Қ А У Л Ы
2026 жылғы 2 шілде №6003-26-00-4к/924 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Н.Е.Нуралыева, М.А.Манабаева
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Т[...],
жауапкердің өкілі К[...] қатысуымен
ашық сот отырысында «Жаңақорған аудандық көп бейінді орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - К[...]) «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) бұзушылықтарды жою туралы 2025 жылғы 29 мамырдағы № 5/1 нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша
Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 24 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
К[...] Департаментке жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Департаменттің тұтынушыларға қызмет көрсеткен жағдайда К[...] «сумен жабдықтау» қызмет түрі бойынша Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізу үшін «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы Департаментке өтініммен жүгіну міндеті жүктелген нұсқамасының 1-2) тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Кассациялық шағымында жауапкер соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, соттар К[...] орта мектепке көрсеткен сумен жабдықтау қызметтерін реттеліп көрсетілетін қызметтер саласынан алып тастағаны негізсіз екенін, ал тексеру барысында К[...] 2020 - 2022 жылдары сумен жабдықтау қызметтерін, ал 2022 - 2025 жылдары су бұру қызметтерін ақылы негізде көрсеткені анықталғанын, К[...] реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсете отырып, Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілмегенін, сөйтіп «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының талаптарын бұзғанын, ал соттардың қорытындылары Заңның талаптарына қайшы келетінін көрсетіп, сот актілерін өзгертуді және Департаменттің 2025 жылғы 29 мамырдағы № 5/1 нұсқамасын толығымен заңды деп тануды сұрайды.
Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген талап қоюшының өкілі кассациялық сатыдағы соттың сот отырысына келмеді, келмеу себептері туралы сотқа хабарламады және сот талқылауын кейінге қалдыру туралы өтінішхат мәлімдемеді.
Кассациялық сот кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, талап жауапкердің өкілінің түсініктемесін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, мынадай тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігінің талаптарына сәйкес жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес осы Кодекстің 427бабында көзделген, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Төменгі тұрған соттар істі қарау кезінде сот актісін қайта қарауға әкеп соғатын бұзушылықтарға жол бермеген.
Кассациялық сот сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін кассациялық шағымның уәждері шегінде тексеріп, олардың күшін жоюға не өзгертуге негіз жоқ деген қорытындыға келеді.
«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4- бабының 21) тармақшасына сәйкес тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға табиғи монополия субъектісі болып табылады.
Аталған Заңның 5-бабы 1-тармағының 14) тармақшасында көзделгендей, сумен жабдықтау және (немесе) су бұрудың реттеліп көрсетілетін қызметтері табиғи монополиялар салаларына жатады. Заңның 11-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын тұлғалар мұндай қызметтерді көрсете бастаған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті. Сонымен қатар, Мемлекеттік тіркелімге енгізу міндеті заңнамаға сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатқызылатын қызметті жүзеге асырған жағдайда ғана туындайды.
Соттар анықтағандай, К[...] 2022 жылы өзіне тиесілі ұңғымадан диаметрі 25 мм, ұзындығы 20 м болатын шланг арқылы №163 орта мектепке ауыз су беруді жүзеге асырған, ал 2022 жылдан кейін аталған тұтынушыға сумен жабдықтау қызметі көрсетілмеген, бұл іс материалдарымен бекітіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 26 бұйрығымен бекітілген Реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесіне сәйкес сумен жабдықтау саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге магистральдық құбыржолдар, тарату желілері немесе арналар арқылы су беру жатады. Бұл ретте, дауланып отырған кезеңде қолданыста болған Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары сумен жабдықтау желілерін су беруге арналған құбыржолдар мен құрылыстар жүйесі ретінде айқындаған.
Соттар ұсынылған дәлелдемелерді зерттей отырып, суды жеке шланг арқылы беру аталған нормативтік құқықтық актілерді түсінуде тарату желілері немесе магистральдық құбырлар арқылы қызмет көрсету болып табылмайды деген қорытындыға келгені негізді. Департамент орта мектепті сумен жабдықтау К[...] тиесілі тарату желілері жүйесі арқылы жүзеге асырылғанын растайтын қандай да бір дәлелдемелерді ұсынбаған. Керісінше, сумен жабдықтаудың бір реттік сипатта болғаны және тексеру жүргізілгенге дейін іс жүзінде тоқтатылғаны іс материалдарымен бекітіледі.
Бұл ретте, өтініш берушінің сумен жабдықтау ұғымын суды алу, жинау, дайындау, беру және су ресурстарын тарату жөніндегі іс-шаралар кешені ретінде айқындайтын Қазақстан Республикасы Су кодексінің 1-бабының ережелеріне сілтеме жасауы соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын білдірмейді. Аталған норма сумен жабдықтау ұғымының мазмұнын айқындайды, дегенмен өздігінен табиғи монополиялар саласына жататын реттеліп көрсетілетін қызметтердің түрлерін белгілемейді және мұндай қызметтердің көрсетілу тәсілдерін нақтылайтын «Табиғи монополиялар туралы» Заңның арнайы нормалары мен оны іске асыру үшін қабылданған Реттеліп көрсетілетін қызметтер тізбесінің ережелерін қолдануды жоққа шығармайды.
Жауапкердің қызметті табиғи монополия саласына қатысты деп тану үшін қызмет көрсету тәсілінің маңызы жоқ деген уәжі де заңға негізделмеген.
Заңның 4-бабының 18) тармақшасында бекітілген табиғи монополия ұғымы нақты реттеліп көрсетілетін қызметтерді және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру талаптарын айқындайтын осы Заңның 5 және 11-баптарымен өзара байланыста қолданылуға тиіс.
Демек, соттардың заңнамада көзделген дәл сол реттеліп көрсетілетін қызметтердің нақты көрсетілгені фактісін анықтау қажеттігі туралы қорытындысы аталған құқықтық нормаларды жүйелі түрде түсіндірілуіне сәйкес келеді.
Сонымен қоса, соттар Департаменттің тексеру жүргізу кезінде ӘРПКнің 72-бабының талаптарын бұзып, іс үшін маңызы бар мән-жайларды толық және объективті зерттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдамағанын назарға алғаны заңды.
Әкімшілік орган орта мектепті сумен жабдықтаудың нақты қандай тәсілмен жүзеге асырылғанын анықтамаған, пайдаланылған сумен жабдықтау жүйесінің сипаттамаларын зерттемеген және оның сумен жабдықтаудың тарату желілеріне жататынын растайтын дәлелдемелерді келтірмеген. Мұндай жағдайларда әкімшілік органның К[...] монополиялар субъектілерінің сумен жабдықтау қызметтеріне қатысты мемлекеттік тіркеліміне енгізу үшін негіздер бар деген қорытындысы мерзімінен бұрын шығарылған.
Сонымен қатар, соттар К[...] өзіне тиесілі ұзындығы 7 908 метр болатын кәріз құбыры арқылы жеке кәсіпкерге су бұру қызметін көрсеткенін анықтады. Іс материалдарындағы объектінің техникалық паспорты мен жасалған шарттар К[...] су бұру жүйесі бар екенін растайды, ал Реттеліп көрсетілетін қызметтер тізбесінің 2-тармағының 10) тармақшасы мен 11-тармағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Су кодексінің 98-бабының талаптарына сәйкес орталықтандырылған әрі орталықтандырылмаған су бұру қызметтері реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатады.
Сондықтан, соттардың нұсқаманың осыған қатысты бөлігінің заңдылығы туралы қорытындысы дұрыс және іске қатысушы тараптар оларды мәні бойынша теріске шығармайды.
Кассациялық шағымның уәждері табиғи монополиялар туралы заңнама нормаларын өзгеше түсіндіруге және соттар анықтаған істің мән-жайларын қайта бағалауға негізделген. Алайда, шағымда соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын немесе процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын дәлелдейтін нақты әрі негізді уәждер келтірілмеген. Мұндай бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 427-бабына сәйкес қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге негіз бола алады.
Мұндай жағдайларда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері заңды және негізді, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатпайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 24 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Тулеев
Судьялар
Н. Нуралыева
М. Манабаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.