КСАД РК - Постановление от 30.07.2025 по делу 6003-25-00-4к/117 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 30 шілде №6003-25-00-4к/117 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар –Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

ашық сот отырысында талап қоюшының Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымына және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2024 жылғы 2 желтоқсандағы ұйғарымына кассациялық шағымы бойынша,

Серикбаева Жаксыбике Бердихановнаның жеке сот орындаушысы Бейсембаев Қайрат Бахитовичке 2024 жылғы 4 қазандағы мәжбүрлеп шығару әрекеттерін заңсыз деп тану және атқарушылық іс жүргізу материалдарымен қазақ тілінде таныстыруды міндеттеу туралы әкімшілік талап арызы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған әкімшілік талап арызымен сотқа жүгінген, оның талаптарының негізі – жеке сот орындаушысының 2024 жылғы 4 қазандағы мәжбүрлеп шығару жүргізілетіні туралы хабарламасы болып табылады. Талап қоюшы аталған әрекеттерді заңсыз деп тануды сұрады.

МАӘС-тың 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен, 2024 жылғы 2 желтоқсандағы ӘІжСА-ның ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған, талап арыз ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деп қайтарылған. Кассациялық шағымда талап қоюшы аталған ұйғарымдарды жойып, істі мәні бойынша қарауды сұрайды.

Талап қоюшыдан сот отырысына бейнебайланыс арқылы қосу туралы өтініш келіп түсті. Алайда, бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында қатысушылардың міндетті түрде жеке қатысуымен өткізілуі белгіленген, бұл жөнінде процестің барлық қатысушыларына алдын ала хабарланған. Көрсетілген мән-жай сот отырысының кассациялық инстанцияда өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Сот отырысының күні, уақыты және өткізу форматы туралы тиісті түрде хабарландырылған өзге тұлғалар сот отырысына келмеді, келмеу себептері туралы сотқа хабарламады. ӘРПК-нің 115-бабы бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысушылардың сотқа келмеуі, егер олар тиісті түрде хабарландырылған болса, сот отырысын өткізуге кедергі келтірмейді. Кассациялық шағымның дәйектерін талқылап, іс материалдарын зерделеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесідей қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес, кассациялық шағымдану тәртібі мен кассациялық сатыдағы іс жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен реттеледі. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері болып, заңсыз сот актісінің қабылдануына әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы табылады. Мұндай құқық бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген. Іс бойынша анықталған мән-жайлардан белгілі болғандай, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен Ж.Б. Серикбаеваны Алматы облысы, Талғар қаласы, Талғар көшесі, 23-үй мекенжайындағы тұрғын үйден шығару туралы шешім қабылданған.

2024 жылғы 19 наурызда соттың мәжбүрлеп орындау туралы атқарушылық парағы берілген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясының 2024 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.

2024 жылғы 3 қазанда жеке сот орындаушысы Қ.Б. Бейсембаев атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы № 4956/24-19-4302 қаулы қабылдаған.

2024 жылғы 4 қазанда борышкерге (Серикбаева Ж.Б.) атқарушылық құжаттың талаптарын ерікті түрде орындау қажеттілігі туралы екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) хабарлама жолданған, онда 2024 жылғы 7 қазанға дейін орындау мерзімі көрсетіліп, 2024 жылғы 8 қазан сағат 11:00-де мәжбүрлеп шығару туралы ескерту жасалған.

2024 жылғы 8 қазандағы шығару актісіне сәйкес, атқарушылық құжаттың талабы Ж.Б.Серикбаеваны тікелей қатысуымен үйінен шығару арқылы орындалған.

2024 жылғы 8 қазандағы жеке сот орындаушысының қаулысымен атқарушылық іс жүргізу орындалуына байланысты тоқтатылған. ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес: 4) әкімшілік акт – бұл жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік органның немесе лауазымды тұлғаның белгілі бір тұлғаның немесе дараланған тұлғалар тобының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешімі;

  1. әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – бұл жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік органның немесе лауазымды тұлғаның әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Бұл ретте, даудың мәні – әкімшілік рәсімнің қатысушысының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін немесе оның жағдайын өзге түрде нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) болуы тиіс.

Соттық бақылауға әкімшілік рәсімнің қатысушысының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және нақты құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың осындай әрекеттері жатады.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 127-бабына сәйкес, сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі шешімі мен әрекеті (әрекетсіздігі) немесе мұндай әрекеттерді жасаудан бас тартуы өндіріп алушы немесе борышкер тарапынан сот тәртібімен шағымдануға жатады. Шағым Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.

Төменгі тұрған соттар талап арызды қайтара отырып, тараптар арасында жария-құқықтық қатынастардың жоқтығы туралы дұрыс қорытындыға келген, өйткені, 2024 жылғы 4 қазандағы хабарлама міндеттеу сипатындағы әкімшілік акт нысанына ие емес, ол хабардар ету сипатында, сондықтан соттық шағымдану нысанасына жатпайды.

Іс бойынша анықталған мән-жайларды негізге ала отырып, кассациялық сот төменгі соттардың талап арызды қайтару туралы қорытындыларымен келіседі.

Анықталған мән-жайлардан белгілі болғандай, сот орындаушысының іс жүргізуінде талап қоюшыны тұрғын үйден шығару туралы сот актісін орындау жөніндегі атқарушылық іс жүргізу болған. Сот актісін орындау шеңберінде сот орындаушысы дау туғызған 2024 жылғы 4 қазандағы хабарламамен өндіріп алушыны, борышкерді және уәкілетті органдарды сот актісінің талаптарын ерікті түрде орындау қажеттігі туралы хабардар еткен. Орындамаған жағдайда, 2024 жылғы 8 қазанда атқарушылық әрекеттер жүргізілетіні туралы ескерткен.

Сот орындаушысының хабарлама және ескерту жолдау түріндегі дау туғызған әрекеттері талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды. Мұндай әрекеттер (хаттар, хабарламалар) әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде бөлек соттық бақылауға жатпайды, өйткені олар түсіндірмелік (хабардар ету) сипатта, талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды және нақты құқықтық нәтижеге бағытталмаған.

Сонымен қатар, дау туғызған 2024 жылғы 4 қазандағы хабарлама мемлекеттік тілде де жолданған, бұл талап қоюшының құқықтарын бұзбайды және оның құқықтық жағдайына ешқандай салдар келтірмейді.

Осылайша, даулы құқықтық қатынастарға ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасын қолдану және талап арызды қайтару дұрыс деп танылуы тиіс.

Кассациялық шағымның дәлелдері мазмұны, мәні мен мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық саты соттарында келтірілген дәлелдерге ұқсас. Бұл дәлелдер апелляциялық саты сотында қаралып, тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа дәлелдер келтірілмеген.

Кассациялық сот төменгі соттармен іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және іс жүргізу құқығы нормалары дұрыс қолданылған, даулы сот актілерін жою үшін негіздер жоқ деп есептейді.

Осындай мән-жайларда, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымын және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.