КСАД РК - Постановление от 28.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/934 (Административное)

ҚАУЛЫ

28 мамыр 2026 жыл №6003-26-00-4к/934 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші М.А.Туғанбаев, судьялар – Ш.С.Манжуева, Г.Б.Дүйсенбаев болып, жауапкердің өкілі Ж.А.Есенкабыловтың, прокурор А.С.Камашевтің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Молайхонова Раъно Махаммаджановнаның (бұдан әрі – талап қоюшы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрілігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – жауапкер, Департамент) тексеру қорытындысы туралы 2 мамыр 2025 жылғы №106 актісін заңсыз деп тауып, күшін жою туралы, жер заңнамасының талаптарын бұзылуын жою туралы 2 мамыр 2025 жылғы №72 Нұсқамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызы бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2026 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының 2026 жылғы 26 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Молайхонова Р.М. жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2026 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымымен талап арыз Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінің 11 және 15-тармақтарының негізінде кері қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының 2026 жылғы 26 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талапкер соттардың процессуалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберуді сұрайды.

Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған талапкер сотқа келген жоқ.

ӘРПК-нің 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін, прокурордың дауланып отырылған сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген

қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Cоттар анықтағандай, Департамент тарапынан 24 сәуір 2025 жылғы №111 тексеру тағайындау туралы актісінің негізінде талап қоюшы Р.М. Молайханованың иелігіндегі Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі аумағында орналасқан жер учаскесінің пайдалану заңдылығына қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп және оның қорытындысы бойынша тексеру қорытындысы туралы 2 мамыр 2025 жылғы №106 актісі (бұдан әрі – Акт) түзілген.

Тексеру барысында жер учаскесінің бүлдірілгендігі, нақты айтқанда жер бетінің құнарлы топырағының сыдырылғандығы анықталып, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 65-бабының 1- тармағының 9-тармақшасының талаптары бұзылғандығы көрсетіліп, талап қоюшыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 337-бабына сәйкес 2 мамыр 2025 жылғы хаттама түзіліп, 15 мамыр 2025 жылғы №15 әкімшілік құқық бұзушылық қаулы қабылданып, талап қоюшының атына 2 мамыр 2025 жылғы Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы Нұсқама жіберілген (бұдан әрі – Нұсқама).

30 қазан 2025 жылы талап қоюшы Р.М.Молайханова сотқа талап арызбен жүгініп, талап арызында жоғарыда көрсетілген Акт мен Нұсқаманың күшін жоюды сұраған.

Жергілікті соттар аталған талап арызды ӘРПК-нің 138-бабының 2- бөлігінің 11 және 15-тармақтарының негізінде кері қайтара отырып, келесі жағдайды дұрыс ескерген.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 1 және 9-тармақшаларына сәйкес әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім; әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде, жергілікті соттардың бұл ретте, дау нысанасы болып әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске

асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ өзге түрде оның жағдайын нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) табылады, яғни, әкімшілік органның әкімшілік актісі немесе әкімшілік әрекеті (әрекетсіздігі) әкімшілік рәсімінің субъектісінің құқықтары мен міндеттерін іске асыруы не шектеуі мүмкін, демек, әкімшілік органның барлық актілері мен әрекеттерін (әрекетсіздіктерін) әкімшілік актілер немесе акімшілік әрекеттер/әрекетсіздіктер ретінде санауға болмайды деген тұжырымы орынды.

ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 11-тармақшасына сәйкес, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Бұл ретте, жергілікті соттардың талап қоюшы даулап отырған Акт әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымы заңды, сол себепті соттардың талап арыздың аталған бөлігін қайтаруы процессуалдық заң талаптарына толықтай сай келеді.

ӘРПК-тің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 15-тармақшасына сәйкес талап қоюшы осы Кодекстің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алса не сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Әкімшілік іс құжаттарынан дауланып отырылған Нұсқаманың Департамент тарапынан талап қоюшының атына АО «Казпочта» қызметі арқылы 2025 жылдың 25 маусымында жіберіліп, соңғысына 2025 жылдың 27 маусымында табысталғандығы көрінеді.

Жоғарыда көрсетілгендей, талап қоюшы талап арызбен сотқа тек қана 30 қазан 2025 жылы жүгінген, яғни осы арада заңда көрсетілген бір айлық мерізімді дәлелді себептермен өткізіп алғандығы туралы құжаттар ұсынбаған.

Бұл ретте, жергілікті соттардың талап қоюшы Нұсқаманы даулаудың процессуалдық мерізімін дәлелсіз себептермен өткізіп алған деген тұжырымы орынды, сол себепті талап арыздың аталған бөлігін қайтаруы да процессуалдық заң талаптарына толықтай сай келеді.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, және ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2026 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының 2026 жылғы 26 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Судьялар Манжуева Ш.С.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.