ВС РК - Постановление от 10.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3213 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 10 шілде 6001-23-00-6ап/3213 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

Н. Молдахановтың,

мүдделі тұлға А[...] өкілі К[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Асанбай Асқаров атындағы Шымкент дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі – Д[...] саябақ МКҚК-ы) жауапкер Сайрам ауданы әкімдігіне (бұдан әрі – Әкімдік) жер учаскесіне құқық табыстау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Д[...] саябақ МКҚК-ы саябақ жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Әкімдіктің 2005 жылғы 23 желтоқсандағы №2096 санды қаулысының А[...] жеке меншікке Д[...] саябаққа тиесілі жер аумағынан берілген 0,2430 га жер учаскесіне қатысты бөлігі заңсыз деп танылып күші жойылып, осыдан туындайтын барлық заңды салдарлардың күші жойылған.

Алаңы 0,1000 га құрайтын, кадастр номері [...] (бастапқы [...]) Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 094 квартал, участок №[...] учаскеде орналасқан жер учаскесі бойынша А[...] пен Ж[...] арасындағы 2019 жылғы 15 мамырдағы №6073 сату сатып алу келісім шарты, Ж[...] пен А[...] арасындағы 2020 жылғы 13 тамыздағы №1217 санды сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған. Алаңы 0,1000 га құрайтын, кадастр номері [...] (бастапқы [...]) Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 094 квартал, участок №[...] учаскеде орналасқан жер учаскесі бойынша А[...] пен Ж[...] арасындағы 2019 жылғы 8 мамырдағы №5788 сату сатып алу келісім шарты, Ж[...] пен Омарова Молдир Абдижапбаровна арасындағы 2020 жылғы 13 тамыздағы №1223 сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Алаңы 0,1000 га құрайтын, кадастр номері [...] (бастапқы [...]) Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 094 квартал, участок №[...] учаскеде орналасқан жер учаскесі бойынша А[...] пен Ж[...] арасындағы 2019 жылғы 8 мамырдағы №5787 сату сатып алу келісім шарты, Ж[...] пен Сман Ерсұлтан Қайсарұлы арасындағы 2020 жылғы 13 тамыздағы №1221 сату-сатып алу келісім шарты жарамсыз деп танылған.

«Түркістан облысы, [...] әкімінің аппараты» ММ-нен Д[...] саябақ МКҚК-ның пайдасына 17 250 теңге сот шығыны өндірілген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Шешімнің қарар бөлігіндегі Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] әкімдігінің 2005 жылғы 23 желтоқсандағы №2096 санды қаулысының А[...] жеке меншігіне «Д[...] саябаққа тиесілі жер аумағынан берілген 0,2430 гектар жер учаскесіне қатысты бөлігі заңсыз деп танылып күші жойылсын» деген сөйлемдегі жер көлемі 3,0 гектар деп оқылсын деген толықтыру енгізілген.

Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, жергілікті соттардың қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Талап қоюшы Д[...] саябақ МКҚК-ның және мүдделі тұлға Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы мүдделі тұлға А[...] өкілінің шағымды қолдаған сөзін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар қолданылуға жататын заңды қолданбаған.

Істің мән-жайларына қарағанда, Шымкент облыстық атқару Комитетінің 1979 жылғы 11 желтоқсандағы №616 санды қаулысымен Д[...] саябақ құрылған. Бөген аудандық атқару комитетінің 25 қазан 1979 жылғы №329 шешімімен және Шымкент облыстық атқару Комитетінің 27 желтоқсан 1979 жылғы №662 санды шешімімен көлемі 124 гектар құрайтын жер учаскесі дендрологиялық саябақ құру үшін Чимкент облыстық ауылшаруашылық тәжірибелерін жүргізетін станциясына берілген.

28 маусым 2002 жылғы №244 санды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімиятының қаулысына сәйкес, ауданы 120 гектар құрайтын Д[...] саябақ Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне кірген.

Сайрам ауданы әкімдігінің 18 қараша 2005 жылғы №1815 қаулысымен Тассай ауыл округінде орналасқан дендросаябағының жалпы көлемі 117,04 га жер телімі факт бойынша одан әрі қарай «Оңтүстік–Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» респуликалық мемлекеттік кәсіпорнына тұрақты пайдалануға берілген.

Сайрам аудандық әкімдігінің 23 желтоқсан 2005 жылғы №2096 қаулысымен Тассай ауыл округі аумағындағы арнаулы жер қорынан жалпы көлемі 3,0 га жайылымдықтан жер телімі алынып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін А[...] жеке меншікке берілген.

«Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны 117,0400 гекар жер учаскесіне кадастр номері [...] санды тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актіні 25 сәуір 2006 жылы алып, 28 сәуір 2006 жылы меншік құқығын тіркеген.

Д[...] саябақтың жері және мүліктері Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Оңтүстік –Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының одан кейін аталған министрліктің «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамының «ОБМЖӨШҒЗИ[...]» ЖШС-нің қарауында болған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2009 жылғы 11 наурыздағы №115 және «Оңтүстік» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің 2009 жылғы 13 наурыздағы №74 бұйрықтарымен Шымкент дендрологиялық саябағының жері және мүліктері ОҚО коммуналдық меншігіне берілген.

2009 жылғы 24 наурыздағы №83 санды ОҚО әкімдігінің қаулысымен ОҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылған.

«Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 117,0400 гектар жер учаскесіне кадастр номері [...] санды тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актіні 1 желтоқсан 2009 жылы алып меншік құқығын тіркеген. Шымкент қаласы әкімдігінің 3 мамыр 2019 жылғы №388 қаулысымен мекеменің атауы «Асанбай Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына ауыстырылған.

А[...] өзіне жеке меншікке берілген жер учаскесінің 1,5 га бөлігін [...] учаскеге бөліп, оларды жеке тұлғаларға сатып жіберген.

А[...] 27 шілде 2020 жылы қайтыс болған.

Д[...] саябақ МКҚК-ы Әкімдіктің А[...] 3 га жер беру туралы 2005 жылғы 23 желтоқсандағы №2096 санды қаулысын даулап 15 қараша 2022 жылы Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап қою арызын берген.

Жергілікті соттардың талап қоюды мәні бойынша қарап, шешім қабылдауы қате болып табылады.

Жоғарыда айтылғандай Д[...] саябақтың жері және мүліктері ОҚО коммуналдық меншігіне берілген. Д[...] саябақ МКҚК-ы 2009 жылғы 24 наурызда құрылған.

Дауланып отырған Әкімдіктің қаулысы 2005 жылғы 23 желтоқсанда қабылданған. Яғни бұл қаулы қабылданған уақытта Д[...] саябақ МКҚК-ы әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмаған. Оған дейінгі жердің иеленушілері – мемлекеттік мекемелер Әкімдіктің қаулысын дауламаған. Керісінше 117,0400 гектар жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын беретін акті алып отырған.

ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмайтын тұлғаға белгіленген сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіруге жатпайтын тыйым салынған мерзім болып табылады.

Бұл мерзімді Д[...] саябақ МКҚК-ы өткізіп алған.

ӘРПК-нің 136 бабының сегізінші бөлігіне сай сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

Сондықтан талап қою арызы қайтарылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі шешімінің, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Асанбай Асқаров атындағы Шымкент дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының жауапкер Сайрам ауданы әкімдігіне жер учаскесіне құқық табыстау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы қайтарылсын.

Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Г. Нұрбаев

Судьялар

Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.