ВС РК - Постановление от 30.04.2020 по делу 6001-20-00-6кп/13 (Об административном правонарушении)

6кп-13-20

көшірме

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 30 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева,

судьялар А. Рахметулин, Ж.Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

әкімшілік жауапқа тартылған Н[...] қатысуларымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында мобилді бейнеконференц байланыс арқылы,

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 6 қаңтардағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Н[...] (N[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 6 қаңтардағы қаулысымен Н[...] (N[...]) ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Б.Н[...] Республикасының азаматы болып, Қазақстан Республикасына келіп, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес уақытша тіркелмегені үшін жауапқа тартылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы көрсетілген. Алқа ұсынуды қолдап, істі тоқтатуды жөніндегі прокурордың қорытындысын және Н[...] түсініктемесін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы бұзылуға жатады деп есептейді.

Әкімшілік іс бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы Н[...] 2019 жылы 25 маусымда Қазақстан Республикасына жеке сапармен келіп, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес уақытша тіркелмегені 2020 жылы 30 желтоқсанда анықталған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Бірінші сатыдағы сот Н[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық бекітілген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған.

Бірақ сот заңға сәйкес жазаны тағайындамағаны анықталды.

Себебі ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мәнжайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуы тиіс. Жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолдану кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, оның ішінде оның құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінге мінез-құлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.

Іс материалдарына сәйкес Н[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен.

Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған.

Сонымен қатар, Н[...] Қазақстан Республикасының азаматшасы К[...] бірге тұрады, олардың кәмелетке толмаған балалары бар. Тіркелген құжаттарына сәйкес, олар Қазақстан Республикасында туылған.

Іс бойынша сот қаулысы отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болуы тиіс (Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабы). Және сот тағайындаған жазалау шарасы Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы Конвенцияның 3, 5, 7-баптарында, Қазақстан Республикасы «Бала құқықтары туралы» Заңының 12-15, 21, 25-баптарында бекітілген баланың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқығын бұзады Сот істі қараған кезде заңның жоғарыда аталған ережелерін тиісті дәрежеде ескермеген, ӘҚБтК-нің 55-бабында көзделген мәнжайларды егжей-тегжейлі анықтамаған.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292-VI Заңы бойынша ӘҚБтК-нің 517-бабының 2- тармағына өзгерістер енгізілген. Сол өзгерістерге сәйкес, уақытша тіркеуге тіркелмегені жөнінде құқық бұзушылық ретінде алынып тасталған. ӘҚБтК-нің 5-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын не әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзге түрде жақсартатын заңның кері күші болады, яғни осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқық бұзушылыққа қолданылады.

Сондықтан, Н[...] жасаған әрекетінде құқық бұзушылық құрамы болмайды, ол бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған. Сол себептен, қаулысының күші жойылып, іс жүргізу тоқтатылуға жатады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-тармағы 3) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігі бойынша Н[...] (N[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 6 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Н[...] жөнінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

А. Қыдырбаева

Төрағалық етуші

Судьялар

А. Рахметулин Ж.Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс,

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.