ВС РК - Постановление от 17.10.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2495 (Административное)

6001-23-00-6ап/2495

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 17 қазан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

талап қоюшының өкілі М.С. Мадияровтың, жауапкер өкілі Н.Қ. Әбдрәсілдің қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы талап қоюшы «Жаңақорған Жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер «Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2021 жылғы 21 қыркүйектегі электрондық аукцион хаттамасына дау келтіру, темір жол тұйығын сауда-саттық жайлы мемлекеттік мүлік веб-порталының реестрінен алып тастауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 тамыздағы қаулысына жауапкер өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кенті, Әлшекей Бектібаев көшесі, № 80/2 мекенжайындағы, кадастрлық №10-149-004-877 жер учаскесі бойынша темір жол тұйығына қатысты 2021 жылғы 21 қыркүйектегі № 220963 электрондық аукционның хаттамасы жарамсыз деп танылып, күші жойылған.

2021 жылдың 27 қыркүйегінде №29884-ЭТП Департамент пен А. Райымбековтың арасында жасалған сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Департаментке Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кенті, Әлшекей Бектібаев көшесі, №80/2 мекенжайындағы, кадастрлық №10149-004-877 жер учаскесі бойынша темір жол тұйығын сауды-саттық жайлы мемлекеттік мүлік веб-порталының реестрінен алып тастау міндеттелген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) шағымның уәждерін қолдаған жауапкер өкілінің түсіндірмелерін, талап қоюшы өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) 2021 жылғы 8 сәуірде Департаментке хат жолдап, онда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кенті, Әлшекей Бектібаев көшесі, 80/2 үй мекенжайындағы жалпы алаңы 0,6396 шаршы метр жер учаскесінде орналасқан кадастрлық №10-149-004-877, ұзындығы 978 шаршы метр болатын темір жол тұйығын (бұдан әрі – даулы темір жол тұйығы) сатылымға шығаруға ұсынған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2021 жылғы 25 маусымдағы №409 бұйрығымен даулы темір жол тұйығы сату кестесіне қосылып, 2021 жылғы 21 қыркүйекте өткізілетін сауда-саттық жайлы мемлекеттік мүлік веб-порталына хабарлама берілген.

«Жаңақорған Жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Серіктестік) 2021 жылғы 9 қыркүйекте даулы темір жол тұйығына қатысты сауда-саттықты тоқтату туралы Департаментке хат жолдаған. Хатта даулы темір жол тұйығы орналасқан жер учаскесі Серіктестіктің меншігінде екенін, оның меншік құқығы бастапқы меншік иесі М.Шомановпен арада жасалған 2003 жылғы 19 наурыздағы сатып алу-сату шартының негізінде туындағанын көрсеткен.

Департамент 2021 жылғы 17 қыркүйектегі хатпен сауда-саттықты тоқтатуға негіздер жоқ екендігін көрсеткен.

2021 жылғы 21 қыркүйекте электрондық сауда-саттық өткізіліп, жеке тұлға А.Райымбеков жеңімпаз ретінде танылып, № 220963 электрондық аукционның хаттамасы (бұдан әрі – аукцион хаттамасы) жасалған.

Талап қоюшының өкілі сотқа қойған талаптарында аукцион хаттамасына дау келтіріп, темір жол тұйығын сауда-саттық жайлы мемлекеттік мүлік вебпорталының реестрінен алып тастауды міндеттеуді сұраған. Талап қоюды темір жол тұйығы асфальтбетон зауытына апаратын жалғыз темір жолы болатынын, зауыт 2022 жылғы қазан айына дейін осы темір жолды пайдаланып келгенін, Серіктестік осы жолды күтіп ұстап келгенімен уәждеген.

Жергілікті соттар жауапкерлердің темір жол тұйығын сауда сатыққа шығарған әрекеттеріне баға беріп, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымын әкімшілік қалауын жүзеге асыру барысында жауапкерлер тарапынан әкімшілік рәсімдердің қағидаттары, оның ішінде мөлшерлестік қағидаты сақталмағандығымен уәждеген.

«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413 Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 36-бабының 1-тармағына сәйкес егер Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу жүйесін енгізгенге дейін мемлекеттік заңды тұлғаның балансына қойылған ғимаратқа, құрылысқа және өзге де жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы дау болмаса, осы мүлікке мемлекеттік меншік құқығы, қажетті құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда, осындай мүліктің мемлекеттік мүлік құрамында болуы туралы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) құжаттарымен расталуы мүмкін. Дау туындаған жағдайда, көрсетілген мүлікке меншік құқығы мүдделі тұлғаның талап-арызы негізінде сот тәртібімен жүзеге асырылады.

Осы заңның 99-бабына сәйкес жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтетіні бекітілген.

Яғни, аукцион арқылы темір жол тұйығы сатып алушы А.Райымбековке өткен кезде оның астындағы жер учаскесі де қоса өтуі тиіс.

Алайда, сот зерттеуі барысында даулы темір жол тұйығының астындағы жер учаскесі талап қоюшы Серіктестіктің жеке меншігіне тіркелгені анықталған. Бұл факт сот өндірісі барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мамандарымен берілген 2023 жылғы 5 сәуірдегі қорытындысымен расталған.

Анықталған жағдайда, даулы темір жол тұйығының астындағы жер учаскесі талап қоюшының жеке меншігінде тіркеуде тұрғандықтан, темір жол тұйығымен бірге, жоғарыда көрсетілген Заңның 99-бабына сәйкес, сатып алушы А.Райымбековке өтуі мүмкін болмаған.

Іс құжаттарымен осы темір жол тұйығы зауыттың пайдалануында екендігі Комитетке белгілі болған. Жекелеген жылдары ол зауытқа жалға да беріліп келген. Сот зерттеуі барысында даулы темір жол тұйығы талап қоюшыға тиесілі асфальтбетон зауытына апаратын жалғыз темір жолы тұйығы екендігі көшпелі сот отырысында расталған.

Бұл жағайдалар темір жол тұйығын сауда саттыққа шығару барысында Комитетпен ескерілмей қалған.

Аталған заңның 101-бабының 8-тармағына сәйкес, осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиісті уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Сауда-саттықты жарамсыз деп тану осындай сауда-саттықтың қорытындысы бойынша жасалған сатып алу-сату шартының маңызсыздығына алып келеді.

Осыған байланысты, сот алқасы жергілікті соттардың Комитет темір жол тұйығы жұмыс жасап тұрған асфальтбетон зауытына қызмет атқаратынын жалғыз темір жол екендігін негізге алмай, әкімшілік қалауын бекітілген қағидаттарды бұза отырып қабылдап, жылжымайтын мүлікті сауда-саттыққа заңсыз шығарған деген тұжырымдарымен келіседі.

Көрсетілген бұзушылықтың орын алуына байланысты, сот дау келтірілген аукцион хаттамасы және осы хаттама негізінде жасалған сатып алусату келісім шарты жарамсыз деп танылуға жатады.

Даулы темір жол тұйығын сауды-саттыққа заңсыз шығарылғандықтан, сауда саттық хаттамасы жойылғаннан кейін темір жол тұйығы сауды-саттық жайлы мемлекеттік мүлік веб-порталының реестрінен алып тасталуға жатады.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің

  1. тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 сәуірдегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер өкілі – Г.М. Туманованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.