ВС РК - Постановление от 19.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3116 (Административное)

6001-23-00-6ап/3116

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 19 маусым

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.У.Альжанов,

судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы «ҚКОИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкер «Маңғыстау облысының Еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) нұсқаманы жою жөніндегі талап қоюы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысына талап қоюшы өкілімен келтірілген кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптардың кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда К[...] 5 ақпан 2018 жылы еңбек шарты бойынша Серіктестікпен еңбек шарты негізінде дәнекерлеуші ретінде жұмысқа қабылданып, оның еңбек ақысы 228 400 теңге көлемінде белгіленген.

31 мамыр 2019 жылы еңбек шартына қосымша келісім жасақталып, К[...] түсті металл бойынша дәнекерлеуші-аргоншы лауазымына ауыстырылып, жалақысы 308 700 теңгеге көтерілген.

22 желтоқсан 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 52-бабының 1-тармағының 2-тармақшасы және 53-баптың 1-тармақшасына сай еңбек шарты тоқтатылған. К[...] Басқармаға арызданып, жұмыс жасаған кезінде жұмысшылардың жалақысын салыстыру барысында өзі төмен жалақы алғанын көрсетіп, тексеру жүргізуді сұраған.

20 наурыз 2023 жылы жауапкер тексеру жүргізіп, нәтижесі бойынша жұмысшылардың жалақы мөлшері бірдей еместігін анықтап, бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы Серіктестікке жолданған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімді қабылдау барсында Кодекстің 22-бабының 1-бөлігінің 15, 23бабының 1-бөлігінің 10), 2-бөлігінің 23-тармақшаларын басшылыққа ала отырып, келесіні анықтаған:

  1. жұмысшылардың бірдей атқаратын еңбегі үшін әртүрлі ақы төленген;

  2. К[...] басқа жұмысшылармен бірдей жұмыс атқара тұра, олардың еңбек ақысы 580 300 теңгеден 611 160 теңгеге дейін, ал И.Көшеровтың еңбек ақысы 308 700 теңге болған;

  3. Серіктестік К[...] жалақысын тек 2022 жылдың 1 қыркүйегінде көтеруді ұсынған.

Өз кезегінде, Кодекске сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерлерге бірдей еңбек үшін бірдей ақы төлеуге міндетті.

Жергілікті соттармен жұмысшылардың біртектес атқарған жұмыстары үшін бірдей еңбек ақысы төленбегені істі қарау барысында анықталуына орай, олардың жауапкердің дауланып отырған әкімшілік актісі заңды әрі негізді екендігі турлы тұжырымы дұрыс.

ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.

Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында жергілікті соттардың сот актілері заңды әрі негізді, өйткені дауланып отырған нұсқаманы қабылдау барысында Басқарма тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы, жол берілмеген.

Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды. Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «ҚКОИ[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Альжанов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.