттың және 2024 жылғы 25 сәуірдегі төлем тапсырмасы негізінде өкілдік шығыстарды, 2024 жылғы 27 қыркүйектегі түбіртектің негізінде кассациялық сатыда төленген мемлекеттік баж салығын жауапкерден өндіру туралы өтінішхат берілген.
АПК-нің 113-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс.
Жоғарыда аталған заң нормаларын басшылыққа алып, алқа талап қоюшының пайдасына жауапкерден өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыс сомасы 5 800 000 теңгені және 295 800 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру қажет деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі соталқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысының күші жойылып, Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 24 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын. Н.Т.Іздібаевтың өтінішхаты қанағаттандырылсын.
«Тамерлан Моторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Н.Т.Іздібаевтың пайдасына өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыс сомасы ретінде 5 800 000 (бес миллион сегіз жүз мың) теңге және 295 800 (екі жүз тоқсан бес мың сегіз жүз) теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар Т. Молдахметова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.