ВС РК - Постановление от 27.04.2022 по делу 6001-21-00-6КА/1319 (Об административном правонарушении)

6кп/41

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 27 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар М.Т.Балкен, М.Т.Таймерденов,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аға прокуроры К[...],

әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Х[...] қорғаушысы – адвокат Е[...],

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Атырау облысының полиция департаменті Жылыой ауданының полиция бөлімі Көші-қон қызметі бөлімшесі өкілі К[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Х[...] (KUZIBOY KHUDAYKULOV) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен Х[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі Х[...] қорғаушысының, прокурордың, ұсынуға қарсы уәкілетті орган өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы күшін жоюға жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар.

Әкімшілік іс бойынша Х[...] 2021 жылғы 5 желтоқсанда сағат 17:30 шамасында басқаруындағы DAF жүк көлігімен Түркменстан Республикасынан Ресейге бағыт алып бара жатып, Бейнеу-Құлсары транзиттік автожолымен өтіп, транзиттік жолмен жүру бағытын өзгертіп, Құлсары қаласы Ш.І[...] көшесіндегі «Қазақ Ойл» жанармай бекеті тұсына кірген. Яғни Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаған.

Өтінішхатта «Қазақ Ойл» жанармай бекетін полиция қызметкері Құлсары қаласындағы Ш.І[...] көшесінде деп көрсеткенін, алайда жанармай бекеті Құлсары қаласының сыртқы айналма жолындағы С[...] көшесінде орналасқанын, Х[...] транзиттік жол жүру бағытынан ауытқымағанын көрсеткен.

Өтінішхатқа тіркелген Құлсары қаласының және «Қазақ Ойл» жанармай бекетінің орналасу карталарына сәйкес І[...] көшесінде «Қазақ Ойл» жанармай бекеті орналаспағаны байқалады.

Кассациялық саты сотында уәкілетті орган өкілі «Қазақ Ойл» жанармай бекеті С[...] көшесінің бойында орналасқанын қуаттап, дегенмен С[...] көшесі айналма жолда емес, қаланың ішінде орналасқан көше екенін келтірді.

Бұл жағдайда, бірінші саты сотымен «Қазақ Ойл» жанармай бекеті орналасқан С[...] көшесі айналма жол ма немесе қала ішінде орналасқан жол ма, «Қазақ Ойл» жанармай бекеті нақты қай көшенің бойында орналасқаны анықталмаған. Осы мән-жайлар бірінші саты сотымен анықталып, тексерілмеген және істі қарау барысында ескерілмеген. Істiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар аталған мән-жайларды анықтау маңызды болып табылады.

ӘҚБтК-нің 829-11-бабына сәйкес сот iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мәнжайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, осы Кодекстің 741 және 742баптарында көзделген мән-жайларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама дұрыс жасалған ба, істің өзге де материалдары дұрыс ресімделген бе, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар, тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма, соны анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мәнжайларды анықтауға мiндеттi.

Осы ретте, бірінші саты соты ӘҚБтК-нің көрсетілген талаптарын орындамай, Х[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, баптың санкциясындағы Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығару түріндегі ең ауыр жазаны тағайындаған.

ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3)-тармағының негізінде құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан жергілікті соттың сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Іс бойынша шығарылған қаулы күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдануға жатады. Істі жаңадан қарау кезінде сот заң бұзушылықтарды жоюға, қосымша материалдарды сұратуға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мәнжайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады. ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2021 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

А. Қыдырбаева

Судьялар: М. Балкен

М. Таймерденов

Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.