Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/641 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/641

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар Г.М.Даулеткалиева, А.К.Есдаулетов, талап қоюшы А[...] және оның өкілі Б[...], жауапкердің өкілі Қ[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] «Шымкент қаласының прокуратурасы» мемлекеттік мекемесіне жауапкердің әрекетін заңсыз деп тану және бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

А[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жауапкердің бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беруден бас тартуын заңсыз деп танып, 2025 жылғы 29 тамыздан бастап 2026 жылғы 29 тамызға дейінгі кезеңге аталған демалысты беруді міндеттеуді сұраған.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкердің бас тартуы заңсыз деп танылып, талап қоюшыға көрсетілген мерзімге бала күтіміне байланысты демалыс беру міндеттелген.

Апелляциялық сатыдағы соттың 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Апелляциялық сот өз тұжырымын талап қоюшының бұрын берілген демалыстарды теріс пайдаланғаны, сондай-ақ 2025 жылғы 14 қазандағы бұйрықтардың күшінде болуымен негіздеген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық соттың тұжырымдарымен келіспей, оның материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы А[...] Шымкент қаласы Абай ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.

Талап қоюшының 2024 жылғы 31 тамызда туған Алинұр есімді жасы бірден асқан ұлы бар.

Ж[...].Акмулдаева жұмыс жасайды.

2025 жылғы 1 тамызда талап қоюшы қала прокурорының атына Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодекс) 100бабының талаптарына сәйкес 2025 жылғы 29 тамыздан бастап 2026 жылғы 29 тамызға дейін баланы бағып күтуге арналған демалыс беру туралы жазбаша өтінішпен жүгініп, баянатқа туу туралы куәлік, жұмыс орнынан анықтама тіркеген.

Жауапкер 2025 жылғы 27 тамызда кадр тапшылығын алға тартып, талап қоюшыға бала күтіміне байланысты демалысты беруден бас тартқан.

Еңбек кодексінің 100-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге ата-анасының таңдауы бойынша бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Аталған баптың 2-тармағына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі ұсыныла отырып беріледі.

Сондай-ақ, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 77-бабының 1-тармағына сәйкес жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс қызметкерлерге ақылы жыл сайынғы еңбек демалысынан тыс берiледi.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының заң талаптарын сақтай отырып өтініш бергенін және жауапкердің кадр тапшылығына сілтеме жасап бас тартуы заңда көзделмегенін дұрыс анықтаған.

Апелляциялық сот талап қоюшының бұрынғы демалыстар кезеңінде шетелге шыққанын құқықты теріс пайдалану ретінде бағалаған.

Алайда, қолданыстағы еңбек заңнамасында бала күтімі демалысы кезеңінде ел аумағынан шығуға тыйым салынбаған. Бұл мән-жай талап қоюшының құқықтарын шектеуге негіз бола алмайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4-6тармақтарында адалдық қағидаттары көзделгенімен, олар нақты дәлелдермен расталуға тиіс.

Іс құжаттарында талап қоюшының құқықты мақсатсыз пайдаланғанын растайтын дәлелдер ұсынылмаған.

Сондықтан апелляциялық соттың бұл тұжырымы болжамға негізделген және дәлелдемелермен расталмаған.

Сонымен қатар, апелляциялық сот 2025 жылғы 14 қазандағы бұйрықтарға сілтеме жасаған.

Алайда, аталған бұйрықтар талап қоюшының бастапқы өтініші негізінде қабылданбаған және олардың заңдылығы бөлек даудың нысанасы болып табылады. Сондықтан оларды осы іс шеңберінде талап қоюшының құқықтарын шектеу үшін негіз ретінде қолдану дұрыс емес.

АПК-нің 48-бабы мен 225-бабының талаптарына сәйкес сот талап қою шегінен шықпауға тиіс. Апелляциялық сот осы талапты сақтамаған.

Сондай-ақ, апелляциялық сот талап қоюшыдан мемлекеттік баж өндірген.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 668-бабының 3)тармақшасына сәйкес еңбек даулары бойынша талап қоюшылар мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Сондықтан бұл бөлікте де апелляциялық соттың тұжырымы заңға қайшы.

Осылайша, апелляциялық сот материалдық құқық нормаларын (Еңбек кодексінің 100-бабы) және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, бұл сот қаулысын заңсыз деп тануға негіз болады.

Ал бірінші сатыдағы сот іс мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеп, заң нормаларын дұрыс қолданған.

Мұндай жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күші жойылуға, талап қоюды қанағаттандыру туралы бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдыруға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 20 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Судьялар Г.Даулеткалиева

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.