6001-23-00-6ап/254
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 18 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып,
жауапкер өкілі М[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің 2022 жылғы 5 мамырдағы шешімін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 қарашадағы ұйғарымына, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшы Н[...] талап арызы сотқа жүгінуге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алуына орай кері қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, жауапкер өкілінің шағым уәждеріне қатысты қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін және қарсы пікірді талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы талап қоюшы Н[...] 2022 жылдың 17 ақпаны №ЖТ-2022-01217393 санды хатымен жауап берген.
2022 жылғы 17 наурызда Н[...] аудан әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасары атына Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының жауабымен келіспейтіндігі жөнінде уәждерін баяндап, арызбен жүгінген.
Арызға жауап 2022 жылғы 11 сәуірде берілген.
2022 жылғы 14 сәуірде Н[...] Сырым ауданы әкімінің атына қайталап шағыммен жүгінген.
2022 жылғы 5 мамырда аудан әкімі ӘРПК-нің 88-бабының талаптарына сәйкес қарауды тоқтату жөнінде шешім қабылдаған.
Талап қоюшы Н[...] 2022 жылғы 5 мамырдағы аудан әкімінің жауабымен келіспей, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасына жүгінген.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының жауабын ұсына отырып, Сырым ауданының 2022 жылғы 5 мамырдағы қабылдаған шешімін заңсыз деп көрсеткен.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігінде дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілетіндігі қарастырылған.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде, егер сот мерзімдерді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екендігі көзделген.
Жергілікті соттар АПК-нің 126-бабында көзделген негіздердің бұл жағдайда болмағанын, оларды растайтын өзге де дәлелді себептер мен құжаттардың жоқтығын анықтаған.
Сот алқасы соттардың көрсетілген тұжырымдарымен келіседі, өйткені талап қоюшымен заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алуға себеп болған өзге де дәлелдер немесе себептер сотқа ұсынылмаған.
Керісінше дауланып отырған актіні ол 2022 жылғы мамыр айында алғаны, ал осы талаппен сотқа тек 2022 жылдың қазан айында жүгінгені анықталған.
ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігінде талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылатындығы көзделген.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес, егер сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Осыған байланысты жергілікті соттардың талап қоюшы Н[...] талап арызын қайтару туралы тұжырымдары заңды әрі негізді қабылданған.
Мұндай жағдайларда сот актілері күшінде, ал кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 қарашадағы ұйғарымы, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы ұйғарымы өзгіріссіз күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Б. Нажмиденов
Г. Нурбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.