6001-24-00-3ГП/415
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 15 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзаке,
талап қоюшы «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Мекеме, Тапсырыс беруші) өкілдері А.Асылбекұлының, Р.Б.Бүркитбаевтың,
жауапкер «StroyGazCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік, Өнім беруші) өкілі Р.Ж.Урумбаевтың қатысуымен аралас форматта сот отырысында
талап қоюшы Мекеменің жауапкер Серіктестікке мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымына Серіктестіктің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мекеме Серіктестікке жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған. Сот шығыстары өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымымен жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша апелляциялық алқаның қаулысын қайта қараудан бас тартылған.
Серіктестік өтінішхатында апелляциялық алқаның ұйғарымымен келіспей, алқаның іс бойынша жасаған тұжырымдардың істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, материалдық және процессуалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, даулы сот актінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілдерінің қарсылығын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Сотпен анықталғандай, Мекеме мен Серіктестіктің арасында жалпы сомасы 1 935 298 236 теңгеге құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 2022 жылғы 19 тамыздағы №65 шарт жасалған (бұдан әрі - Шарт).
Шарттың 2.1, 3.1-тармақтарына және оған қосымшаларға сәйкес, Серіктестік «Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Шоқай елді мекенінде АГТС орната отырып «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу» Түзету ЖЖ» жұмысын құрылыс басталғаны жөнінде талон берілген күннен бастап 9 айда орындауға міндеттенген.
Құрылысты бастау туралы хабарлама 2022 жылғы 21 қыркүйекте берілген, яғни, жұмыстың аяқталу мерзімі - 2023 жылғы 21 маусым.
Мекеме Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкермен жоспарланған жұмыс орындалмағанын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюдан бас тартуын газ тарту желілерін жүргізетін жер учаскесінде Қызыл кітапқа енгізілген сексеуіл өсімдігі табылғандықтан жұмыстар басталмағанымен, оған қарамастан жауапкер сексеуілді шабуға рұқсат алу жұмыстарын жүргізгенімен негіздеген. Апелляциялық алқа сот шешімнің күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдап, жауапкермен Шарт талаптары орындалмай, атқарылуы тиісті жұмыс кестесіне сәйкес атқарылуы қажет құрылыс-монтаж жұмыстары жасалмағанымен тұжырымдаған. Сонымен бірге Шартты талап қоюшының тарапынан біржақты бұзылғанымен негіздеген.
Серіктестік апелляциялық сатыдағы сот қаулысын қайта қарау үшін негіз болатын жаңадан ашылған мән-жай ретінде Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот ақасының 2024 жылғы 5 наурыздағы қаулысын негізге алған.
Серіктестіктің Мекемеге Шартты біржақты бұзу туралы талап қоюы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 21 маусымдағы шешімімен қанағаттандырылып, Мекеменің әрекеті заңсыз деп танылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен апелляциялық алқа қаулысының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылған.
Шартты мерзімінде орындамағаны үшін жосықсыз қатысушы деп тануға негіз болған мән-жайлар күшін жойылғанын және Мекеменің Шартты біржақты бұзған әрекетін заңсыз деп таныған соттың шешімі кассациялық сотпен қалпына келтірілгендіктен, Серіктестік Шартты орындамағанымен негіздеген мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылған сот қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды сұраған.
Апелляциялық сот алқасы Шартты біржақты бұзылғанын заңсыз деп тануға негіз болған басқа азаматтық істің мән-жайлары сот қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға негіз жоқ деген тұжырымға келген. Шарт бойынша жауапкермен өзіне тиесілі жұмыстардың мерзімінде орындалмағаны іс бойынша нақты дәлелдермен расталған және бекітілген, жұмыстарды мерзімін бұза отырып, жүзеге асырылғаны уәкілетті органның ұсынған құжаттарымен дәлелденген.
Дегенмен апелляциялық сот алқасының мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
Тапсырыс берушінің кінәсінен құрылыс алаңының дайын болмауына байланысты мердігерлік жұмыстардың уақтылы басталмауы Шартты заңсыз бұзуына әсер етті.
Қазақстан Республикасы азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 658-бабына сәйкес тапсырысшы құрылыс салу үшiн жер учаскесiн шартта көрсетiлген көлемде және сондай күйде уақытылы беруге мiндеттi. Шартта мұндай нұсқау болмаған жағдайда жер учаскесiнiң көлемi мен күйi жұмыстың уақытылы басталуын, оның қалыпты жүргiзiлуiн және мерзiмiнде аяқталуын қамтамасыз етуге тиiс.
Азаматтық кодекстің 661-бабымен көзделгендей егер қоршаған ортаны қорғау және құрылыс жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу туралы тараптар үшiн мiндеттi талаптарды бұзуға әкелiп соғатын болса, мердiгердiң жұмысты жүзеге асыру барысында тапсырысшы берген материалдарды (бөлшектердi, конструкцияларды) және жабдықтарды пайдалануға немесе оның нұсқауларын орындауға құқығы жоқ.
«Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 Нормативтік қаулысына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар АК-нің 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып,
Тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет. Шарт тарабына шартты жасасу кезінде үміт артуына құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айырылуына келтірген залалды жағымсыз салдарлар деп түсінген жөн (АК-нің 401-бабының 2-тармағы). Теріс салдарлар деп Шарттың тарапына осындай залал келтіруді түсіну керек, ол шарт жасасу кезінде сенуге құқылы нәрседен едәуір айырылды (АК 401-бабының 2-тармағы).
Мердiгерлiк қатынастарда заңмен мердiгердiң ғана емес, сонымен бiрге тапсырыс берушiнiң де қатысуы көзделген, ол жұмысты қабылдау мен төлеуден басқа, жұмыстың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi iсәрекеттер жасауға мiндеттi.
Сондықтан туындаған дауды Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға қатысты мәмілеге барлық қатысушылардың, оның ішінде Тапсырыс берушінің іс-әрекетін құқықтық бағалаусыз шешу мүмкін емес.
Аталған талаптар Тапсырыс берушімен орындалмаған. Серіктестікпен қабылданған шараларға қарамастан Шарт бойынша өнім берушімен жұмыстарды уақытында орындай алмайтын жағдайға әкеп соқты. Өз кезегінде, атап өткен мән-жайлар Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығын қарау кезінде расталған. Алайда, қассациялық сот алқасынының тұжырымдарын апелляциялық сот алқасы құқықтық баға беруден негізсіз назарынан тыс қалдырған.
АПК-нің 455-бабының 1-тармағына сәйкес заңды күшіне енген шешімдер, ұйғарымдар мен қаулылар жаңадан ашылған немесе жаңа мәнжайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін екендігі белгіленген.
Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімдерді, ұйғарымдарды және ұйғарымдарды қайта қарау үшін туындаған немесе орын алған, бірақ олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін маңызы бар заңды фактілер негіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мәнжайлар дәлелін тапты деп санайды. Апелляциялық сатыдағы соттың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Іс бойынша қосымша дәлелдемелерді жинаудың қажет еместігін, даудың мән-жайлары толық анықталғанын, алайда сот процесстік құқық нормаларын түсіндіру және қолдану кезінде қателік жібергенін ескеріп, сот алқасы даулы сот актінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымының күші жойылсын. Іс бойынша «StroyGasCompany» ЖШС-нің сот актісін қайта қарау арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысының жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша күші жойылсын. Азаматтық іс мәні бойынша қарауға Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жолдансын.
«StroyGasCompany» ЖШС-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н. Шәріпов Б. Ералиева
Ғ. Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.