ВС РК - Постановление от 15.07.2024 по делу 6001-24-00-3Г/2948(2) (Гражданское)

6001-24-00-3г/2948(2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 15 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов талап қоюшы «МО[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер М[...] келтірген өтелген зиянды кері талап қою тəртібімен өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сəуірдегі қаулысын кассациялық тəртіпте қайта қарау туралы талап қоюшы келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «МО[...]»» ЖШС сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылды.

Жауапкер М[...] талап қоюшы «МО[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 6 322 838 теңге өтелген зиян сомасы, 189 685 теңге мемлекеттік баж сомасы, барлығы 6 512 523 теңге өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сəуірдегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұраған.

Сотта анықталғандай, У[...] «МО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан əрі - «МО[...]» ЖШС) ағаш шебері болып жұмыс жасаған.

2022 жылғы 19 қазанда аталған медициналық орталықтың бес қабатты ғимаратының сыртын бояу жұмыстарын жүргізу барысында жазатайым оқиға орын алып, У[...] қайтыс болған. «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекторы басқармасы» ММ-мен құрылған комиссияның актісіне сəйкес 2022 жылы 17 қазанда «МО[...]» ЖШС басшылығымен Басқұдық селосы, Атамекен көшесі,15/1 мекен-жайы бойынша орналасқан əкімшілік ғимаратты сырлау үшін жұмыс көлемі жоспарланады. Мекеменің əкімшілік шаруашылық меңгерушісі мен қауіпсіздік жəне еңбекті қорғау инженері, əкімшілік ғимараттың сыртын сырлау жұмыстарын жасау үшін белгілі қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып биіктікте орындауға рұқсат береді. Медициналық ғимараттың көп қабатты болуы себепті автоматты гидравликалық көтергіш (АГП) арнайы көлігі қажет болғандықтан мекеме тарапынан қаладағы сондай арнайы көліктердің қызметін ұсынатын тұрақта (пятак) тұрған М[...] есімді адаммен аталған ғимараттың жұмыс көлеміне ауызша жұмыс жасауға келіседі. Мемлекеттік белгісі [...] «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергіштің басқаруында болған А[...] есімді жалдамалы жүргізушісі мекеме ауласына келіп, АГП люлькасының қоршауын жиналмалы болуы себепті өзі құрастырғаны, түске дейін АГП көмегімен биіктікте зардап шегуші У[...] пен əріптесі С[...] ғимаратты сырлау жұмыстарын жасағандары, түскі үзілістен кейін зардап шегуші У[...] əріптесі А[...] бірге жұмыстарын жалғастыру үшін АГП көмегімен жоғарыға көтерілу кезінде 4 жəне 5 қабаттар аралығындағы биіктікте кенеттен люлькадағы қоршаудың тиісті бекітілмеуінен оған сүйеніп тұрған У[...] аталған биіктіктен люлька қоршауымен қоса бірге құлап түскені, У[...] алынған жарақаттардың ауырлығынан оқиға орнында қаза тапқаны анықталған.

Сонымен қатар, жұмыс беруші «МО[...]» ЖШС тарапынан жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру барысында ұсынылған құжаттар мен мəн-жайларды анықтау кезінде қандай да бір еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша заңбұзушылық анықталмағаны көрсетілген.

Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісінде, тергеп-тексеру барысында комиссияға ұсынылған сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сəйкес, зардап шегуші У[...] қанында 0,295 промилль, несепте 0,30% промилль этил спирті табылған. Қазақстан Республикасы Инвестициялар жəне даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 359 бұйрығымен бекітілген «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркəсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы» қағидаларының (бұдан əрі - Қағидалар) 150-тармағына сəйкес көтергіш машинисі жұмыс басталар алдында көтергіштердің механиздеріне, металл құрылымдары мен қауіпсіздік құрылғыларына тексеру жүргізеді. Яғни, автоматты гидравликалық көтергіштің басқаруында болған А[...] есімді жалдамалы жүргізуші, жұмыс басталар алдында люльканың қоршауының дұрыс əрі толық жиналғанына жеткілікті мəн бермегені көрсетіліп, орын алған жазатайым оқиғаға жоғары қауіптілік көзінің иесі М[...] кінəлі деп есептеген.

Актінің 6-тармағында жазатайым оқиға өндіріспен байланысы туралы жəне еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген адамдар туралы комиссияның қорытындылары көрсетілген.

Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру материалдарынан зардап шегуші У[...] пен жұмыс беруші «МО[...]» ЖШС» тарапынан тікелей кінə анықталмаған.

Тексеру нəтижесі бойынша аталған комиссия келесідей қорытындыға келген: 1) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 186-бабы 2- тармағының 2)-тармақшасына сəйкес осы орын алған жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деп есептелініп, өндірістегі жазатайым оқиға туралы актімен рəсімделген. Ондағы жұмыс берушінің кінəсі -100%; жұмыскердің кінəсі -0% деп белгіленген.

Бірінші саты соты талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдау барысында АК-нің 932-бабын, 933-бабының 2- тармағын басшылыққа алып, жазатайым оқиғада жұмыс беруші мен «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергіштің иесінің де кінəсі бар деп есептеп, регресс тəртібімен талап қоюшының зардап шегуші У[...] отбасына зиянды өтеу есебіне төлеген 12 645 676,67 теңгенің жартысын, яғни 6 322 838,33 теңге сомасын жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірген.

Сондай-ақ, бірінші саты соты аталған шешімді қабылдау барысында Еңбек инспекциясының жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісіне көрсетілген жазатайым оқиғаға автоматты гидравликалық көтергіштің басқаруында болған жалдамалы жүргізуші А[...] жұмыс бастар алдында люльканың қоршауының дұрыс əрі толық жиналғанына жеткілікті мəн бермегені, М[...] өзіне тиесілі болған «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергіштің люлькасының қоршауына тиісті деңгейде қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етпегені, жоғары қауіптілік көзінің иесі ретінде оны кінəлі деп көрсеткен жəне жұмыс берушінің АК-нің 933-бабы негізінде жоғары қауіптілік көзін иеленуші М[...] келтірген зиянды регресс тəртібімен өндіріп алу құқығы көрсетілген тұжырымына негіздеген.

Сот алқасы бірінші саты сотының шешімімен келіспей төмендегі негіздер бойынша талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Жұмыс беруші биіктіктегі жұмысты үйлестіруді жүзеге асыратын жұмыскерлер қатарынан жұмыстың жауапты басшысын тағайындайды.

Биіктікте жұмысқа алғаш рет жіберілетін жұмыскерлер 5 жұмыс ауысымы ішінде жауапты басшы жүргізетін нұсқаулықтан өтеді. Биіктікте орындалатын барлық жұмыстар жұмыстың жауапты басшысымен жоспарланады.

Жұмыс беруші ұйым автоматты гидравликалық көтергішті жалға пайдаланар алдында өз тарапынан оның техникалық ақаусыздығын, жарамдылығын, техникалық байқаудан өткенін анықтамай, автоматты гидравликалық көтергішті жүргізушісінің тиісті куəлігінің барына көз жеткізбей, өз жұмыскерлерін биіктікке жұмысқа жіберген.

Жұмыс беруші биіктіктегі жұмысты үйлестіруді жүзеге асыру барысында Қағиданың 133,967,968 - тармақтарын сақтамағандықтан жазатайым оқиға орын алған.

Іс құжаттары мен үшінші тұлға Б.А.Кулумбаевтың сот отырысында берген көрсетуінен жұмыс беруші «МО[...]»»

ЖШС-мен жоғарыда аталған Қағида талаптарын, Азаматтық кодекстің жəне Еңбек кодексінің талаптарын өрескел бұзғандығы дəлелденеді.

Сондай-ақ, жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісінде, тергеп-тексеру барысында комиссияға ұсынылған сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сəйкес, зардап шегуші У[...] қанында 0,295 промилль , несепте 0,30% промилль этил спирті табылған.

Мұндай жағдайда жұмыс беруші жұмыскерін биіктікке көтергішпен жұмыс атқаруға мүлдем тыйым салу қажет болатын, алайда, жұмыс беруші «МО[...]» ЖШС еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүргізуді назарынан тыс қалдырған.

Сот алқасы жұмыс берушінің өз қызметкеріне келтірілген өтеп, өтелген зиянды регресс тəртібінде жалға алынған көлік иесінен өндіруді талап етуі АК-тің 933- бабының жəне 594-6-бабының талаптарына қайшы келеді деп есептеген.

Өтінішхат иесі өтінішхатта сот алқасының тұжырымымен келіспей, жазайтым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру материалдарынан анықталғандай, зардап шегуші У[...] пен жұмыс беруші тарапынан тікелей кінə анықталмаған, АГП люлькасы дұрыс бекітілмегендіктен, яғни жауапкердің өз меншігіндегі автокөліктің толықтай қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендігінен жазатайым оқиға орын алған, сол себепті жауапкердің кінəсі нақты анықталған деп көрсетіп отыр.

Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру кезінде М[...] меншігіндегі «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергішті жазатайым оқиға болатын күні басқарған А[...] автокөліктің ғимаратты сырлау үшін жоғарыға көтеру қызметін көрсету үшін жалданғаны толықтай дəлелін тапқан, сонымен қатар автокөлік жүргізушісі люльканы құрып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзінің міндеті екенін түсініктемесінде анық көрсеткен.

Жауапкер жағы автокөлік жүргізушісі А[...] қандай қарым-қатынаста болғанын, қандай негіздермен өзіне тиесілі автокөлікті жүргізігені туралы жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде де, сот отырыстарында да ешқандай құжаттар ұсынған жоқ, немесе А[...] автокөлікті меншік иесінің рұқсатынсыз басқарғаны туралы мəлімдемейді.

Өтінішхат иесі жазатайым оқиғаның негізгі жəне жалғыз ғана себебі, ол «FOTON» маркалы автоматты гидравликалық көтергішінің қауіпсіздік ережелеріне сəйкес жеткілікті дəрежеде құрылмауы болып табылады деп көрсетіп талап қоюшымен У[...] қаза болуына байланысты оның отбасына төлеген 12 645 676,67 теңге АК-тің 933- бабына сəйкес регрестік тəртіппен жауапкер М[...] өндірілуге жатады деп есептейді.

Судья өтінішхатта көрсетілген уəждердің іс үшін маңызы бар екендігін жəне даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сəуірдегі қаулысын талап қоюшы келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.