ВС РК - Постановление от 25.11.2020 по делу 6001-20-00-3гп/335 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/335

ҚАУЛЫ

2020 жылғы 25 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.А.Сапарова, судьялар Б.Р.Ералиева, Р.А.Қуанышбаева, прокурор У[...], арыз беруші М[...],

жауапкердің өкілі М[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында арыз беруші М[...] «Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұрыңғы «Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі) мемлекеттік органның шешіміне және әрекеттеріне дау айту туралы арызы бойынша қабылданған

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2020 жылғы 16 сәуірдегі шешіміне және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 шілдедегі қаулысына «Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) өкілі Е[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

М[...] сотқа Басқарманың шешіміне және әрекеттеріне дау айту туралы арызымен жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2020 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен М[...] арызы қанағаттандырылған.

Басқарманың М[...] коммунальдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінен шығару туралы 2019 жылғы 26 қарашадағы № 02-41/431 бұйрығының бөлігі заңсыз деп танылған. Мемлекеттік органға жол берілген заң бұзушылықты жою және арыз берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру міндеті жүктелген.

Осы соттың 2020 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымымен бұйрықтың күні мен нөмірі 2019 жылғы 26 қарашадағы № 02-41/431 деген мәтіннен 2019 жылғы 7 қарашадағы № 02-41/405 деп түзетілген.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы өтінішхатында жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтіндігін, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, тұрғын үй қатынастарын реттейтін материалдық заңнаманы қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған. М[...] өтінішхатқа берген қарсы пікірінде сот актілері заңды және негізді қабылдануына байланысты, оларды күшінде қалдыруды сұрайды.

Сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, арыз берушінің қарсы пікірін, прокурордың дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуге жатады деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп және өтінішхат уәждерін зерделеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.

Іс материалдарына қарағанда, 1950 жылы 23 қазанда туылған М[...] 2009 жылғы 21 шілдеде «зейнеткер» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қойылған.

2019 жылғы 7 қарашада тұрғын үй комиссиясының отырысында арыз берушінің 2007 жылы сатып алып, 2019 жылы иеліктен шығарылған мүлкінің болуына байланысты тұрғын үй кезегінен шығарып тастау туралы шешім қабылданған.

Жергілікті соттар М[...] талабын қанағаттандыра отырып, уәкілетті органның арыз берушіні «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 73-бабында көзделген тұрғын үйге мұқтаждар есебiнен шығару негiздерi болмаған деген тұжырымға келген. Арыз беруші әлеуметтік қорғауды қажет ететіндердің қатарына жататынын, тұрғын үйін 420 000 теңгеге сатқанын, ол бағаға Нұр-Сұлтан қаласынан тұрғын үй сатып алуға мүмкіншілігі жоқ екенін ескерген.

Сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қорытындылары негізсіз, қолданыстағы тұрғын үй қатынастарын реттейтін заң нормаларына сәйкес келмейді деп санайды. Заңның 73-бабы 1-тармағының 3) тармағына сәйкес азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген жағдайда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.

2007 жылғы 4 маусымдағы заңдастыру комиссиясының шешімімен арыз беруші тұрғын үйді заңдастырған.

2019 жылғы 24 мамырдағы сатып алу-сату шартына сәйкес М[...] Шығыс Қазақстан облысы, [...] мекенжайындағы аумағы 0,22 га жер учаскесінде орналасқан жалпы көлемі 43,5 ш.м. тұрғын үй мен қосалқы құрылыстарын 420 000 теңгеге сатқан.

Арыз беруші өзінің меншік құқығындағы тұруға жарамды тұрғын үйін иелігінен шығарғандықтан, сондай-ақ бастапқыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне заңсыз қойылғандықтан, М[...] дау нысаны болып отырған бұйрықтың оны кезектен шығару бөлігін заңсыз деп тану туралы талабы қанағаттандыруға жатпайды.

Арыз берушінің үйді сатудан түскен 420 000 теңгеге астанадан баспана сатып алуға мүмкіндік жоқ екені туралы уәжі қабылдануға жатпайды.

АПК-нің 72-бабына сәйкес М[...] сотқа талаптарын негіздейтін, яғни сатылған тұрғын үйдің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі, авариялық деп танылғандығы және т.б. дәлелдемелер ұсынылмаған, бұл арыз берушінің процестік олқылығы болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот алқасы соттар істің мәнжайларын толық және дұрыс анықтады деп санайды, дегенмен материалдық заң нормаларын қолдануда қателік жіберілген.

Іс жаңа дәлелдемелерді зерттеуді қажет етпейтіндіктен, сот алқасы істі жаңа сот талқылауына жібермей, М[...] талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2020 жылғы 16 сәуірдегі шешімінің, Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.

М[...] арызы қанағаттандырудан бас тартылсын. Жауапкердің өкілі Е[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А.Сапарова Судьялар Б.Ералиева Р.Қуанышбаева Көшірмесі дұрыс Судья Р.Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.