№6003-26-00-2к/381
2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.К.Есдаулетов, судьялар С.С.Абдигалимов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы К[...],
жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы К[...] жауапкер жеке кәсіпкер «Balaland» Х[...] материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімімен К[...] аталған талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Оған, соттың талап қоюшының жарақатты нақты жауапкерге тиесілі балаларға арналған ойын-сауық орталығында алынғаны дәлелін таппағаны туралы тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, іс біржақты қаралып іс бойынша анықталған мән-жайларға, ұсынылған дәлелдемелерге дұрыс баға берілмеуіне байланысты, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұрған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Қаулы) 5-тармағының талабы бойынша АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
Шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын АК-тің 5-бабы және АПК-нің 6-бабы негізге алғанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.
К[...] талап қоюында, 2025 жылғы 13 қаңтарда, сағат 18:45тер шамасында Тараз қаласы, [...] мекенжайында орналасқан жауапкерге тиесілі «Balaland» ойын-сауық орталығында қызы А[...] ойнатып жүргенінде, оң аяғының окшесінің қатты ауырсынуынан, сол жерде отыра қалып аяғына қарағанында, еденнен шығып тұрған бұранданың шұлығын жыртып аяғына кіріп, аяғынан қан ағып тұрғанын көргенін.
Бұл жағдайға куә болған орталық қызметкерлерінің қасына келіп, ана мен бала бөлмесіне ертіп алып барып, өзіне алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жыртылған шұлығының орнына басқасын кигізіп, кешірім сұрағандарын. Осыдан кейін, оң өкшесіне салмақ түсірмей жүріп, қызын одан әрі ойнатып, тамақтандырып үйіне қайтып кеткенін. Бірақ аяғының ауырғаны тоқтамағандықтан, ертесіне сағат 10:40-тар шамасында емханаға барып дәрігер-травматологтың қарауында болып, алған жарақатына байланысты еңбекке жарамсыз парағын аштырғанын көрсеткен.
Аталған мән-жайды оқиға болған күні талап қоюшының қасында болған сотта куә ретінде сұралған зайыбы Қ[...] бекіткен.
Одан бөлек, сотта куә ретінде сұралған орталықтың қызметшісі Р[...] түсінігінде, К[...] 2025 жылғы 13 қаңтарда отбасымен бірге кішкентай қызын ойнатуға орталыққа келіп, бірер уақыттан соң оның аяғын ұстап отырып қалғанын көріп, ана мен бала бөлмесіне кіргізіп, оған медициналық көмек көрсетіліп, шұлығын ауыстырып бергендерін, одан кейін олардың ойын-сауық орталығында тамақтанып, үйіне қайтқандарын көрсеткен.
Яғни, К[...] жарақатты тікелей орталықтың еденінен шығып тұрған бұрандыдан алғанын көрсеткен, оған сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілген, соңғы аяқ киімсіз сол жерде жүрген, бұранды кіргеннен жыртылған шұлығының орнына орталық қызметкерлерімен басқа шұлық берілген.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемесінің 2025 жылғы 14 қаңтардағы жарақат дәрігерінің анықтамасына сәйкес, К[...] «табанның басқа бөлігіндегі ашық жара» (S91.3) диагнозы қойылып, оған дәрі-дәрмектер қабылдау және тұрғылықты жері бойынша емханаға көріну ұсынылған.
Бұл тұрғыда, анықталған фактілердің хронологиясы талап қоюшының жарақат алу мән-жайлары туралы уәждерінің шынайылығын растайды, оған күмән келтіруге негіз жоқ, керісіншесі дәлелденбеген.
Сондықтан соттардың талап қоюшының нақты қай жерде және қандай жағдайда жарақат алғандығы анықталмағаны туралы тұжырымы негізсіз, тек орталық қызметкерінің талап қоюшының жарақат алған жерінен үшкір затты байқамағаны жөніндегі түсінігі оларды жоққа шығармайды.
Талап қоюшы талабында өзінің жұмыстан уақытша шектелуіне байланысты айлық жалақысынан ұсталатын 434 698 теңгені және дәрі-дәрмек алуға жұмсалған 14 485 теңгені өндіруді сұраған.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы соттардың қолдану практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1996 жылғы 25 шілдедегі № 7 нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес, Азаматттық кодекстің (бұдан әрі-АК) 9-бабының 4-тармағына сәйкес құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiс шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе бүлінуі (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмағанда, қалыпты айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған кірістері (айырылып қалған пайда) залал деп түсiнiледi. Залалдың мөлшері АК-нің 3 және 4-тармақтарының қағидалары бойынша айқындалады.
Іске тіркелген құжаттарға қарағанда, талап қоюшыға «өкшенің басқа бөлігіндегі ашық жара» (S91.3) диагнозы қойылып, ол 2025 жылғы 14 қаңтар мен 7 ақпан аралығында еңбекке жарамсыз болған, іске бұл жөнінде №№ 8522556, 8522557 уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары тіркелген.
«В.[...] орта мектебі» коммуналық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 10 ақпандағы №948 анықтамасына сәйкес, осы мектептің мұғалімі К[...] аталған мерзімде жұмыста болмағандықтан жалақысынан 434 698 теңге ұсталынып, еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша оған 196 600 теңге төленетіндігі көрсетілген.
Сондықтан, оның айырылған табысынан еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша төленетін сомасы шегеріліп, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 238 098 теңге айырылған табысы өндірілуге жатады. Дәрі-дәрмек алуға жұмсалған 14 485 теңге шығынын растайтын іске дәлелді құжаттар ұсынылмаған.
Одан бөлек, талап қоюда 500 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіру сұралған.
АК-тің 951-бабының 1-тармағы бойынша моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда – жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңының 21-бабының талабы бойынша, моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асырылады.
Тұтынушыға келтірілген моральдық зиянды өтеу мөлшерін, тұтынушыға келтірілген дене азабы мен адамгершілік күйзеліс сипатына қарай, моральдық зиян келтірілген нақты мән-жайларды және тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тұтынушылық даудың тараптары айқындайды. АК-тің 950-бабына сәйкес, тауар сатушы немесе дайындаушы, жұмысты немесе қызмет көрсетудi орындаушы, егер зиян дүлей күштiң немесе тұтынушының тауарды (жұмыстың, қызмет көрсетудiң нәтижелерiн) пайдалану немесе оларды сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан пайда болғанын дәлелдеген жағдайларда ғана жауапкершiлiктен босатылады. Сондықтан талап қоюшыға жоғарыда аталған орын алған оқиғаның салдарынан моральдық зиян келген.
Сот талап қоюшының жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты нақты мән-жайларды, келтірілген зардаптың ауырлығы дәрежесін ескере отырып, моральдық зиянның өтемақысын 50 000 теңге мөлшерінде айқындау жеткілікті деп тапты.
Осыған байланысты, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін, даудың мән-жайы толық анықталғанын ескере отырып, сот актілері өзгертіліп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылуға, шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Сот шығындары АПК-тің 109- бабының талабы бойынша жауапкерден талап қоюшыға алып беріледі.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.
Талап қоюшы К[...] талап қоюы ішінара қанағаттандырылсын.
Талап қоюшы К[...] пайдасына жауапкер жеке кәсіпкер «Balaland» Х[...] 238 098 (екі жүз отыз сегіз мың тоқсан сегіз) теңге материалдық шығын мен 50 (елу мың) теңге моральдық зиянның өтемақысы өндірілсін.
Жауапкер жеке кәсіпкер «Balaland» Х[...] талап қоюшы К[...] пайдасына 3 364 (үш мың үш жүз алпыс төрт) теңге төленген мемлекеттік баж өндірілсін. Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын. Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А.Есдаулетов
Судьялар Н.Ормаханов
С.Абдигалимов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.