2025 жылғы 30 шілде № 6399-2500-4а/191 іс Астана қаласы
ҚАУЛЫ
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
талап қоюшы М.М. Досумбеков, жауапкердің өкілі Ж.О. Абдрасилованың қатысуымен ашық сот отырысында Молдатай Молдакашевич Досумбековтың «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тұрғын үйді жекешелендіру бойынша жауабын заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы ұйғарымына, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпанындағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы М.М. Досумбеков «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы» (бұдан ары – басқарма) мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 20 маусымындағы тұрғын үйді жекешелендіру бойынша жауабына дау айтып сотқа жүгінді.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы ұйғарымымен М.М. Досумбековтың әкімшілік талап қоюы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартуына байланысты қайтарылған. Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпанындағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында процессуалдық нормалар бұзылғанын көрсетіп, соттан аталған ұйғарымның күшін жоюды сұрады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот әкімшілік сот ісін жүргізудің қатысушыларының түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, соттар процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты сот актілерінің күші толығымен жойылуға, іс жаңадан қаралуға бірінші сатыдағы сотқа жіберілуге жатады деп санайды. ӘРПК-нің 1 бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданылады.
ӘРПК-те әкімшілік рәсімдік-процестік заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер болмағандықтан АПК-нің нормалары қолданылуға жатады.
ӘРПК 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі; егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Астана қаласы, Қарасай батыр көшесі, 16 үй мекенжайында орналасқан жатақхананың бөлмесін толығымен жекешелендіруге рұқсат беру туралы М.М. Досумбековтың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы 2024 жылғы 20 маусымдағы басқарманың жауабы 2024 жылғы 26 маусымында талап қоюшыға табысталғаны іс құжаттарымен расталады.
М.М. Досумбеков талап қоюын жоғарыда көрсетілген бір айлық мерзімді өткізіп, сотқа 2024 жылдың 18 қарашасында жүгінген.
Алайда соттардың жауапкердің жауабын даулауға заңмен көзделген мерзімді талап қоюшы негізсіз себептермен өткізіп алғаны туралы тұжырымдары заңға қайшы. АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін. Соттар талап қоюшы тиісті дәлелдемелерді ұсынбағанына байланысты Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жүгінгені туралы уәжін негізсіз деп санады.
Осы ретте соттар соттың АПК-нің 16-бабында көзделген соттың белсенді рөлінің әлеуетін толық көлемде пайдаланбаған, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттемеген, талап қоюшы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жүгінгені туралы уәжін тексермеген.
«Төрелік» ақпараттық жүйесінен Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымымен М.М. Досумбековтың УМТО Бас прокуратураға меншік құқығын анықтау туралы талап қоюы қайтарылғаны, осы соттың 2024 жылғы 18 қарашадағы ұйғарымымен М.М. Досумбековтың Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мэлсбек Изимовқа міндеттеу туралы талап қоюы қайтарылғаны көрінеді.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарында жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады (ӘРПК 5-бабының бірінші бөлігі). Соттар әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттарын, - сондай ақ процессуалдық құқық нормаларын бұзған, соның салдарынан талап қоюшы өзіне тиесілі жария құқықтарды толық көлемде жүзеге асыра алмады.
Осы жағдайда сот актілері бұзылуға, іс жаңадан қарауға бірінші сатыдағы сотқа жіберілуге, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
Бірінші сатыдағы сот істі жаңадан қарағанда соттың белсенді рөлі қағидатын толық көлемінде қолданып, М.М. Досумбековтың талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алғаны туралы уәждерін жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге тиіс. ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы ұйғарымының, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпанындағы ұйғарымының күші толығымен жойылсын. Іс жаңадан қарауға бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін. Талап қоюшы М.М. Досумбековтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Е. Тулеев Судьялар
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.